«Республикалық және аймақтық баспасөзі: газеттердің ахуалы мен әлеуеті»

Өткен аптаның жұмасында Қр Ұлттық кітапханасында «Кітап Time 2026» жобасы аясында «Республикалық және аймақтық баспасөз: газеттердің ахуалы мен әлеуеті» атты тақырыппен дөңгелек үстел өтті. Бұл шараға газет журнал бас редакторлары, журналистер, ғалымдар, қоғам қайраткерлері және оқырмандар қауымы қатысты. Дөңгелек үстелді жазушы, Қр Ұлттық кітапханасының ғалым хатшысы Қанат Алтынбек жүргізіп отырды. Дөңгелек үстелдің пердесін ҚРҰлттық кітапханасының директоры, Қазақстан кітапханалар одағының төрайымы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі Ғазиза Нұрғалиева ашты. Ғазиза Құдайбергенқызы ҚР Президенті Қасымжомарт Тоқаевтың адами капиталды дамыту, қоғамның зияткерлік және мәдени әлеуетін нығайту, білім беру, тәрбиелеу және оқу-ағарту ісінің негізгі элементі кітап оқу мәдениетін насихаттау, зерделі ұлт қалыптастыру, сондай-ақ шығармашыл, жасампаз және бәсекеге қабілеті туралы тұлғаны дамыту үшін жағдай жасау бағытындағы қаулысын тілге тиек ете отырып, газет-журнал мәселесіне ерекше тоқталып өтті. Ұлттық кітапхана басшысы жыл сайын газет-журналдарды жаздырып алуға барынша тырысып, осы мәселеге қаржының аз бөлінгеніне қарамастан барлық басылымдарды қамтуға өте жауапты қарайтынын жеткізді. Әсіресе мемлекетіміздегі бас кітапхана басшысының күнделікті шығатын газет-журналдардың барлығын оқуға уақыт табатыны бізге қатты ұнады.

Содан кейін іле-шала сөйлеген халықаралық «Қазақстан дәуірі» газетінің бас редакторы, жазушы Ертай Айғалиұлы осы шараны ұйымдастырған кітапхана ұжымына алғысын жаудырды. Әсіресе ол дөңгелек үстелдің тақырыбының қазақ баспасөзінің бүгінгі хал жағдайына үндесіп отырғанын айтты.

«Біз бұл мәселені 2020 жылы пандемия кезінде көтердік. Осы қиын да ауыр шақтың басталғанына дабыл қағып, қазақ баспасөзі мерзімді басылымдардың басшыларын, басқа да әріптестерімізді шақырып, жинап дөңгелек үстел жасадық. Ол дөңгелек үстелге сонымен қатар «Қазпошта» басшыларын да қатыстырдық. Сөйтіп «Қазақ баспасөзіне қауіп төніп тұр!» деген тақырып аясында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа ашық хат жолдадық. 2022 жылы газетіміздің мерейтойында конференция жасап, тағы да ел басшысына хат жолдадық. Одан кейінде бұл өзекті мәселе күн тәртібінен түскен жоқ. Әріптестеріміз де, біз де дүркін-дүркін бұл мәселені көтеріп отырдық. Бұған ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі назар аударды. Министрлер БАҚ басшыларымен бірнеше рет кездесіп, талқыланды. Көптеген мәселелер жүзеге асты, заң шықты. Әлбетте қазақ басылымдарының жағдайы бұдан кейін біржолата жақсарып кете қойған жоқ. Басылымдардың таралымы азайған үстіне азайды. Қаржылық мәселесі қиындай түсті. Рас, төл министрлігіміз мемлекеттік тапсырыс мәселесін біршама жолға қойды. Бірақ ол бөлінген қаржылар қымбатшылықтың дәргейіне жетімсіз болып жатты. Әсіресе бізді қынжылтатын және баспасөзімізді тұралатып тұрған үш қиын мәселе бар. Біріншісі «Қазпоштаның тарату тарифын жыл сайын қымбаттатуы қабырғамызға аяздай батып отыр. Екіншісі басылымдардың баспаханада басылу бағасының қымбаттауы. Үшіншісі «Жазылуға мәжбүрлемеңіздер!» деген жоғары жақтан шыққан сөздің өмірімізде кеңінен жүзеге асып, осының салдарынан бюджет мекемелерінің газеттерге жазылуына есіктерін тарс жабуы. Бұл көкейтесті мәселелердің айтылуында кемшілік жоқ. Бізді қынжылтатыны әзірге бұл мәселелер шешілмей тұр. Қайта күн санап қазақ баспасөзінің жағдайы қиындап, осының кесірінен көптеген басылымдар жабылып та жатыр. Бұл үлкен қасірет деп білемін. Енді мінеки оншақты күннен кейін баспасөзге жазылу науқаны басталады. Министрлігіміз алдыңғы жылы жақсы бастама көтерген. Үлкен шара ұйымдастырып редакция басшыларын облыста оқырмандармен кездестірген. Осы бастама әрі қарай жалғасуы керек еді. Жалғаспады. Әзірге тұйыққа тіреліп тұрмыз. Министрлікке келген жаңа басшымыз АйдарҚырықбаев мырза осы көкейтесті мәселеге жаңаша көзқараспен қарап, біздің талаптарымызды дұрыс жолға қояды деген үміттеміз».

