ҚЫЗ КӨРЕЛІК

(«Қыз көру» салты)

«Мырзалар қыз таңдаған келсін мұнда, жігітті қыз көретін біз көрелік» (Т.Жомартбаев). Кейде «қыз таңдау» деп те аталады. Салт бойынша белгілі кісілердің балары немесе өнерпаз, сал-сері жігіттер өзіне лайық қыздарды ел ішінен өздері таңдаған. «Пәлен жерде жақсы қыз бар» дегенді естіген жар таңдаған жігіттер өнерлі дос – жолдастарын ертіп қыз ауылына барады. Қазақта «қызды кім көрмейді, қымызды кім ішпейді» деген мақал қыз іздеген жігіттерге жол ашады. Ондай жігіттерге ешкімнің наразылық білдіруге, тосқауыл жасауға хақысы жоқ. Керісінше жігіттерді салтанатпен қарсы алған. Ауылдың бойжеткен өр мінезді, еркін қыздары мұндайда «қыз көретін жігітті біз көрелік» деп белсене шығып, жігіттермен өнер сынасқан. Жігітке олар да сын көзбен қарап, өз ойын ашық айтқан. Осындай жолда бірін-бірі сынаған қыз жігіттер айтысқа түскен. Осыдан кейін ұнатқан жастар сөз байласып, жігіт жағы құда жіберген. Демек, жігіт пен қыз бірін-бірі ұнатқан жағдайда да құдалық жолы жасалған. Олай болса бұрын да қыз-жігіттің ұнатып, сүйіп қосылған кездері болған. Әрине, қазақ салтында «қыз таңдау», «қыз көру» әр кезде бола бермеген. Оған аты белгілі адамдардың балалары мен жігіттердің ғана қолы жеткен. «Қыз көру» салты. (интернеттен)

Мына жоғарыдағы интернеттен алынған қазақтың байырғы салты туралы өмірде болған оқиғамен байланыстыра әңгіме етпекшіміз. Бұл салтты қазір көптеген кісілер біле бермейді. Ел жадынан шығып кеткен, тек бұрынғы жазылған шығармаларда ғана сақталған. Сондықтан білмейтін қазақ білсін, білетін кісілердің есіне түссін, жастар біле жүрсін деген мақсатта өткен бабаларымыздың жолын жасаған қазақы ғұрыпын атап өтпекпіз.
Мен Пайызулладан туамын, Пайызулла Ораздан(Оразалы) туады, Ораз Теректен туады. Осы Терек бабам ел аралап “Қыз көру” салтымен үйлеген екен.
Терек бабам – менің естуімше өте асқан күй орындаушы болған. Қазақтың көптеген күйлерін нақышына келтіріп, орындайтын өнерлі болса керек. Өзі күйші, өнерлі атамыз әнші-күйші, ақын жігіттерімен бірге серілік құрып, ел аралап өнер көрсетіп жүріп, жасы отызға жақындағанша үйленбеген. Әкесі Жармедет малды кісі болған. Өзі бай баласы, өзі өнерлі бабамыз үйленуге өз көңіліне сай келер қыз таңдап, бойдақ боп, жүріңкіреп қалған. Сөйтіп, ел аралап қыз таңдап жүргенде елге танымал, абыройлы атақты Әбілтай ишанның ақылды, өнерлі, өзі сұлу, діни саутты, оқыған қызы бар деп естиді. Сұлу қыз бар деп есіткен соң қасынадағы өнерлі жігіттерімен Әбілтай ишан ауылына келеді. Ол кезде елге танымал өнерлі жігітердің ауылға келуі, ауыл үшін үлкен абырой, мақтаныш. Келген өнерпаз жігіттерді күтіп алып, қонақасыға арнайы мал сойып, оңаша үй дайындап күтеді. Әдетте, ауылға өнерлі азаматтар келсе, ол ауылда той болатындай дайындық болатыны ақиқат. Малды ертерек жайлап, отын-суды қамдап, үлкендерің тамағын ертерек беріп, жатар төсегін салып, сандықтағы әдемі киімдерін алып, ауыл жастары кешке