Республика бойынша жұмыспен қамтылғандардың 16 пайызы ОҚО-да

Халқы тығыз орналасқан Оңтүстік Қазақстан облысында жұмыспен қамту күн тәртібінде тұрған ең маңызды мәселелердің бірі болғандықтан, бұл шаруа жергілікті атқарушы органдардың назарынан бір сәтке де тыс қалған емес. Соның арқасында атқарылған тірлік те ауқымды. Айталық, 2011-2015 жылдар аралығында «Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» Бағдарламасы шеңберінде жанжақты әлеуметтік қолдаулар көрсетіліп, барлық жоспарлық көрсеткіштер орындалды. Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының келтірген деректеріне сүйенер болсақ, 2015 жылы атқарылған жұмыстар республикалық деңгейде бөлінген қаражаттың 14,6 пайызы осы облыстың үлесіне тиген. Бұл жалпы республика бойынша жұмыспен қамтылған азаматтардың 16 пайызы Оңтүстік Қазақстан облысының азаматтары деген сөз. Сондай-ақ, кәсіби даярлауды аяқтап, тұрақты жұмыспен қамтылғандардың 32,5 пайызы Оңтүстік Қазақстан облысының үлесінде.

Статистиканы сөйлетер болсақ, облыс халқын жұмыспен қамтамасыз ету жөніндегі 2016 жылға арналған кешенді жоспарға сәйкес жалпы 19 364,5 миллион теңге бөлініп, 57 200 адам қамтылатыны жоспарланған-ды. Осы жылдың 1 қазанына дейін 54 570 азамат әлеуметтік қолдау шараларымен қамтылды. Оның ішінде өздігінше жұмыспен қамтылғандардың саны 19 695 адам болса, жұмыссыздар — 34 875, аз қамтамасыз етілгендер — 5 194. Осы мерзім ішінде 9,7 миллиард теңге қаражат игерілді.

Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсия Темірбаева жасаған баяндамада белгілі болғанындай, бірінші, яғни «Инфрақұрылымды және тұрғын үйкоммуналдық шаруашылықты дамыту есебінен жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету» бағыты бойынша 541 жобаны, яғни білім беру, мәдениет, денсаулық сақтау, спорт, әлеуметтік салаларда күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүзеге асыру үшін республикалық бюджеттен 9,0 миллиард теңге бөлінген. Жобаны жүзеге асыру барысында 3 579 жұмыс орнын ашу жоспарланса, оның 1 949 адамын жұмыспен қамту орталықтары арқылы жүзеге асыру көзделген. Жалпы бұл салада 97 инфрақұрылым жобалар бойынша жөндеу жұмыстары басталып, 1 633 жаңа жұмыс орындары құрылды. Ал жұмыспен қамту орталықтары есебінен 877 адам қамтылды. 58 жоба өз жұмысын аяқтап, тапсыру актісімен қабылданды.

Екінші, яғни «Ауылда кәсіпкерлікті дамыту арқылы жұмыс орындарын құру және тірек ауылдарды дамыту» бағыты негізінде облыс бойынша биылға 7 247,776 миллион теңге бөлінсе, оның 7 237,5 миллион теңгесі 2072 адамды шағын несиелендіру жұмыстарына, 10,276 миллион теңгесі 514 адамды кәсіпкерліктің негіздерін оқытуға қаралған. Айтылып отырған мерзім ішінде 1 443 азаматқа 3 810,7 миллион теңге шағын несие берілді. Шағын несиеленген азаматтар қатарынан жұмыспен қамту орталығы арқылы қосымша 1 451 жаңа жұмыс орны ашылды. Кәсіпкерлік негізінде 514 адамды оқыту жоспарланып, 529-ы немесе оқуын аяқтап, көрсеткіш 102,9 пайызға көтерілді. Жоспарға сәйкес қаралған қаржы толығымен игерілді.

Үшінші бағыт «Жұмыс берушінің қажеттілігі шеңберінде оқыту және қоныс аудару арқылы жұмысқа орналасуға жәрдемдесу» деп аталады. Бағдарлама шеңберінде 34 221 қатысушыға жұмысқа орналасуға жәрдем берілді. Мамыр айынан бастап жұмыс берушілердің сұранысы бойынша қайта даярлау курсына жолданған 500 адамның 498-і оқуды аяқтап, оның 487-і тұрақты жұмыспен қамтылды. Сонымен қатар, тамыз айынан бастап 55-64 жас аралығындағы 315 жұмыссыз азамат қайта даярлау курсына жолданды. Жұмыс берушілерге өнеркәсіптік кәсіпорындарда жұмысшыларын оқытуға грант бөлу жұмыс орындарын сақтай отырып қайта даярлау курсын ұйымдастыруға 60,3 миллион теңге қаржы бөлініп, оған 525 жалдамалы қызметкерлер қайта даярлау курсы бойынша жолданды. Жұмыс орнын сақтау шартымен 18-24 жас аралығындағы жұмыс істейтін жас қызметкерлерге жалақы сақталмайтын қайта даярлау курсын оқытуға 86,4 миллион теңге қаржы қарастырылып, тамыз айынан бастап 762 жалдамалы жастарға қайта даярлау курсы ұйымдастырылды. Одан бөлек білікті мамандардың жұмыс уақыты мен жалақысы қысқартылғандар үшін 145 адамға 17,3 миллион теңге уақытша субсидиялауға қаржы қаралған.

