Ректор белсенді студенттермен кездесті

 

vstrecha-so-studentami-2016-3 (1)Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде соңғы кездері жақсы дәстүр қалыптасқан. Ол белсенді жастардың университет басшысымен жиі кездесіп, әңгіме-сұхбаттың ашық алаңын қалыптастыру. Осындай жанға шуақ, көңілге қуат сыйлар басқосу 28 наурыз күні университетіміздің оқу-зертханалық ғимаратында ректор Ерлан Сыдықовпен өтті.

Кездесуге ЕҰУ-дің әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі проректор Дихан Қамзабекұлы, Ардагерлер ұйымының төрайымы Күлзира Ысқақова,  әлеуметтік және азаматтық даму жөніндегі департамент директоры Әлібек Мәдібеков, Студенттер үйінің директоры Еркебұлан Нұғыманов және А.Мұстафаев, Т.Сүйіндіков, Н.Орынбай, А.Құмарбекова, А.Қалиева, Д.Сәдуақасова, Д.Қазбек, К.Цой, Е.Абрамович, М.Әділова, А.Жарасбекова, А.Жұмағалиева, А.Кәкен секілді бір топ белсенді студенттер қатысты.

Кездесуде болашаққа бастайтын Нұрлы жолдың бағыттары мен ғылым, білім және мәдени даму жайы кеңінен қозғалды. Сонымен қатар кешегі өткен сайлаудың қорытындысы сөз болып, ерекше айтылды. Өйтетін де жөні бар, себебі, бір ұжымнан үш депутаттың сайлануы сирек кездесетін жағдай: бірінші проректор Жәмилә Нұрманбетова – ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, ректор Ерлан Сыдықов  пен докторант Асхат Оралов – Астана қалалық мәслихатының депутаттары.

Белсенді жастармен кездескен Ерлан Бәтташұлы биылғы жылдың ерекшеліктерін атай келіп, Тәуелсіздіктің 25 жылдығы мен Еуразия ұлттық университетінің 20 жылдығына ерекше мән берді. Сондай-ақ, университет белсенділеріне «Кітап қалай жазылады?» атты жинағын қолтаңбасымен  тапсыра отырып, Астана қалалық мәслихаты депутаттарын сайлауында сенімді  өкілі ретінде сайлауалды жұмыстарының жүзеге асуына және еліміздің қоғамдық-саяси өміріне белсенді қатысқаны үшін жастарға шынайы  алғыс білдірді. Алғыс хатта «деніңе саулық, ата-анаңа амандық, оқуың мен бастамаларыңа сәттілік тілеймін» деген жолдар бар.

Ашық-жарқын әңгіме барысында жастар өз ойларын іркіп қалмай, әдемі де әсерлі жеткізе білді. Кездесу соңында оқу орнының басшысы Ерлан Бәтташұлы алдағы уақытта атқарылатын бірқатар шаруалар мен мәдени іс-шараларға тоқталып өтті.

«ЕлАна» ақпарат