Ректор студенттермен ақылдасып, кеңесті

ҚазҰПУ жаңалықтары

Жақында Абай атындағы қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ректоры, профессор Такир Балықбаев студенттермен кездесу өткізді. Кездесу барысында университет студенттерінің оқу үлгерімі мен оқудан тыс уақыттағы тәртібі туралы мәселе сөз болды. Ректор студенттерге университеттің қоғамдық жұмыстарына белсене араласуы олардың жан-жақты интеллектуалды дамуына зор ықпал ететініне тоқталды. Сонымен қатар студенттердің сабаққа қатысуы мен қысқы сессияның қалай өтетіні туралы да баяндап берді.  Студенттер өздерінің көкейінде жүрген сауалдарын ректорға жолдап, тұшымды жауаптар алды. Студенттердің көпшілігі университетте мәдени іс-шаралар көптеп ұйымдастырылса деген тілектерін де жасырмады. Сөз соңында университет ректоры Т.Балықбаев студенттердің барлық тілектері алдағы уақытта толықтай орындалатынын, сонымен бірге тұңғыш жоғары оқу орынының студенттері белсенді де білімді болу керектігін айтты.

Кездесуге оқу ісі жөніндегі проректор Асан Сәтмұрзаев, тәрбие ісі жөніндегі проректор Жанатбек Ішпекбаев және тәрбие басқармасының бір топ белсенді жастары  қатысты.

Урбанизация — ұлттық экономиканың қозғаушы күші

Абай атындағы ҚазҰПУ Жаратылыстану және география институтының Елтану және туризм кафедрасында доцент, география ғылымдарының кандидаты Қастер Сарқытқанның ұйымдастыруымен » Урбанизациялау — ұлттық экономиканың қозғаушы күші» тақырыбында дөңгелек үстел болып өтті.

Оның басты мақсаты Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2017 жылғы «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты халыққа Жолдауы мен «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында көтерілген бастамаларға үн қосу және оны ғылыми ортада теориялық және практикалық тұрғыда дәйектеу болатын.
Дөңгелек үстел доцент Қастер Сарқытқанның 2 курс магистранттарына оқитын «Қалалар географиясы» пәнінің негізінде өткізілді.
Аталмыш шараға География мамандығы бойынша 2 курс магистранттары мен Елтану және туризм кафедрасының ұстаздары Дариға Жангелдина, Талғат Ошанұлы, Гүлмира Ертісқызы, Гаухар Абдикаримова, Дина Мелісқызы және басқа да жас оқытушылар мен қонақтар қатысты.
Дөңгелек үстелде:

— «Урбанизациялау ұлттық экономиканың дамуына ықпал ету механизмі», — «Қалалар ауруы» саналатын урбанизациялаудың әлемдік деңгейдегі теріс әсерлерін қалай бағалауға болады тақырыптары бойынша мәселелер талқыланды.

— Қазақстандық урбанизациялау үрдісі оның қайсы түріне жатады және еліміздегі бұл мәселенің дамуы мен болашағы қалай? деген мәселелер бойынша талқылау болып өтті.

Сонымен қатар дөңгелек үстелде Қастер Сарқытқанның ғылыми тақырыптары бойынша әріптесі Мажар ғалымы, мәдениет және туризм саласының маманы Андрас Тросани мырзаның «Қалалар жаңғыруындағы мәдени экономика мен туризмнің рөлі»  тақырыбындағы еңбегі бойынша көптеген пікірлер айтылды.

 

 

Елбасы кітапханасының жылжымалы көрмесі

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының кітапханасы Президент күні және Тәуелсіздік мерекесіне орай Алматы қаласында «Н. Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» жылжымалы көрмесінің аясында бірнеше  ғылыми-білім беру іс-шараларын өткізді.

Осы жобаның бір тармағы ретінде Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде студенттер мен оқытушыларға арналған  «Қазақстан жолы: «Мәңгілік Ел» семинар-тренингі болды.

Семинар-тренинг  «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясының аясында құрылған «Көшбасшы әлемі» моделін, Мемлекет басшысының саяси және ел басқару тәжірибесін, қазақ мемлекеттігінің негізін қалаған Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н. Назарбаевтың тұлғалық қырларын ашып көрсетуге арналды. Курс аясындағы тренингтер мен тәжірибелік сабақтар жастардың көшбасшылық қасиетін қалыптастырып, жобалық және сын тұрғысынан ойлау қабілетін дамытуға, отанға деген сүйіспеншілігін арттыруға, азаматтық жауапкершілігін күшейтуге бағытталды.

Семинар-тренингті ашқан Елбасы кітапханасы директорының орынбасары Әмірбек Рахымжанов Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың тәуелсіз мемлекет орнату жолындағы ерен еңбегіне, көшбасшылық дарынына тоқталды. Философия ғылымдарының докторы, профессор Ғазиз Тұрысбекұлы Телебаевтың, тарих ғылымдарының кандидаты Сағынтай Кеңесқызы Бердағұлованың «Мәңгілік Ел» жолында: тарих пен тағылым», «Тәуелсіздік және ұлттық қауіпсіздік», «Индустрияландыру және жалпыға ортақ еңбек қоғамы», «Жалпыұлттық бірлік, тарих ортақтығы және жоғары руханият» тақырыбындағы лекциялары және педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент Күнсұлу Серікқызы Исінова мен Күнзия Ағымбайқызы Үмбетова өткізген «Елбасы әлемі» тұжырымдамалық моделінің үш құраушысы: «Тұлға», «Саясаткер», «Жасампаз» ( Елбасының саяси философиясы), «Болашағы бір ұлт өкілінің қасиеттері» тақырыптарындағы тренингтер мазмұндылығымен назар аударды.

Абай атындағы ҚазҰПУ-да Елбасы кітаптарының және Елбасы туралы еңбектердің көрмесі болды.

Семинар-тренингке университет ректоры, профессор Такир Оспанұлы Балықбаев қатысып, Елбасы кітапханасы қызметкерлері мен лекторларына алғыс айтты.

 

Мырзахан АХМЕТОВ,

Абай атындағы ҚазҰПУ