ҚҰМЫРСҚАНЫҢ БЕЛІН ҮЗУГЕ БОЛАДЫ, ҮМІТІН ҮЗУ МҮМКІН ЕМЕС.

Қазақстан мәреге жетті. 

Қазақтың жаны көзіне келді. 

Қорланғанын,  алданғанын сезіне келді. Өзгелер: қарапайым халық түгіл, заң қызметкерлерінің жағасына жабысып, ашық түрде мемлекетке күш  көрсетуге дейін  дәреже- айбаттың жұдырығын жұмсады. Жүргіншіге жол бермеушіліктің көрінісі- көрінбей жатқан қоғамдағы барлық дандайсудың беті ғана екендігін айғақтап тұр. Қансырап тұрған қазақтың бауыр етін әділетсіздіктің отына қуыра бергенше, өзгенің қолындағы қанжарды неге алмайсыңдар. Тарихи Отандары бар, ұлттық мүдделері қорғаулы «… Халықтық Ассамблея»: Қазақстанның өркендеуіне қызмет жасап, алғашқы күннен бастап қазақ тілі арқылы мемлекетті құраушы қазақ халқының айналасына ұлт өкілдерін топтастырып, тұтас,  бір бағыттағы қадамның шынайы үлгісін көрсетуі тиіс еді. Олар болса өздерін өздері қызықтап, өзге ұлт өкілдері екенін бұлдаумен айналысып жүр.  Науқандық даңғазаның орталығына айналды. Билікке жақындаудың амалына айналдырды. Тарасын, не болмаса, мемлекетті құраушы төл халықтың, қазақтың тілі арқылы айналасына топтасып ақиқатты мойындасын. Өзге ұлт өкілдерінің ішінде біреулер:  » Қазақстан Ресейге қосылсын» деп сандырақтап жатыр. Осының барлығы: ұлттық билік өз қазағын қуалап жүргенде, өзгелердің кекірігі азып мемлекеттің жағасына жабысып, кіммен жарнақтасып, қалай өмір сүруімізге төрелік айтатындай деңгейге жеткендігін көрсетіп тұр. Өзгенің көңіліне қарап қазақты өз жері мен болашағына қатысты қожайындық рухпен, жауапкершіліктен айыру, көре тұрып күйдіру, арлану, намыстану сезімін өлтіру- Тәуелсіз Қазақстанның болашағына қызмет жасайтын амалма, әлде, биліктің бір күндік жан сақтауы ма?! Өзгенің көңілінен шығамын деп, өз маңдайыңды қос қолдап жара беру жасампаздыққа апармайды.

Құмырсқаның белін үзуге болады,

Үмітін үзу мүмкін емес. Ол да тістеп, күресіп өледі. Құмырсқа құрлы жоқпыз ба?.. Үмітімізді үзбеңіздер, оған ұлттың жұдырықтай жүрегі көнбейді.Өз жерімізде өзгенің қақпайын көрмей, ұл- қыз өсіріп, бақытты ғұмыр кешкіміз келеді. Теңдікке көнбейтіндерді,  елдікке қалай көндіресің. Оның жалғыз-ақ жолы:  қоғамдағы ұлтаралық қатынастың бір жақты дертін ашық, айқын көрсету. Табанның астында тапталуды  емес,тең отырып шаттануды үйретіңіздер. Жалтақтамай шындықты бетке айтуды үйреніңіздер. Арқаларыңда қалың ел тұр, биліктегі мырзалар! Бәрін біз білеміз деген пиғылдан қайтыңыздар. Депутаттар сөйлесін. Халықтан жасырып жиын жасап, іштеріңе түйіншек байламаңыздар. Халықтан жасырып әрекет істейтін болсаңыздар, онда неге халықтың атынан сөз сөйлеп мінберлерде жүрсіңіздер?!.. Айтыңыздар, қандай сабақ алдыңыздар,қандай шешімге келдіңіздер.

