ҚҰРАЛ МЕН ҚҰНДЫЛЫҚ

… 2018 жылы мынадай оқиға болды. Қызылорда облысындағы мектеп психологтарына «Бала тәрбиесiндегi экзистенция анализі» деген лекция өттім. Жиын соңында мектеп директоры: «Оңаша айтар сөзім бар», — деп кабинетіне шақырып алды.

— Неден бастасам екен? Жалғыз ұлым бар еді, — деп әнгімесін бастай алмай қыпылықтап тұр.

— Айта берiңiз, қысылмаңыз.

— Балам Алматыдағы IT университетіне түскен еді.

— Өте жаксы оқу орны. Сабақтың бәрі ағылшынша өтеді. Қарындасым сонда окиды, — дедім, әңгімені өрбіту үшін.

— Биыл оқуын бітірдi. Бiрақ Қызылордаға қайтқысы келмейді.

— Онда тұрған не бар?!

— Мәселе онда емес. Алматыда қалса, қала берсін. Қарсылығым жоқ. Биыл бакалаврды бітірді. Магистратурасын Америкада оқымақшы. Интернетпен емтихан тапсырып, оқуға түсіп алыпты. Жақында кетеді.

— Өз күшімен түсті ме?

— Әрине! Ол жағынан балам білімді. Интеллектісі күшті, потенциалы мықты. Шет тіліне, математикаға, информатикаға жүйрік.

— Бәрекелді! Ел көреді, жер көреді, таным көкжиегі кеңейеді. Батыстың да білімін көріп қайтқаны жақсы емес пе?

— Дұрыс. Барсын, оқысын-тоқысын. Оған қарсы емеспін. Уайымым басқада…

— Енді?.. Ашылып айта беріңіз.

— Балам үйге айына, жылына бір келеді. Ауылда той-томалақ, өлім-жітім бар дегендей. Қаза болса көңіл білдіріп, куаныш болса құтты болсын айтып, ағайын-туыстарды аралаймыз. Міне, сондай кезде бір өліп, бір тірілемін.

—Heгe?

— Мінезі өзгеріп кетті. Өлім-жітімде баламның қылығына ұялып, тіпті кірерге тесік таппай, жер боламын. Мына жақта туған-туыс жоқтау айтып, аза тұтып жатады. Ал менің баламның ешкіммен шаруасы жоқ. Басында — капюшон, кұлағында — наушник, екі қолы калтада, сағызын шайнаңдап тұрғаны. Қайғыға ортақтасу, куанышты бөлісу деген атымен жоқ. Ақымақ дейін десең, ақымақ емес. Мектепті де, университетті де қызылға бітірді. Бірақ қылығы анау. Кәдімгі меңіреу компьютер сияқты. Дүниенің білімін жинап алған, бірақ адам сиқы жоқ. Мен ғой — білдей бір мектептің директорымын, ауданның Құрметті азаматымын. Сөйте тұра, ел-жұрттың алдында баламның қылығына ұялып, жерге қараймын. Кейде ойлаймын… — деді де көңілі босап кетті. Тамағына өксік тығылып, жұтқыншағын қинала жұтты да:
— Бір күні біз де қартайып, бойымыздан күш-қуат кетеді. Біреудің қамқорлығы мен күтіміне зәру боп қаламыз. Сол кезде кімнің колына барып тұрамын? Мына бала өліп бара жатсам да, аузыма су тамызбас. Қайратым сарқылғанда, қарттар үйіне өткізіп жібере ме деп қорқам, — деді.
Директор апайдың екі көзі жасқа толып, сөмкесінен бет орамалын алды да, бетін басып жылай берді. Мен жұбатуға тырыспадым . Себебі бұл жерде біз ескермейтін бір нәрсе бар еді..

