Ресейде қазақ тілінің жоқтаушысы қайтыс болды

«Челябі жақтан қаралы хабар жетті. Троицк қаласы түбінде орналасқан Нижняя Санарка ауылында тұратын Диқан Мусин ақсақал сексен жасқа қараған шағында о дүниелік болыпты. Кішкентай ғана ауылда тұрса да, ағамыз Челябі облысындағы қазақ диаспорасы арасында ана тілді, ұлттық дәстүр-салтты сақтау ісіндегі діңгектерінің бірі еді. Оңтүстік Урал жерінде қазақтың ұлттық мәдени шаралары Диқан ағайсыз өтпейтін. Ол көп жылдар бойы Троицк ауданындағы «Мұрагер» қазақ ұлттық-мәдени орталығын басқарды. Селодағы балаларды жинап, қазақ тілі мен домбыраны үйретті. Диқан атасының үйретуімен Нижняя Санарка селосының балалары қазақтың ұлттық спорттық ойыны – асық ойнап өсті», – деді ол.

Жазбаның соңында журналист жыл сайын Троицк маңында Наурыз мерекесінің лайықты аталып өтетінін,  биылғы мейрамның Диқан Мұсаұлы үшін соңғы жыл бастауы болғанын айтып, ақсақалдың отбасына, туған-туыстарына, Челябі жерінде ана тіліміз бен ұлттық дәстүрдің сақталуына атсалысып жүрген ағайынға көңіл айтатынын жеткізді.

«Ағайдың мәңгілік мекені жұмақтан болсын», – деді ол.