Өз үйлеріңе біреулер кіріп алып, қатын- балаларыңа, дүние- мүліктеріңе, ар- намыстарыңа қол салып жағаларыңа жабысса осылай отырмайсыңдар ғой. Неге ұлттық мүддеге келгенде кегежектеп кейін шегініп, келіншек кейіпке көшіп етектеріңді түріп,жүздеріңді жасырып,еріндеріңді тістеп үнсіз жатып қаласыңдар.  Саған сенген еліңді сарсаңға салу- саясаткерлік емес. Заң әділ болғанның өзінде, оны іске асыратын билік әділ болмаса қажеті не?.. Сендер халықтан үстем және ақылды емессіңдер, сол үшін халықты тыңдау міндеттеріңіз! Жауап беріңіздер!?.. Неге Дүнгендер мемлекеттің (заң өкілдерінің) жағасына жабысты?!.. Неге қара жолда қазақ шегінуі керек. Осыншалық деңгейдегі астамшылық бір сәттік көріністің, бір- екі есіріктің бойындағы менмендіктің салдарыма? Шынымен мұншалықты асқынған дертті көргілерің келмей отырма?..

Бір күні Ақ Орданың да жағасына жабысып, жолын тартып алмасына кім кепіл?!..Түсінікті, айналада алпауыт елдер отыр.  Дегенмен батыл қадам жасап, дер кезінде шешім қабылдап алу керек. Кейде оқыс, шапшаң шарықтаулар керек.Осы қазір дәл мезгілі.

Және осы бағытқа үндеп «… Халықтық Ассамблея» ұран салсын, қазақ халқының айналасына топтасу керек екендігін еселеп айтып, күндіз- түні сол қағиданы  басшылыққа алсын. Солай мемлекетшілдіктің, бауырластықтың үлгісін танытсын. Оны жасамайды екен,  түпкі ниеттері қандай екендігінен хабар береді.  Шындық па, шындық! 

Қорқа берудің барлығы-сақтық емес. Біз қояндардың емес, көкбөрілердің ұрпағымыз. Ақиқаттың тағдыры таразыға түсіп тұрған тұсты ұлтымыздың пайдасына шешіп, қазақ халқының айналасына топтастыратын түбегейлі шешімдерді шығарып алуымыз керек. Қазақ тілі- ұлт өкілдерінің рухын жақындастырып, бірлік пен бауырластыққа жол ашсын. Қазақ тілін дербес, ұйымдастырушы, ұйытқы болатын дәрежеге көтеріңіздер, шідерін шешіңіздер, шексіз қуат пен күш беріңіздер. Бір тіл, бір бағыт, бір ел, бір болашақ!.. Кезеңі келді. Отыз жыл жылтыр сөзбен жымыңдасқандағы, би билеп құшақтасқандағы нәтижені көріп отырсыздар. Тыныштық бәрімізге керек, бірақ ол тек жуас түйенің жүнінен, немесе қазақ халқының есебінен жасалып, үздіксіз қайталана бермеуі керек. Өзгерістер керек, өз халқыныңда маңдайынан сыйпайтын алақандар  керек. Қарапайым адамдармыз, өз түсінігіміздің шеңберінде жан сырымызды айтып отырмыз. Елдің есесі кете берсе ездікке үйренеді, керек кезінде ояу қазақ таппай қаласыңдар.Туған елдің, тулаған намыстың құнын біліп, Құдайға шүкір етіңіздер. Биліктің қорғаны- қазақ, мысалы, күні кеше Қордайда екі полицияның жыртылған жағасы үшін қандай арланды. Қарындастың дауысы қараңғыда белгілі деген сөзді де қазақ атам айтып кеткен. Қарағай басын шортан шалса, қастарыңда қазақ қана қалып, қанын да, жанын да  Атамекен- ел үшін, жер үшін беретін болады. Көкбөрінің тісін қағып ала берсеңдер, көп түлкінің құйрығына буынып өлесіңдер. Есепсіз ештеңе жоқ, нені қор тұтсаңдар, соны зар тұтасыңдар. Қазақ халқы үстемдік талап етіп отырған жоқ, өз жерінде өркендеп, қалауымен қам жасауына, болмысы мен ұлттық келбетін сақтап дамуына кедергі бермеуді талап етіп отыр.