ҚҰРАЛ МЕН ҚҰНДЫЛЫҚ

Бұл мәселе қазір кез-келген ата-ананың басындағы негізгі проблемаға айналды. XX ғасырдың басында әлем жаппай сауатсыздықпен күресті. Адамзатты қараңғылықтан алып шығу үшін жазу-сызу үйретіп, өнер мен білімге, ғылымға баулыды. «Зұлымдықтың бәрі әріп танымаудан басталады. Ғылым-білім салтанат құрса, жер бетінде қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған мамыражай заман туады» деген ұран кез келген қоғамның көрігін қыздырып жатты. Әрине, надандықпен күрестен асқан кайырлы iс жок. Алайда, ғылым мен білім жұрт ойлағандай, мәселенің бәрін түбірімен шеше ала ма?
«Сауатты адам» рейтингі бойынша Қазақстан әлемдегі алғашқы ондыққа кіреді. Жұрттың 99,8 пайызы хат таниды.
Бір қызығы, азғындық рейтингісі бойынша да көш бастаймыз. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының статистикасын алсаңыз, Қазақстан суицидтен әлемдегі алғашқы ондыққа кіреді. Жасөспірімдер арасындағы суицид пен ерте жүктіліктен үштікте, аборт саны жөнінен де ондықты паналаймыз. Жемқорлық деңгейінен Орталық Азияда көш бастаймыз.
Бір қарағанда біз үшін Еуропа мен Америка ғылым мен білімнің арқасында бүкіл проблемадан құтылып, мамыражай өмір сүріп жатқандай көрінеді. Бірақ олай емес. Олар да өмірден түңілу, торығу, депрессия, экзистенция вакумы, фрустрация сияқты кеселдерден көз ашпайды.
Әлгi директор ханымның тұйыққа тірелген проблемасын күллі адамзатқа ортақ проблема десек те болады. Оны ата-аналардың бiзге жазған хаттарынан да байқаймыз. Күн сайын оқиғасы бір-бірінен ұксас ондаған хат келіп түседі. Бала тәрбиесінде тығырыққа тірелген ата-ана: «Енді қайтем?», — деп зар жылайды.
«Балам оқысын, тоқысын, өнерлі, білімді болсын», — деп апармаған жерім жоқ. Арнайы мектептерде оқыды. Түрлі үйірмеге қатысты. Қымбат болса да жеке репетитор жалдадым. Соңғы ақшама кітап алдым. Аудандық, республикалық олимпиадаларға сүйредім. «Заман талабы» деп, жеті жасынан ағылшынша оқыттым. Математматика мен физикаға бердім. Қысқасы, бүкіл күш-қуатымды, ақшамды, уақытымды сарқып жұмсадым.
«Енді адам болады» деп жүргендегі баламның түрі мынау. Қарапайым нәрсені қақпайды. Ештеңеге қызықпайды. Ештеңеге икемi жоқ. Аңдығаны сотка. Қолы босай калса, компьютер ойнайды. Сонда, менің берген білімім, оқыған ғылымы кайда? Неге сонша санасыз боп калды, Еңбегімнің бәрі құмға сіңген судай еш кеткені ме деп, уайымдаймын» — деп ашына ақтарылады.

Ендi осы мәселенi талдайық. Экзистенция анализінде «ҚҰНДЫЛЫҚ және ҚҰРАЛ» деген түсінік бар. Мысалы, математика, физика, химия, шет тілі сияқты пән атаулының бәрі ҚҰРАЛҒА жатады.
Ал ата-анасын сағыну, біреудің қайғысына ортақтасу, көңіл айту, біреудің қуанышын бөлісу, жауапкершілік арқалау сияқты дүниелерді ҚҰНДЫЛЫҚҚА жатқызады. Яғни Ар-ұят, Махаббат, Уәдеде тұру, Еркіндік, Жауапкершілік, Кешірім, Тәубе сияқты адами қасиеттері экзистенциялық қабаттан шығады.
ҚҰРАЛ — адамның интеллектісін дамытады. ҚҰНДЫЛЫҚ — экзистенциясына жауап береді.
Сондықтан Құралға —мектеп жауапты, Құндылыққа — ата-ана жауапты. Баланың кеудесін құндылыққа толтырумен ата-анасы айналысуы тиіс. Балаға құндылық бермесең, өсе келе санда бар, сапада жоқ «қуыс кеуде» типке айналады. Оны ғылымда «ЭКЗИСТЕНЦИЯ ВАКУМЫ» дейді.
«Экзистенция вакуміне» түскен балада екі түрлі проблема байқалады.
Біріншіден, ол өнер-ғылымға икемсіз болып қалады. Көп ата-ананың түсінбейтін жері осы. «Арманы жоқтың дәрмені жоқ», «құсты қанаты ұшырады, баланы талабы ұшырады» деген. Кеудесінде арман-мұраты жоқ бала ғылым окып, өнер үйренгісі келмейді.
Екіншіден, ғылымға икемді , өмірге икемсіз келеді. Бұны «экзистенциялизм мен инттеллектуализмнің жекпе-жегі» деп те атайды. Директордың мысалы осыдан шығады. Ол кісі баласына интеллектуалды білім берумен ғана айналысқан, яғни Құрал. Соның нәтижесінде ұлы өнер-ғылымға жүйрік болып шықты. Бірнеше тілде еркін сөйлейді. Математика мен физикаға жүйрік. Модерн заманның бүкіл ақпаратынан хабардар.
Бірақ тұла-бойынан адамгершілік қасиеттер көрiнбеді. Ар-ұят, обал-сауап ұғымынан жұрдай. Кие, қасиет, құндылық, әулие деген түсініктерге ескінің сарқыншағы деп қарайды. Осылайша, мейірім-шапағат, жанашырлық, кісінің көңіліне қарау, жауапкершілік, уәдеде тұру, обал-сауап, ар-ұят пен намыс сияқты адами қасиеттері біртіндеп сөне бастайды. Адам тірі роботқа айналады. Мұның салдары өте қауіпті. Депрессия, құмар ойын, нашақорлық, жыныстық зорлық-зомбылық, жастар арасындағы әлімжеттік, суицид сияқты түрлі проблемалар осыдан шығады.