Әлеуметтік жұмыс орындарын ашу бойынша осы жылдың 1 қазанына дейін 628 кәсіпорынмен келісімшарттар түзіліп, 4 931 нысаналы топтағы азаматтарға әлеуметтік жұмыс орындары ашылды. Бұл жылдық жоспардың 123,3 пайызын құрайды. Орташа жалақылары — 51,5 мың теңге. Мерзімінен бұрын аяқтаған 1 255 адамның 1 239-ы тұрақты жұмыспен қамтылды. Айтылып отырған мерзім ішінде жастар практикасын ұйымдастыруға 1 541 жұмыс берушілермен келісімшарттар түзіліп, оларға сәйкес 5 103 жас қамтылды. рактиканы мерзімінен бұрын аяқтаған 3 058 адамның 2 254-і тұрақты жұмыспен қамтылды. Биылға 8263 адамды ақылы қоғамдық жұмыстарға жіберу жоспарланса, 1 қазанға дейін 6 241 адам уақытша жұмыспен қамтылды. Облыстың әлеуеті төмен елді мекендерінен 1,5 мың адамды құрайтын 480 отбасы қоныс аударды. — Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде, 2016 жылдың 2 тоқсанындағы статистикалық мәліметтерге сәйкес жұмыссыздық деңгейі 5,2 пайызды, 15-28 жас аралығындағы жастардың жұмыссыздық деңгейі 3,6 пайызды, әйелдердің жұмыссыздық деңгейі 6,4 пайызды құрады, — дейді өз баяндамасында басқарма басшысы Ә.Темірбаева.

ТӘУЕЛСІЗ ЖЫЛДАРДАЙЫ ДЕРЕК ПЕН ДӘЙЕК:

Оңтүстік Қазақстан облысында 2000 жылы халық саны 1993,0 мың болса, 2016 жылдың 2 тоқсанында 2861,3 мың адамға жетті. Өсім — 40 пайыз.

Экономикалық тұрғыдан белсенді халықтың саны 2000 жылы — 826,7 мың, 2016 жылдың 2 тоқсанында — 1209,1 адам.

Жұмыспен қамтылған тұрғындар саны 2000 жылы 708,1 мың адамнан 2016 жылдың 2 тоқсанында 1146,7 адамға ұлғайды.

Өздігінше жұмыспен қамтылғандар саны 2001 жылы — 404,1 мың, 2016 жылдың 2 тоқсанында — 498,2 мың адам. Өсім — 23 пайыз.

Жұмыссыздардың саны 2000 жылы — 118,6 мың, 2016 жылдың 2 тоқсанында — 62,3 мың адам. 47,5 пайыз төмендеген.

Жұмыссыздық деңгейі 2000 жылы — 14,3 пайыз, 2016 жылдың 2 тоқсанында — 5,2 пайыз, жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 2000 жылы — 16,2 пайыз, 2016 жылдың 2 тоқсанында — 3,6 пайыз.

Тіркелген жұмыссыздар саны 2000 жылы — 16,4 мың, 2016 жылдың 1 қазанына 13,8 мың адамды құрады.

Тіркелген жұмыссыздардың деңгейі 2000 жылы — 1,9 пайыз, 2016 жылдың 1 қазанына — 1,1 пайыз.

Халық жан басына шаққандағы номиналдық ақшалай табысы 1995 жылы — 886 теңге, 2016 жылдың 1 тоқсанына 43 729 теңгені құраған. Өсім — 49,3 есе.

Ең төменгі күнкөріс деңгейінің мөлшері 1998 жылы — 3413 теңге, 2016 жылдың 2-ші тоқсанында — 19 566 теңге. Өсім — 5,7 есе.

Күнкөріс деңгейінен төмен табысы бар халықтың үлесі 2000 жылы — 52,8 пайыз, 2016 жылдың 2-тоқсанында — 5,2 пайыз.

Кедейлік шегінен төмен табысы бар халықтың үлесі 2000 жылы — 13,7 пайыз, 2016 жылдың 3-ші тоқсанында — 0,03 пайыз.

Мұқтаж азаматтарға әлеуметтік көмек көрсетуге мемлекет тарапынан бөлінген қаржы 1993 жылы — 35,0 миллион теңге, 2016 жылы — 5,0 миллиард теңге.