Қазақта: “Су ішкен құдығыңа түкірме” деген өсиет бар. Қайда жүрсекте біз қазақ халқы өмір сүріп жатқан елдің, төл халықтың өз топырағында өркендеуіне, ұлттық мұраттарына амал жасауына кедергі бермеуді мақсат тұтамыз, мұны адамдық парызымыз деп санаймыз. Қазақ халқына сіңген қасиет, тәрбие солай. Қай елде жүрседе шектен шығып, шен таластырмайды. Жоғарғы сана, ұлттық мәдениет дегеніміз де осы болар. Ешбір ұлттың есігін қағып кіріп, босағасын қопарып шығып кеткен жеріміз жоқ. Сол дұрыс, ол ұлттың, мемлекеттің саған өмір сүруге, өсіп- өнуге мүмкіндік жасағаннан басқа қандай кінәсі бар. Неге өз елінің болашағы үшін, сенің қас- қабағыңа қарауға тиіс. Қолыңнан келсе көмектес, құрметте, ең болмаса көлденең жатып алып аяғына тұсау, қолына кісен, санасына салмақ болма. Шектен шығып, шекарадан аттама. Ашуын туғызып, шаптан түртіп ойнама.

Қазақстандағы ұлт өкілдеріненде осындай құрметпен, мәдениетті қарым- қатынас күтеміз.

Төрімізге шығардық, бірақ төбемізде орын жоқ. Біздің төбемізде мәңгілік Тәуелсіз Қазақстанның болашағы мен  ұлттық ар- намысымызға, Алланың адамзатқа ортақ рақымы мен  мәртебелі мерейіне және Хақтың нұрымен, халқымыздың бабадан қалған аманат- арманына, күннің шуағына ғана орын бар. Біз өзін өзгенің орнына қоя білетін мәдениетті ұлттардың барлығымен доспыз, бауырмыз!

Нанға тойып, надандықтың асауына мініп тайраңдаушыларға жол жоқ. Ешбір ұлттың намысына тиіп, күйе жағудан аулақпыз. Әркім бұдан былай өз ниеті мен әрекеттеріне бақылау жасап, Қазақ халқы өз жерінде ешкімге қарыз емес екенін ойлап жүрсін.Өз кеуделерінің қалауы үшін, тұтас ұлттың тағдырымен ойнаудың шегі болатынын сезіп жүрсін.Теңдік- әркім өз орнын біліп жүргенде ғана салтанат құрады.Қазақ халқы өркениетке ілесу үшін, өз жерінде өзгелерден теңдік сұрап жүр.  Шыдам- шындықтан көп өмір сүрмейді. Қазақтың жансебіл шындығы қылкөпірдің үстінде тұр.

Ұлттық мүдде- ұлттың өмірі мен болашағы. Өз жерімізде өмір үшін күресіп жатырмыз.  Қазақ ұлтының намысы- қазақтың тағдыры, тағдырымызды таптатпау заңды әрекет. Қазақстан ақ үйдің ішінде емес. Қазақстан — әр қазақтың жүрегі мен тілегінде. Ақ пен қараны сараптап, себеп пен салдарды айқындап, билік өз қызметіне адал болуы тиіс. Мысалы, біреулер қазақтың домбырасын жерге ұрып сындырып жатыр.Бұл қазақтың туын өртеп жатқанмен бірдей қылмыс қой.Домбыраны сындыру- әрбір қазақтың намысын таптау,тарихын ұлттық киесі мен мұрасын таптау.Қазақтың бірден-бір құндылығын жоққа шығару,тұтас ұлттық мемлекетті жоққа шығару.Және домбыраны шаққан бір адам болғанмен,оның жанында бірнеше адам тұр.Таспаға түсіріп, күліп шаттанып жатыр.Ұйымдасқан қылмыс. Олардың қолы бүгін домбыраңды шағып,тарихыңды, бабаларыңның рухын қорлауға жетіп тұр. Айбынып тұрған жоқ.Ертең,күндердің күнінде ұлттық мемлекеттің төрінде де дәл осы әрекетін жасамауына кім кепіл.Мұншалықты өшпенділікпен,жауыздық әрекетке алып келген қандай күш,бізден,биліктен кеткен кемшілік қаншалықты.Билік пен заң қызметкерлері,ішкі саясат өкілдері,мәдениет министрлігі бұған шұғыл мән беріп,»…Халықтық Ассамблея» осы өрескелдікті қатаң жазалап,қазақ халқының алдында,жалпы адамзатқа ортық мәдени құндылықты,ұлттық болмысымызды кемсітушіліктің тамырына балта шабу керек еді.Әдейі, домбыраны таңдвп алып тұр ғой. Болмаса қолына түскен кез-келген бұйымды, затты сындырмай ма?! Жоқ, әдейі қазақты қорлау үшін, нысананы дәл көздеген.Мүмкін, осының өзі әлде бір күштердің зымиян тапсырыстары болар. Осындай қиянаттар жүректің басын кеміре берсе, ұлттық билік тиісті дәрежеде әділ үкім жасамаса,

