ҚР ПАРЛАМЕНТ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ МЕЙРАМБЕК ТӨЛЕПБЕРГЕН ЖУАЛЫ АУДАНЫНДА

Бүгін «AMANAT» партиясы жанынан құрылған жалпыхалықтық референдумды
қолдау жөніндегі штабтың мүшесі, Қазақстан
Республикасы Парламенті Мәжілісінің
депутаты Мейрамбек Төлепберген Қарасаз ауылдық округінде орналасқан «Жуалы» колледжінің ұжымымен кездесу өткізді.

 

Кездесу барысында Мейрамбек Мылтықбайұлы Конституцияға енгізілетін саяси
өзгерістер туралы әңгімелеп, оның өз
кезегінде халықтың тұрмыс-тіршілігіне
тигізер оң әсерлері туралы да кеңінен ой толғады.

-Жалпыхалықтық референдумның
өтуіне ең бірінші Мемлекет басшысы
Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамашы болғанын баса айтуға тиіспіз. Ата
Заңға, дәлірек айтқанда, Қазақстан Республикасының Конституциясын
қабылдауға байланысты жалпыхалықтық референдумның 1995 жылы өткізілгенін
ескерсек, содан бергі аралықта елімізде мұндай үлкен саяси өзгеріс болған жоқ.
Сол тұста қабылданған Ата Заңдағы бірнеше баптарды жаңа заманға сай
жаңарту, оны тиісінше, халықтың мүддесіне, оның күнделікті тыныс-
тіршілігін, тұрмыстық табысын көтеруге лайықтап өзгерту мәселесі заман
талабынан туындап отырғанын халық өкілдері жан-жүрегімен сезініп отыр.

Өйткені, еліміз әділетті қоғам құрмай, мемлекет те тиісінше, халықтың мұң-
мұқтажына уақтылы құлақ аспай, оған жақын болмайынша, біз алға басып,
даму жолына түсе алмайтынымыз анық. Жалпыхалықтық референдумды да
өткізудегі басты мақсат осы.
Конституцияның жаңарған нұсқасында Мемлекет басшысының жақын туыстарына саяси лауазым иеленуге және квазимемлекеттік секторда басшылық қызмет атқаруға тыйым салынады. Сондай-ақ құқық қорғау саласы бойынша маңызды өзгерістер енгізіледі. Атап айтсақ, Конституциялық сот құрылады. Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің, яғни омбудсменнің мәртебесі Ата заңмен айқындалады. Елімізде өлім жазасы мүлде жойылады. Мұның бәрі азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау үшін жасалып жатыр,-деді.

#ReferendumAMANAT