ҚЫЗ ТӘРБИЕЛЕП ОТЫРҒАНДАРҒА АРНАЛАДЫ

1) Қызға ата-анасын, туған туыстарын қадірлей білуді, сыйлауды үйретіңіз. Әкесінің сөзін бөлмеуін, ер адамның алдын кесіп өтпеуін қадағалаңыз. Қыз бала аға-бауырларына жаны ашып тұратын болсын. Сонда ғана одан болашақта өз шаңырағын ардақтайтын, балаларын жақсы көретін қамқор ана, қайратты жан, нәзік ару шығады.

2) Қызға тән иба мен әдепті, ұялу мен қымсынуды кішкентай кезінен-ақ санасына сіңіріңіз. Мұның саналы ұрпақ тәрбиелеуде де үлкен септігі тиері анық.

3) Білім беретін ұстазына көңіл бөліңіз. Өйткені, сізден кейінгі тәрбие тізгіні – мұғалімнің қолында. Бұл өз мойныңыздан барлық жауапкершілікті ысырып тастау емес, қайта қызыңыздың мінез-құлқының дұрыс қалыптасу сатысын екі есе жіті бақылауға алатын мерзім екенін ұмытпағаныңыз жөн.

4) Өмірге деген қызығушылығы оянып, «білсем», «көрсем» деген кезінде оның іс-әрекеттерін дұрыс арнаға қарай бағыттай біліңіз. Бұл кезде дәмді ас дайындау, тігін тігу, қонақ күту сынды үй жұмыстарына қолғабыс жасағаны абзал. Оның жүріс-тұрысының сыпайы болуын ескеріңіз. Сөйлегенде де, күлгенде де әдеп сақтауын қадағалаңыз.

5) Қыз – нәзік жаратылыс. Жаулықтының табиғатына биязылық пен сыйпайылық тән. Сондықтан еркекшора болып кетпеуін, өз табиғатына сай істермен айналысуын қадағалаңыз.

6) Қайнаған қоғам қызығына елітіп, үлкен өмір дастанын енді ғана парақтаған ерке қызыңыздың бірге жүрген құрбы-құрдастары, дос-жарандары, араласатын ортасына абай болыңыз. Өсті, енді өзі біледіге салып, мән бермей қойсаңыз, құзғындар құрған тұзаққа өзіңіз жол ашып бергендей боласыз.

7) Қызыңызды құтты орнына қондырып, оны жақсы адамға тұрмысқа беру – мойныңыздағы үлкен жауапкершіліктің бірі. Сондықтан күйеу балаңыздың ақыл-парасатын, ерік-жігерін, болмысы мен тектілік тұғырын сүзгіден өткізіп барып қана оған келісіміңізді беріңіз.

Себебі, Алла Елшісі (ﷺ):

«Кімде-кім үш қыз өсіріп, оларға жақсы тәрбие берсе және оларды (жақсы жерге) тұрмысқа берсе, жақсылық жасаса, Алла Тағала ол кісіні Жәннатына кіргізеді» – деген.
(Әбу Дәуд)

Алла барлығымызға бізді жерге қаратпай, абыройымызды көтеретін саналы ұл мен қыз нәсіп етсін!