Республикалық деңгейде үздік ондықтың қатарынан көрінген Жұлдыз

Батыс Қазақстан облысына қарасты Теректі ауданының тумасы Жұлдыз Бекмырза – болашағынан үлкен үміт күттіретін оқушылардың бірі.

Подстепный ЖОББ мектебінің 9-сыныбында оқитын Жұлдыз – оқу озаты, жас мобилограф. Түрлі білім додаларында топ жарып, жүлделі орындардан көрініп жүрген жеткіншекті ата-анасы мен ұстаздары да мақтан тұтады. Ол жас мобилографтар арасындағы сайыстың аудандық кезеңінде 1-орынды жеңіп алса, облыстық кезеңде 3-орынды иеленді. Мамандықтар байқауында да аудандық кезеңде жеңіске қол жеткізіп, облыстық кезеңінде жүлделі орынның бірін еншілеген. Ал «Табиғатты аяла!» форумында «Экоблогер» номинациясы бойынша аудандық және облыстық кезеңде жеңіс тұғырынан көрініп, республикалық кезеңге жолдама алған.

Осылайша республикалық деңгейде де өзінің білімі мен зеректігін мойындатып жүрген оқушы Жұлдыз жуырда тағы бір жеңісімен ұстаздарын қуантты. Ол Астана қаласында өткен «Балалар мен жасөспірімдер қозғалысы принципіндегі интерактивті алаң» атты республикалық форумға қатысқан БҚО командасының құрамында болған еді. Жерлестеріміз осы форумда командалық рейтинг бойынша бірінші орынды иеленсе, Ж.Бекмырзаның есімі үздік ТОП-10 қатысушының тізімінен ойып тұрып орын алды.

– Елордада өткен форумнан ерекше әсер алып, қуанышты көңіл күйде оралдым. Аталған іс-шара жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Шараның салтанатты ашылу рәсімінің өзі қатысушыларға үлкен мотивация берді. Форумның маңызы мен мақсаты кеңінен түсіндіріліп, әрбір үміткерге жаңа серпін сыйлады. Одан әрі түрлі тренингтер, пікірталастар және топтық жұмыстар ұйымдастырылды. Біз өз ойымызды еркін жеткізіп, көшбасшылық қабілеттерімізді дамыттық. Бұл шара бізге сапалы білім ғана емес, жаңа көзқарас пен айрықша шабыт сыйлады, – дейді зерек жас. Айтуынша, команданың өзге мүшелері де ұйымшылдықпен белсенділік танытқан. Олар – Аяна Хайрушева (дарынды балаларға арналған мамандандырылған №8 облыстық мектеп-лицейі), Динара Нұрпейс (Казталов мектеп-лицейі), Әминат Сағидолла (Жаңақала мектеп-гимназиясы), Мұқадас Сағынай (Шыңғырлау ауданы, Ащысай МББК).

– Біздің жеңісіміз – командалық еңбектің нәтижесі. Сонымен қатар жеке жобалар бойынша да өзімді сынап көріп, форум қатысушылары арасынан үздік 10 оқушының қатарына ендім. Бұл – мен үшін алдағы мақсаттарыма жетуге септігін тигізетін үлкен жетістік деп есептеймін. Жалпы бұл шара – мен үшін ұмытылмас тәжірибе болды. Осындай білімді, белсенді жастармен бірге болу – болашаққа деген сеніміңді арттырады, – деді кейіпкеріміз Ж.Бекмырза.

Ләззат САЛАУАТҚЫЗЫ

Батыс Қазақстан облысы