дайындалады. Кешке сол ауылдың және жақын көрші ауылдардың жастары жиналып, бас қосады. Ауылдың өнерпаздарға арнап дайындаған ас желінген соң, “Қыз көру” ғұрыпымен үлкендердің ұлықсатымен қызды қымбат, жаңа киімдерін кигізіп, әшкейлерін тағып, дайындап, екі жеңгесі екі жағынан қолтықтап жігіттер отырған үйге әкеліп, жігіт қасына отырғызады. Қыз бен жігіт қатар отырып бір-бірімен сөйлесіп, жақыннан танысады. Терек бабама сол кезге дейін көңіліне ұнайтын жан кездеспей жүрген болуы керек, Әбілтай ишан қызы атамызға ұнайды. Қыздың көркіне, ақыл-парасатына риза болып, көңілі ауады. Жастар оңаша үйде өнерлерін көрсетіп, таң атқанша ауыл жастарын ән-жыр айтылып және көңіл тебіренткен күйлер тартылып мәз еткен екен. Ауыл жастары өнерпаз жігіттердің өнерне өте риза болыпты. Ол кездің дәстүрі бойынша, қыз көруші жігіт қызды көрсетіп, таныстырғаны үшін қыз жеңгелеріне беретін арнайы сыйы; сақина, сырға, білезік т.б қымбат әшекейлі бұйымдарды қалтасына салып жүретін болған.(бағасы бір жылқының бағысындай қымбат бұйымдар) Осы кеште өзі өнерлі, асқан күй орындаушы атамыз өзінің көңілі сүйген қызды кездестірген соң, бар өнерін салып таңға дейін күй тартып, ауыл жастарын өте риза еткен екен.
Біздің ел – батысы Байұлы рулар, Жетіру, арқасы Қыпшақ, Арғын рулары ауылдарымен, Шығысы Созақ, Түркістан жерлерімен, Құбыла жағы Қарақалпақ елімен шектеседі. Біздің ел өнерлі, ақын-жыраулары Қарақалпақ халқы өнерімен және қазақтың атақты күйшілері Құрманғазы, Қазанғап, Дәулеткерей, Сармалай, Тәттімбет т.б және Оңтүстіктің танымал күйшілері күйлерін үйреніп, ақындары жырларын жақсы білген. Терек атам осы белгілі күйшілердің және Сыр бойы күйшілердің күйін жақсы тартады екен. Күй тыңдау қазақ жұрты үшін үлкен философия, өткен өмір, тағдыр, қуаныш, қайғы, өкініш, көңілді көтерген тамаша сәт болып, есептеледі.
Міне, осы көңілді кеш аяқталып, қызды ұнатқан соң, қазақтың дәстүрімен Терек атам қыз жеңгесіне “Қыз көрелік” сыйын ұсыныпты. Сол кезде Терек атамның өнеріне риза болған жеңгелері:
– Терек, сенің бұл сыйлығыңды алмаймыз, сен бізге түндегі өнеріңмен оның құнын асырып өтедің, сенің домбырамен тартқан күйлерің жүрегімізге жетіп, көңілімізді тебірентті, өткен күндер, ата-ана дәуірі, артта қалған төркін, қатар-құрбы, еліміз еске түсіп, сағынышымызды бастық, рақмет,- деп, атамыздың өнеріне риза болғанын айтыпты.
Көңіліндегі қызды кедестіріп, оның ақыл-парасатына риза болып, көркіне көңілі толған атамыз ауылына келіп, әкесіне, ағаларына айтыпты. Көптен осы сөзді күтіп жүрген кісілер Әбілтай ишанның қызына құда түсіп, айтырыпты. Қазақтың салт-дәстүрімен Әбілтай ишанның батасын алып, үйленіпті. Алланың бойына бітірген өнері арқасында сүйген жанды кездестіріп, ол жанның да бабамызға көңілі ауып, үйлеген екен. Осы өнері арқылы сол ауыл жастарының ризашылығына бөленіп, өнер сүйген, өнерді бағалай білген жандар, өнерге тәнті болып, өнер үшін, қымбат сыйлықты да алмапты.