Балалар газетінің «Ұланның» бас редакторы Жадыра Нармаханова, «Ақжелкен» журналының бас редакторы Балжан Мұратқызы, «Балдырған» журналының бас редакторы Ерғали Бағаш өздерінің пікірлерінде осы айтылған мәселелер төңірегінде ой-толғамдарын ортаға салды. Әсіресе олар да мектепке кіре алмай қалғанын баса айтты. Ең болмаса насихат жүргізейік деп жалынып-жалбарынып барып мектептерге кіріп жүргенін журналистер ренішпен жеткізді. Сондай-ақ олар газет-журналдардың сапасын жақсартуда. Күн тәртібінен түсіруге тырысу қажеттігін де жеткізді.

Белгілі этнограф, журналист-жазушы Тиышбек Дайрабаев ағамыз газет-журналдарға жазылу бұрын да қиын болғанын, қазір де тіптен қиындап кеткенін ашына айтып, ойларын ортаға салды. Ол әсіресе мемлекеттік тапсырыстың басылымдардың сапасын түсіретінін, сондай-ақ бұл оқырмандардың азаюына әкеліп соғатынын қынжыла айтты. Облыс әкімшіліктері баспасөзге жазылу науқаны кезінде тізіп жасайтынын, ол тізімнен көптеген басылымдардың тысқары қалатыны туралы шындықты жайып салды. Ол кісі осы тізім мәселесіне Мәдениет және ақпарат министрлігі мән берсе деген ұсынысында ортаға салды. «Газет біздің өмірімізге өте қажет рухани дүние. Ғаламтор деген сынап сияқты. Бірде бар, бірде жоқ. Ол оқырманға шынайы мәлеметтерді, ақпараттарды нақты бермейді. Ал баспасөзде нақты дәлелдермен жазады. Біз осыны ескеруіміз қажет. Мен Ертай Айғалиұлының әрбір кітапхана бір-бір газет-журнал жазылса деген ұсынысын қолдаймын. Кітапханарухани орталық. Мен осы кітапхананың тұрақты оқырманымын. Күн сайын келіп бірінші кезекте жаңа газет-журналдармен танысып шығамын. Яғни оқырман баспасөзден қол үзген жоқ. Оқырманды оқуға мәжбүрлеу керек. Онсыз болмайды. Кітап оқу алдымен осы газет-журналды оқудан басталады. Әсіресе біздің болашағымыз балаларды, жас ұрпақты баспасөзді оқытуға үйретуіміз қажет. Бұл рухани дүниеміздің басты талаптарының бірі болуы тиіс» деді ғалым Дандай Ысқақов өз ойын ортаға салып.

Сөз соңында осы шараны ұйымдастырған Ұлттық кітапхана қызметкерлеріне тағы да алғыс айтамыз. Олардың айтуынша бұл шараға көптеген бас редакторларды, журналистерді шақырған. Баспасөзге жазылу науқанының алдында осындай ұйымдастырылған шараға бір кісідей келіп, ойларымызды ортаға салуымыз өте қажет еді. Ол кісілерді таралым мәселесі алаңдатпайтын сияқты» деген дөңгелек үстелдің модераторы Қанат Алтынбектің әзілінде шындық бар ма деп қалдық. Әйтпесе неге олар келмеді? Сондай-ақ бұл шараға Мәдениет және ақпарат, Оқу министрліктерінен, «Қазпоштаның» өкілдері келсе нұр үстіне нұр болар еді деген ой келді. Біз төменде кезінде өздері қол қойған Президентіміз Қ.Тоқаевқа арналған хатымызды жариялауды жөн деп таптық. «Илегеніміз бір терінің пұшпағы» дегендей әріптестеріміз бұл мәселеге түсіністікпен қарап, қолдайды деген сенімдеміз. Сондай-ақ Қазақстандағы облыстық, қалалық, аудандық газеттерінің бір топ басшылары атынан Абай облыстық «Абай аймақ» медиахолдингтің жетекшісі, Қазақстанның Құрметті журналисі Риза Молдашеваның ашық хатын да жариялап отырмын.

                                                                                  Шаргүл Қасымханқызы