Ең алғаш «жылы аялдамалар» Астанада 2015 жылы пайда болды. Пайдалануға беріле салысымен халықтың сынына ұшырады. Еліміздің басқа қалаларында да салынған смарт аялдамалардың басынан дау арылмай тұр. Мәселен, қанша жерден жайлылығы ұнағанымен, Талдықорған қаласында 11 миллиондық аялдаманың салынуы тұрғындардың наразылығын тудырды. Бұл ақшаға ол қалада екі бөлмелі пәтер алуға болады. Ең алғаш Елордамызда салынған аялдаманың құны 10 миллион болса, ресейлік шенеуніктер сондай аялдамаларды небәрі 3 миллионға салған. Бірақ, тұрғындардың наразылығына қарамастан смарт аялдамалар салынып жатыр. Халықтың сыны, қазына қаржысының шашылуы шенеуніктерді ойланта қоймаған секілді. Астана қаласындағы мұндай аялдамалардың ішкі температурасы қыста +15, +16, жазда +18, +19 градус болуы тиіс екен. Алайда, астаналықтар аталмыш аялдамалардан ондай жылуды сезінбеген. Жазда салқындатқыштары тағы істемейді. Жалпы, әр өңірдегі қалаларымызда аялдамалар жергілікті жердегі басқарушы орындардың «ақша жеу» амалына айналып кеткен жоқ па деген күдік тудырады. Мәселен, Талдықорғанда жыл сайын аялдаманы жаңарту үрдіске айналған. Жергілікті тұрғындар «бір аялдама нұсқасы көшелерге толық қойылып біткенше, басқа жерде тағы бір жаңа аялдама пайда болады. Тұрғындар автобус күтетін орын өзгерсе, қалада әкім ауысты деп қабылдайтын жағдайға жеткен» дейді. Және, заманауи аялдамалар халыққа қызмет етіп үлгермей жатып сүрілуіне қатысты Талдықорған әкімдігінің баспасөз хатшысы Данияр Жаныс «Үш смарт-аялдаманың сүрілуі олар орнатылған автожолдарда жөндеу жұмыстары жүргізілуіне байланысты болып
отыр», – деп жауап қатты. Қалалық әкімдік 2017-2018 жылдары еуростандартқа сай 50 аялдама орнатылғанын жеткізді. Биыл тағы 46-сы қойылмақ.
Сол аялдамаларда «wi-fi» бар деп айтылғанымен, оның істемейтіні, есіктері жабылмайтыны, кейбірін вандалдар тонап жатқаны ел айтып жүрген жайт. Мәселен, жақында ғана Талдықорған қаласындағы «ақылды аялдаманың» қабырғасына ілінген қуаттағыш құрылғыны оқушылар тонап кеткен. Павлодар қаласында да вандалдар 5 миллион теңгенің қоғамдық дәретханасын қиратып кеткен-ді. Павлодар қалалық ТҮКШ бөлімінің бас маманы Арман Құсайынов «Қазір қалада үш модульдік және бес стационарлық әжетхана бар. Вандализм деректерінің жиілеуіне байланысты модульдік дәретханалар апатты жағдайда», – дейді. Көпшілікке арналған әжетханада бұған дейін жылу жүйесі болған және ыстық, суық сумен қамтамасыз етілген. Қазір ішіндегі құбырлар қатқан, жарық, жылу жоқ. Ендеше, қоғамымыз осындай қымбат қоғамдық қызмет ету орындарын пайдалануға дайын ба өзі?!
Соңғысына жетпей жатып алғашқы пайдалануға берілген аялдамалар апатты жағдайға жетіп жатқанын ескерсек, қоғамымызға осындай аялдамалар керек пе деген сұрақ туындатуы заңдылық.
Ілияс ИСАЕВ, экономист:
– Рас, аялдама, әжетхана секілді қоғамдық қызмет ету орындары керек. Алайда, оларды соншалықты қымбат бағаға орнатудың қажеті жоқ. Көшедегі жылу құбырларының қақпақтарына ие бола алмай отырғанда, қымбат аялдама мен әжетхана неге керек?! Ақыры оларды орнатқан соң, қатаң күзетілуін немесе қандай да бір қауіп төнген жағдайда тәртіп сақшылары жедел келуін қамтамасыз ету қажет еді. Қымбат нәрсенің жөндетілуі де қымбатқа түседі. Оны қалыпқа келтіру үшін де ертең бюджеттен аз ақша жұмсалмайды. Жалпы, қоғамның санасы мұндай нәрселерге дайын емес кезде смарт аялдама деп ақша шашуды құп көрмеймін. Цифрландыру деп қазір қоғамдық көліктерге де «wi-fi» бар деп жарнама жасайды. Бірақ, осы уақытқа дейін ғаламторы істеп тұрған бірде-бір аялдама немесе қоғамдық көлік көрмедім. Мұның бәрі құжат бойынша қымбат аялдама мен қоғамдық көліктің құнын жабу үшін ғана көрсетіледі-ау шамасы. Ал, халықтың соларды пайдаланып, цифрланып кетіп жатқаны шамалы.
Қ. ДҮЙСЕМБАЕВ