Ресми ақпарат

2024 жылғы 31 қаңтарда сағат 10:47 – де Жуалы ауданының Нұрлыкент ауылының маңында «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» Республикалық маңызы бар автожолының 567 шақырымында ауа райының қолайсыздығына байланысты (көктайғақ, көрінудің шектелуі, боран) 26 автокөліктің (4 жолаушылар автобусы, 4 жүк автомашинасы және жеңіл автомобильдер) қатысуымен жол-көлік оқиғасы орын алды.
Қаза тапқандар жоқ.
Б. Момышұлы ауылындағы орталық аудандық ауруханасына сағат 17:45-ке дейін 26 адам жеткізілді, оның 4-і реанимацияда. Жағдайлары ауыр. Ауыр жағдайдағы бір науқасты санавиация арқылы облыс орталығына жеткізу ұйымдастырылды.
Нұрлыкент ауылының Мәдениет үйінде жылыту пункті ұйымдастырылды, онда қазіргі уақытта 19 адам, оның ішінде 5 бала бар. Олар ыстық тамақпен, төсек-орынмен қамтамасыз етілген.
Оқиға орнында Жуалы ауданының әкімі Жалғас Мұртаза, полиция департаментінің бастығы Арманбек Баймурзин болып, ТЖД бастығының орынбасары Руслан Орынбеков барды.
Қазіргі уақытта «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» трассасының 593-тен 534 км-ге дейінгі бөлігінде жол ашық.
Жолдарды тазарту жұмыстары жүргізілуде.