«Россия радиосының» тілшісі Димашқа тілге қатысты бірнеше сұрақ қойды

Жаңа жыл қарсаңында Димаш Құдайберген Ресейдегі мерекелік бағдарлама түсірілімдеріне қатысып, бірнеше БАҚ-қа сұқбат берді. Соның бірі — «Россия радиосына» берген сұқбатында Димаш қазақ тіліне қатысты журналисттің бірнеше сұрағына жауап берді, деп хабарлайды zakon.kz.

— … Сіз үшін «Славян базары» трамплин болды. Онда Гран-при ұтып аламын деп ойламаған да боларсыз. Сіз онда «Беловежская пуща» әнін орындадыңыз. Оны бұрыннан білесіз бе әлде байқау алдында жаттадыңыз ба?

— Мен оны бұрыннан айтатынмын…

— Ал үй-ішіңіз орыс тілінде сөйлейді ме? Дегенмен Сіздің туған жылыңыз орыс тілі посткеңестік кеңістікте тартымдылығы әлсіреп бара жатқан тұсқа сай келеді, жастар француз, ағылшын тілін меңгеруге ұмтылды. Өзіңіз де сегіз тілде ән саласыз ғой…

— Шет тілінде ән салу деген сол тілдің бәрін жетік білу дегенді білдірмейді…

— Кеңес Одағы ыдырағанда Сіз үште болған екенсіз. Бәрі жаппай шет тілін меңгеруге ұмтылған кез. Жалпы, үйіңізде орыс тілінде сөйлесесіздер ме?..

— Біздің үйде темірдей қатаң тәртіп бар. Атам да, әкем де, апам да, анам да бәрімізге қазақ тілінде сөйлеуді бұйыратын. Мен мұны дұрыс деп білемін. Әр ұлт өкілі, ең алдымен, өз ана тілін сыйлауы тиіс, әрине өз тілінде көбірек сөйлеуге тырысуы керек. Сондай бір өтпелі кезеңде еліктеушілікке бой алдырмай, қазақтілді жас болып өскенімді мақтан етемін.

— Дегенмен сіз шет тілінде ән салып жүрсіз ғой…

— Иә, италян тілінде опера, орыс тілінде романстар, немісше және тағы басқа тілдегі әндерді оқып жүргенде де, қазір де айтамын…

— Сізді танымал еткен ән қайсы деп есептейсіз?

— Француз әні S.O.S және көптеген байқауларда орындаған қазақ әні — «Дайдидау»…

— Оны Сіз «Славян базары» байқауында орындадыңыз ғой деймін, иә…

— Иә. Жартылай байқауда орындадым.

— Қазір оны қаншалықты жиі орындайсыз, ол көп тарапынан қаншалықты сұранысқа ие. Өйткені жаңа әндер шығып жатыр дегендей…

— Бірақ, «Дайдидау» әні менің өмірімде үлкен орын алады. Біз осы әнді кезекті бір халықаралық байқауға дайындап, оранжировкасын жасап жатқанда, ол әнмен бүкіл әлемді аралап, орындау туралы арманым болған еді. Осы ән стадион толы адамды жинап, шетелдіктер оны меніңмен бірге орындаса деп қиялға берілдім. Әлі есімде, бұл әнді «Славян базарында» орындаған кезде жартылай финалды «Ресей Бірінші телеарнасы» түсірмейтін болғанын білемін. Өйткені, әрине ол финал болмағандықтан. Әрине, кішкене көңілім бұзылды. Қазақ әнін осындай үлкен телеарнаның эфиріне алып шыға алмағаным үшін. Жастық амбиция, 19 ба әлде 20 жастамын ба, түсінесіз ғой мені (күледі). Осы байқауда Гран-при ұтып аламын. Осыдан кейін мені » Ресей Бірінші телеарнасы» түсіретін гала-концертке шақырады. Режиссерге жақындап келіп, олар таңдаған әнді орындамайтынмды, «Дайдидауды» орындайтынымды айтқаным әлі есімде. Ал олар маған өзге әнді орындауға кеңес берді. Өйткені…

— Өйткені қазақ тілінің қолданыс аясы шектеулі ғой…

— Иә, соны айтуға аузым бармай тұр ғой. Әрине, қазақ тілі ағылшын тілі емес, дегенмен өте бай әрі көркем…

— Ән салуға да өте жақсы, мен Сіздің орындауыңыздан байқаймын, құлаққа өте жағымды, әдемі әндер…

— Ақыры олар бұл концертті бұрынғы посткеңестік елдер көретінін, сондықтан басқа ән таңдауыма кеңес берді. Бірақ соған қарамастан мен оларды өз дегеніме көндірдім. «Дайдидауды» орындаймын, не болмаса ән салмаймын деп кесіп айттым…

— Мінез баршылық дейсіз ғой…

— Иә, періштедей емеспіз. Осы концертті ұйымдастырушыларға мені түсініп, бетімнен қақпай, наразылығымды тек жымия қабылдағанына, менің арманымның орындалуына ат салысқандары үшін өз ризашылығымды білдіремін. Сол жолы сондай мейірімді жандар жолықты маған.

(Сұқбаттың бұл үзіндісі төмендегі аудиожазбаның 19 минут 30 секундынан бастап үзіп алынғанын еске саламыз)

Сұқбаттың толық нұсқасымен төмендегі видеодан таныса аласыздар.