Кез- келген келімсек орманға от тастап,ақырында күлін қазақтың бетіне жағып,ақтан күйдіріп кете берсе,қазақ ашуланбай кім ашуланады. Ұлттық билік-  нан тауып, отбасын бағушылар емес.Жауапкершіліктің жанкештілері болғаны дұрыс.

Заң- әділдіктің құралы. Тыныштық- шындықтың топырағына тамыр салғанда ғана гүлдейді. Ұлттық мемлекет- ұлттың меншігі. Әлемдік қауымдастықты сыйлау- өз ұлтыңды өзекке тебе беру емес. Осы кезге дейін өзге ұлт өкілдерін әлпештеп келген, ынтымақты сақтай білген билік емес, қазақтың бойындағы бабаларымыздан қалған сана мен сан ғасырлық мәдениет. 

Қазақ халқының қалауы- Қазақстан шеңберіндегі атазаңның түп дерегі. Атазаңымызда ұлт өкілдеріне мүмкіндік берілген.Мәдени ошақтары, ақпарат көздері бар,білім ұяларынанда кемдік көріп жүрген жоқ.Өз келбеттерін, ұлттық болмыстарын сақтауға барлық мүмкіндік берілген. Қарсылығымыз жоқ, сақтасын. Осының барлығын місе тұтпай, қанағат тұтпай Қазақстан көлемінде,Мемлекеттік деңгейде,ұлттық мемлекеттің,төл халықтың,қазақтың және қазақ халқының заңды мүдделерінің барлығына көлденең тұру,өзімшілдікпен,өркөкіректің жолын ұстану, ұлттық билікті солақай, теріс бағытқа көндіруге талпыну, ықпалды күшке айналудың отын көсеу дұрыс па, достық па, мәдениеттілік пе?!…Берілген шеңберден тыс өз ұлттарына қызмет жасағысы келсе,тарихи отандарына барсын.Өзгенің елінде: нанында жейін,төбесіне шығып айтқанымды істетейін, қалауымды жасатайын деушілік, қаскөйлік емей немене. Қазақ тілі арқылы,қазақ халқының айналасына топтастыру, қоғамдық орындармен,қызметтік жүйені орталықтандыру ( қазақтандыру) біле —  білсе барлық Қазақстан азаматтарының қамы, түсіністікпен бақықытты ғұмыр кешу үшін керек қадам.Осыны отыз жыл түсіндіріп көрдік,күттік,нәтиже жоқ.Демек, барлық қазақстандықтардың баянды болашағы үшін:» Мәдениетке мәжбүрлеу…» қағидасын ұстану керек. Қазақ тілі арқылы,қазақ халқының жауапкешілігінің аясындағы көшке ұлт өкілдерін ілестірудің бұлжымас,заңды нүктесін қойып,іске асыруды бастау керек. Қоғамдық, қызметтік орындардың барлығы тек қана қазақ тілінің мәртебесіне бағынғаны дұрыс.

Сабыр Адай. 

12.02.2020ж.