Қызыр және Қарақшы, немесе кімді күтсең сол келеді…

Біз бұрын үйге келген бейтаныс адамды қызырға балайтынбыз. Оның қызыр болатын да жөні бар. Себебі… Иә. Аталарымыз айтпақшы: «Қырықтың бірі — қызыр». Бұдан қазақы үй есігін қаққан қонақтар санының кем дегенде қырықтан асып жығылатындығын бағамдауға болады. Иә, ол кезде біз үйіміз төріне озған адамның бәрін қызыр деп танитынбыз.
Себебі, ол дәуір адамдарында жаманшылық туралы ұғым да, түсінік те болмайтын. Жаманшылық болмаған соң оған телініп айтылатын: алдау-арбау, өсек-өтірік, қулық-сұмдық, кесапаттық, қарақшылық сияқты кінәраттардан да ада болатын. Сондықтан қазақы ұғымдағы ең айлакер ұры — есіктің бауын кесіп, үйге ұрықсатсыз кірген адам.
Тіпті ол кезде балалардың өзі қорқыныш дегенді түсінбейтін. Өйкені бүткіл ұлттық түсінікте ондай ұғым жоқ. Сондықтан әлгіндей ұғымды балаларға ішінде мыстан кемпірі бар ертек ойлап шығару арқылы түсіндіруге тура келді. Қазақы түсінікте жаманшылық деген ұғымның жоқтығы сонша, есік алдында жатқан алпамсадай қасқыр алатын итін де «адам қаппайды»деп байламай бос жіберетін. Сол байырғы түсінікпен қазір де адам жеп қоятын итімізге «ешкімді қаппайды» деп сенім білдіріп қоятынымыз бар.
Ал біз оған сенбейміз. Сенбеген дұрыс. Ол ит міндетті түрде қабады. Себебі… Дұрыс. Ит те иесіне тартады. Қазіргі қазақ — бұрынғы қазақ емес. Қазіргілер сырттан қызыр емес, тек қарақшы келеді деп күтеді. Ол енді рас. Кімді күтсең, сол келеді.
Бұдан біз ішкі өзгеріс пен сыртқы өзгерістің ұдайы үндесіп тұратындығын бағамдаймыз. Сонда біз қалай өзгердік? Мән берсек, біздің әуелі сыртымыз, яғни бізді қоршаған әлем өзгереді. Біз сол әлемге бейімделдік. Ал ол қандай әлем, яғни қандай қоғам еді? Оны білеміз.
Заман өзгерді. Жаңа дәуір басталды. Біз тағы да іштей де, сырттай да өзгеріске түсе бастадық. Оның үстіне біз әуелгі өзгерістен де әлі арыла қойғанымыз жоқ. Ол өзгеріс нәтижесінде біз дінсіздікке бой алдырған болатынбыз. Бүгінгі жүріс-тұрысымыз, ішіп-жеміміз, бір сөзбен айтқанда, бәрімізге тән ұлттық болмысымыз сол әуелгі өзгеріс нәтижесінде қалыптасты. Ал бүгінгі өзгеріс нәтижесінде біз сол өзінің әу бастағы ұлттық болмысынан ажыраған адамды, яғни сіз бен бізді намазға жығуға әрекет етудеміз. Сонымен қатар оның бойына бізді жаңаша сипатта баурай бастаған араб елдеріне тән діни танымды дарытпақпыз.
Ал дарыттық. Сонда ол кім болады? Сіз қалай ойлайсыз, ол бұрынғы есігін қаққан адамды қызырға балайтын қазақ бола ма? Әрине, болмады. Біздің «Әуелі қазақ болып алайық» дейтіндігіміз сондықтан

Құдияр Біләл