Терек бабам – өнерлі кісі болуымен бірге, мінезі ауыр, көп сөйлемейтін, ашуланбайтын, қандай жағдай болса да өте сабырлық сақтай білген жан болған. Аталарымыз бен әкемнің айтуы бойынша, отбасын құрған соң, ел аралап өнер көрсеткенді қойыпты. Мал-жанға ие болып, әкесі Жәрмедет атамыздың малын өсіріп, көбейтіп, малды кісі болып өтіпті. Шаруа жағдайын да жақсы білгендіктен не бір қиын жылдар болса да жұтқа ұшырамайды. Кей жылдары қыс қатты болып, жұтап қалған кісілер көмек сұрап келсе, көктемде сұраған малдарын төлімен беріп:
– Мына малды сауып, сүтін бала-шағаңа жарат, жүнін пайдалан, күз аяғы малдың басын қайтарарсың, төлі сенікі,- деп керегінше мал беріп, көмектеседі екен. Ал, мал алған кісі малының басын қайтарса қайтарғаны, қайтармаса сұрамайтын болған.
– Ау, малыңды неге сұрамайсың, оның жағдайы жақсы болды, мал бітті, байып алды, қайтарып беремін деп алған малын неге сұрамайсыз!?- деген кісілерге:
– Алланың бұйырғаны болады, берсе бергені, ал, бермесе болашақ ұрпағыма қайтады, ұрпағым көп болады, малды болады,- деп жауап қайтарады екен. Терек бабамыз жасы 80-нен асып, өмірден өткен. Бабамыз Теректің ұрпақтары туралы айтқаны тура келген. Терек атамнан тараған ұрпақ Аллаға шүкір бүгінде біраз шаңырақ бармыз. Малды да, жанды да болып, Алланың бұйыртқан несібесі жетерлік, кем болмай, жүріп жатырмыз.
Ал, менің атам Терекұлы Ораз да өнерлі кісі болған. Жас кезінен өнерге құмартып, әкесінің өнерін үйреніп, жалғастырған. Домбырада күй тартудың шебері болыпты. Кейін домбырада күй тартуы қойған. Себебі, ізінен ерген екі інісі, сол кезде елге танымал көкпарышы болған Тұрсынбай мен Дүйсен араларына жыл салып, жастай қайыс болады. Осы қайғы басына түскен Ораз атам қайтып, домбыра тартпайтын болыпты.
Ораз атам би болған кісі. Ел ортасында әділ билігімен абыройлы болған. Және ескіден әңгіме көп білген әрі шежіреші кісі болған. Әкем Пайыз (Пайызулла) зйнетке шыққанша мектепте 43 жыл мектепте мұғалім болып жұмыс істеді. Ол кісіде өнерден құралақан еместі. Мондалинада ойнап, ән айтатын. Домбыраны да жақсы тартатын, нота сауаты бар болатын. Аңшы және спортпен де айналысқан гимнаст еді. Бұрынғы қазақ қоғамы тарихынан, би-шешендер әңгімелерін жақсы білетін, шежіреден жақсы хабары бар кісі болды. Мектепте музыка үйірмесін басқарып, ауданда алғашқы орындар иеленіп жүретін. Дайындаған шәкірттерінің арасынан мықты өнер иелері де шықты. Тауелібай жұртына танымал сазгер, “Тамдым әнім” әнінің және көптеген әндердің, бірнеше күйдің авторы Сенбі Айтпенбетовтың алғашқы ұстазы болғанын мақтанышпен айта аламыз.
Иә, аталарымыз туралы әкемнен есіткен әңгімені қайта еске алып, хатқа түсіріп отрмын. Кейінгі жастар қазақ халқының ұмыт бола бастаған осындай “Қыз көрелік” тб. салт-дәстүрлерін, әдет-ғұрыптарын біле жүрсін деген мақсат біздегі.

Оңдасын Пайызуллаұлы Ораз немересі
Терек шөбересі.