Тәуелсіздік жылдары орташа айлық жалақы 2010 жылы — 57,5 мың теңге, 2016 жылы — 103,2 мың теңге. Өсім — 79,0 пайыз.

Мемлекеттің қолдауымен кәсібін дөңелеткендер артып келеді

Оңтүстік Қазақстан облысында «Жұмыспен қамту — 2020» бағдарламасы бойынша биыл 7 миллиард теңгеден астам қаражат бөлініп, оның 3,8 миллиард теңгесі «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» арқылы таратылды. Бұл туралы журналистерге баяндаған «Ырыс» микроқаржы ұйымының директоры Хилола Назарметова «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» арқылы берілетін несиенің ең жоғарғы сомасы 3 миллион теңгені құрайтынын айтты. Ал «Ырыс» микроқаржы ұйымы арқылы таратылатын несиенің максималды сомасы — 6,0 миллион теңге. Жылдық сыйақысы — 7 пайыз. Несие 54 айға дейін беріледі.

— «Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» бағдарламасы аясында несие алуға ниет білдірген азаматтардың жағдайы, жобасы ең алдымен бағдарламаның талаптарына сай келу керек. Несие алушыларға қойылатын негізгі талаптар: жобаны іске асыратын орынның болуы, несие тарихының таза және соңғы 12 ай ішінде төлемі кешіктірілген несиесі болмауы шарт. Айта кетейік, өңірімізде 2011-2013 жылдар аралығында «Ырыс» микроқаржы ұйымы арқылы аталған бағдарлама аясында 2,1 миллиард теңгеге 1003 жоба қаржыландырылған. Оның ішінде мал шаруашылығы бойынша 1,8 миллиард теңгеге
888 жоба, егін шаруашылығы бойынша 106,5 миллион теңгеге 44 жоба, ал әртүрлі қызмет түрлері бойынша 150 миллион теңгеге 71 жоба қаржылай қолдау тапқан, — дейді Хилола Назарметова.

Иә, мемлекеттің қолдауымен бизнесін бастап, әжептәуір жетістіктерге жетіп жатқан шаруалар қатары оңтүстікте жылдан-жылға артып келеді. Нәтижелі бұл іс алдағы уақытта да жалғасын таба беретініне жергілікті билік өкілдері сенімді.

Жастар практикасы бойынша 2 5 жас жұмысқа тартылған

Еліміздің болашағы жастар екенін ескерсек, оларға жоғары білім беріп, жұмыспен қамту өте маңызды шаруа. Оңтүстік қазақстан облысында бұл мәселеге айрықша көңіл бөлудің арқасында жыл басынан бері мың жас тұрақты жұмысқа орналасты. Бұл туралы журналистермен бір кездесуінде мәлім еткен облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасы жастармен және жастар қоғамдық бірлестіктерімен жұмыс жөніндегі бөлімінің басшысы Мұхтар Сейтжапбаров мәлім еткен болатын.

Тәуелсіздіктің 25 жылдығында жастардың жан-жақты дамуы мен әлеуметтік-экономикалық жағдайларын жақсарту мақсатында түрлі мемлекеттік бағдарламалар жасалуда. Солардың бірі — 2011 жылдан бастау алған «Жастар практикасы» бағдарламасы. Осы бағдарлама аясында бүгінгі күнге дейін облыста 24 775 жас жұмысқа тартылып, оның 10 мыңға жуығы тұрақты жұмысқа орналасқан. Ал жыл басынан бері Жастар практикасын ұйымдастыруға 1 361 жұмыс берушілермен келісімшарттар түзіліп, нәтижесінде 4069 жас жұмысқа тартылды. Студент жастардың жазғы мезгілде бос уақыттарын тиімді өткізу үшін жыл сайын әрбір аудан, қалада «Студенттік құрылыс жасақтары» мен «Жасыл ел» еңбек жасақтары жұмыс жасайды. Соңғы 3 жылда қайтадан жанданған студенттік құрылыс жасақтарына облыстағы 1358 жас тартылса, биыл бұл бағытта 500 жас жазғы еңбек жұмысына жұмылдырылған. Сондай-ақ, «Жасыл ел» еңбек жасақтарына 2004 жылдан бері 12 мыңнан аса жас жазғы еңбек маусымында жұмыс жасағанын айрықшалап айтуға болады. Ал осы жылы жазғы маусымдық жұмыста 686 студент еңбек етті. Мұхтар Сейтжапбаровтың айтуынша, Тәуелсіздік алған уақыттан бері облыс жастарының саны 200 мыңға өскен. Нақты айтқанда, 1991 жылы өңірде 14-29 жас аралығындағы жастар саны 502 мыңға жуық болса, осы жылы 767 963 жасты құрап отыр. Бұл еліміздегі бірқатар облыс тұрғындарының жалпы санымен салыстырғанда әлдеқайда артық.

 Дайындаған — Шадияр Молдабек