Рия деп — Аллаһқа бойұсыну арқылы адамдардан өзіне қандайда бір пайда күтуді айтамыз.
Имран ибн Хусайн адамзаттың Ардақтысының (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) хадистерінің бірін баяндап былай дейді:
«Шын мәнінде сендер үшін қорқатын нәрселерімнің ішіндегі ең қорқыныштысы – сендер кіші ширк жасап қоя ма деп алаңдауым». Сонда адамдар оның не екенін сұрағанда:
«Бір істі көзге көріну үшін жасау»,-деп жауап берген. Басқаша айтқанда, діни бұйрықтарды Аллаһ ризалығы үшін емес, адамдардың ілтипатына бөленейін немесе олардан пәлендей пайда алайын деген ниетпен жасаған кісі рия еткен болып есептеледі. Мұны қазақ:
«Қожа көрсін», «көз бояушылық» деп те айтады.
Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын):
«Кіш-кентай ширктен сақтаныңдар!» – деп ескерте келе, «кіші ширктің» не екенін сұраған сахабаларына: «Ол – рия», – деп жауап береді. Тағы бір хадисте Аллаһ Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) Қиямет күні амалына ширк қосқан адамға:
«Кім үшін істесең, сауабыңды содан ал!», – деп айтылатыны баяндалады.
Адам баласы «мен амалымды Бір Аллаһ үшін ғана жасап жатырмын» деп ойлағанымен де, өзі білмейтін «рия» амалы араласуы мүмкін.
Мұны байқамай, сезбей қалу қаупі тағы бар.
Ол жайында Пайғамбарымыз Мухаммад (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) бір хадисінде:
«Қараңғы түндегі қара тастың үстінде өрмелеген қара құмырсқаның байқалмағаны сияқты, рияның да ғибадатқа араласып кеткенін байқамай қаласыңдар»,-деп ерекше сақтандырады.
Сондықтан адам баласы әр ісінде толық ықыласты болып, кіші ширкке жататын рия амалдарда, өзгелерден ерекшеленуден қатты сақ болған абзал.

