Ресейлік кәсіпкермен келісті

          Шымкентте жекелей инвесторлардың көмегімен жұмысын бастаған «Заря» атты серіктестік бес жылдан бері аяқ киімдер тігіп, сатумен айналысып келеді. Жұмысын шағын ғана бөлмеде отырып бастаған олар бүгінде шымкенттік тұтынушыларға кеңінен танымал болып үлгерді. Өйткені, олардың тауарлары сапалы, әрі бағасы арзан.

Олардың аяқ киім тігу тәсілдері де қарапайым. Кәдімгі қайыстарды қолменен қиып, сол жерде тігін машиналарымен аяқ киім тігеді. Өз өнімдеріне тек таза былғарыны пайдалануда. «Заряның» мектеп жасындағы балаларға арналған аяқ киімдері 4 мың мен 8 мың теңге аралығында сатылуда.

«Заря» өнімінің сапасы мен бағасының тұрақтылығы шетелдіктердің де назарын аударып үлгеріпті. Жуырда аталмыш серіктестікке Ресей кәсіпкерлері келіп келіссөздер жүргізді. Енді екі жақ бірлесе жұмыс істеп, сеіктестік жұмысын жандырмақ. Ресейліктер, «Заря» өнімін өз елдерінде сатуды қолға алмақ.

Серіктестіктің ерлерге арналған аяқ киімдерінің бағасы 5-10 мың теңге аралығында болса, әйелдерге арналған аяқ киімдерінің бағасы 5-15 мың теңге төңірегінде.

Шалқар Бек, Оңтүстік Қазақстан облысы.