Қысқа, нұсқа сөйле. Дауысың анық болсын…

 

• Көп тыңда. Аз сөйле. Сөзіңнің артынан ісіңмен үлгеруге жаныңды сал.

• Өсек айтылатын жерде болма. Кездейсоқ болған жағдайда қосылма. Кесіп тастауға тырыс.

• Таспен атқанды аспен ат – жеңесің. Содан кейін алшақ жүр.

• Ренжітпе! Жүйелі қарғыс иесін табады.

• Ешқашан мақтанба! Жұрт мақтасын.

• Өзіңді сыйла, Өзгелер сыйласын.

• Күнде өзіңе есеп бер. Өзіңді тəрбиелей бер.

• Үйретері мол мықтылардан ұстаздарың болсын. Бірақ, ешкімді пір тұтпа!

• Сыйлағанның құлы бол. Кішірею төмендеу емес.

• Ең алдымен өзіңе өзіңнің көңілің толатындай өмір сүр.

• Саяхатта. Дүниетанымыңның аясы кеңейеді.

• Қайтарымынан үмітті болсаң, жақсылық жасама.

• Жүйкең əлі талай қажет болады. Болмашыға тоздырма. Шешуші сəттерге бапта.

• Уайымға салынудан алшақ бол. Арба да сынбайтын, өгіз де өлмейтін шешім қабылда. Тез шешім қабылда. Тәуекел түбі – жел қайық, жүзесің де өтесің. Уайым түбі – тұңғиық, батасың да кетесің.

• Сырыңды ешкімге алдыртпа. Екі елі аузыңа сыймаған сөз өзгенің отыз екі тісінің арасына тіптен сыймайды.

• Өкпелеме. Өш алма. Санасына бер. Аллаға тапсыр!

• Қыран құстай қырағы бол. Өзгелерді өзіңдей көрме!

• Пенденің пендеден айырмашылығы адамгершілігі мен білімінде. Таны, оқы!

• Өнер үйрен. Мамандығыңда мықтысы бол.

• Өміріңнің сапасына тек сен жауаптысың!

• Ұрпақ тəрбиесі елу пайыз сенің мойныңда. Ұлың өзіңнен озатын болсын. Қызың саған қарап серігін тауып, бақытты болсын.

• Кім қанша төмен түссе де, сен өз биігіңде қал!

(с) Бауыржан Момышұлы