2012 жылы ағылшын тілін үйрететін курс ашып , бала оқыта бастадым. Курстың басты қағидасы мынау:
он жасқа толмаған балаға шет тілін үйретпеймін.
Ата-аналар себебін түсінбей:
«Неге қабылдамайсыз?» — деп таңдана сұрайды.
Себебі: бала он жасқа дейін ана тілін меңгеріп, бойына жалпыадамзаттық құндылықты сіңіру керек. Көкірегіне құндылық жинап өскен бала өнер-білімге құштар келеді.

2013 жылы бір кісі мені Түркістаннан арнайы іздеп келді. Қасында тоғыз жасар ұлы бар. Есімі Ибрагим. Соны окытпақ болды. Бірақ баласы тым жас екен.
— Әлi бiр жыл бар, келесі жылы алып келіңіз, — дедім. Әкесі қояр да қоймай курсқа кабылдауды сұрады. Мен бір ғана шартпен келістім.
— Бір күн оқытайын. Жоғарғы сынып оқушыларына ілесе алса қалады, ілеспесе қайтады, — дедім. Әкесі келісті.
Ертесіне оқу процесі басталды. Күтпеген жағдайға куә болдым. Тоғыз жастағы Ибрагим өзінен үш-төрт жас үлкен балаларды оп-оңай басып озды. Ибрагимнің әкесі — құрылыста нәпақасын тауып, отбасын асырап отырған шаруа адам. Анасы — үйде отырғанкеліншек. Бірақ ол қарап жатпай, баласының кеудесіне ізгіліктің дәнін еге беріпті.
Бір күні Ибрагим:
— Ағай, бүгін дастарқанға батаны мен берейінші, — деді. Елең ете қалдым.
— Бата білесің бе? — дедім. Сөйтсем, түр-түрін біледі екен. Дастарқанға бата, жолға бата, тіпті екі жасқа берілетін батаны да жаттап алған. Қырық шақты жаңылтпашты мүдірмей жатқа сөйледі. Бұл бергі жағы. Шешесі Ибрагимге жеті жасында «Алпамыс батыр» жырын жаттатқан. Күнде қасына отырып, екі-үш шумақтан қайталап оқи берген. Әріп танымайтын бала жырды құлақпен естіп жаттайды. Осылайша құйма құлақтыққа баулыған.
Ағылшын мәтіндерін қазақшаға аударғанда әуесің келеді. Сөздік қоры бай. Ал сегіз-тоғызыншы сынып оқитын өзге балалардың сөздік қорына карап, карның ашады. Тілдері жұтаң. Сол жылдары «Агент» деген әлеуметтік желінің дәурені жүріп тұрған. Жастардың Агенттегі коммуникациясы «Привет, норм, не істеватсын, жатқан, откан, пока» деген сияқты сөздермен шектелген. Лексикондары тым қарабайыр.

Бұл көрініс менің Құрал мен Құндылық жайлы ұстанымымды нықтай түсті. Екеуі расымен екі бөлек дүние. Балаға тіл үйретумен қатар кеудесін кұндылыққа толтыру қажет екен. Осы оқиғадан соң оқу әдістемемді өзгерттім. Ағылшын тілін үйрету курсын кайта жасадым. Ол келе-келе тілмен бірге құндылық үйрететін «Otuken-English» лагеріне айналды.
Балалар тек ағылшын оқымайды, ана тілінде өлең оқып, жаңылтпаш айтып, жыр жаттайды. Жырды кітаптан оқып емес, құлақпен естіп жаттауға үйреттім. Қисса оқытып, сөздік қорын байыттым. Бұл әдіс көп күттірмей жемісін берді. Жыр мен жаңылтпаш баланың шет тілі мен математика, физикаға зейінін ашып, қабілетін күшейтіп жіберді.
Мұны адамның соматикалық денесінің қалыптасуындағы құбылыстармен түсіндірсе болады. Баласының денсаулығын ойлаған ата-ана оған неше түрлі тамақ береді. «Сәбіз же, бойың өседі», «Ет же, гемоглобинің көп болады», «Алма же, құрамында темір бар» деп, неғұрлым көп дәрумен беруге тырысады. Өйткені ағза дұрыс жетілу үшін дәруменнің бір түрін ғана тұтыну жеткіліксіз. Ал бүгінгі ата-ана баласын математика мен ағылшынға ғана баули беріп, ең негiзгi әрi қуатты «болмыстық дәруменді», яғни құндылықпен сусындатуды ұмытып кетеді.

«Балалықтан даналыққа» кітабынан.
Автор: Сейілбек Мырзабай