Құрбан айт күні Сарысулық 600 отбасыға көмек көрсетілді

Сарысулықтар сауапты істерімен жарысуда.

Қайырымдылық – қазақтың қанына сіңген, жанындағы жабырқау көңілді жан жылуының шуағымен нұрландыратын әдемі қасиет. Сарысу ауданында қайырымды істер акциясының барысындағы ел азаматтарының пейілін, ниеті мен ықыласын көріп замандастарымыздың бойында осындай қасиеттердің бекемдігіне шынымен қуанасың.
Сарысу ауданында індет кезеңінде дүкен, дәмхана иелері, жекелеген кәсіпкерлер бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, зейнеткерлерге, әлеуметтік жағынан аз қамтылған және көп балалы отбасыларына көп-көрім көмек көрсетті.
Тіпті, әл-ауқаты бар азаматтар бір-бірімен жарысқа түскендей. Қарап тұрсаң, жақсылық жасаудан жарысу – тілің жеткенше тамсана айта жүретін тамаша жарыс.
Сарысудың белді жігіттері мұқтаж жандарды азық-түлікпен қамтамасыз етіп қана қоймай, аудандағы іргелі істерге ұйытқы болуда. Қазақтың «бірлік бар жерде тірлік бар» дейтіні осындай жанашырлық лебі есіп тұратын іс-қимылдан көрінеді. Бірлігі бекем болған соң бұл өлкедегі кей шаруа ел жайын ойлаған азаматтардың ымыраласқан қолғабысымен-ақ шешіліп жатыр.
Атам қазақта, «көрші хақысы тәңір ақысы» дейтұғын астарына атан түйеге жүк болар мазмұн ұялатқан аталы сөз бар. Төтенше жағдай кезінде жұрт бірлігі арта түсті.
Еріктілерімізде бас көтеріп тегін бетперде таратудан бастап, ірі кәсіпкерлер , Сарысулық азаматтар қоштап, аудандық орталық ауруханаға тыныс алу аппараттарымен қоса дәрі-дәрмектер, күнделікті қымыз-шұбат, көмекті қажет ететін отбасыларға баспана, асарлатып үй салу, азық-түлік, басқа да қажеттіліктермен қамтамасыз ету Сарысуда үрдіске айналуда.
Осы мысалдардан-ақ ел ішіндегі бірліктің бекем екендігіне көз жеткізуге болады. Ал бірлік бар жерде тірліктің бар екендігі әлмисақтан белгілі.
Ал, Құрбан айт күні аудан бойынша 98 қой, 3 ешкі,9 сиыр, 1 түйе, орта есеппен 4100 келі ет, 380 отбасына және «Қаратау» тау-кен өңдеу кешені 180 отбасына барлығы 560 отбасына ет таратылып берілді.
Осындай сын сағатта атқарылатын сауапты істер мен қайырымдылық шаралары төтенше жағдай тұрақталғанға дейін жалғасады.

Дариха Үмбетиярова, Сарысу ауданы