Қордай: қиындық еңсеріліп, қауырт тірлік басталды

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев ауылдарды аралады, ескертпелер жасады

Қордай ауданында жергілікті тұрғындардың тұрмысын жақсартуға бағытталған жалпы сомасы 20 млрд. теңгеден асатын 387 жоба іске асырылуда. Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев аудандарға жасаған екі күндік жұмыс сапары барысында аталған жобалардың сапалы орындалуы, қордайлықтардың қоғамдық-саяси ахуалы және көңіл-күйлерімен жан-жақты танысты.

Кенен ауылындағы игі шаралар

Аты аңызға айналған халық ақыны, әнші-композитор Кенен Әзірбаевтың туған жері Кенен ауылы табиғаты тамаша, мәуелі мекен десек артық айтпаймыз. Аудан басшылығы оны облыстың ең үздік ауылдық елді мекені байқауына қатыстыруды жоспарлауда. Дегенмен ауылдықтардың көтерер мәселесі де жоқ емес. Соның бірі – таза ауыз судың тапшылығы. Бұл түйткілді оңынан шешу үшін 132 миллион теңгеге 16 шақырымдық су құбыры тартылуда екен. Оның ішінде үш шақырым сыртқы су өткізгіш және 13 шақырым ішкі желілерді құрайды. Қазіргі уақытта тоғыз шақырым бойынша құбыр тарту жұмыстары аяқталған.

Ауылдағы отбасылық дәрігерлік амбулаторияда 20 келушіге бір дәрігер және сегіз медбике қызмет көрсетеді. Жастардың жақын орналасқан Алматы қаласына көптеп кетуіне байланысты Кененде туу көрсеткіші төмендеуде. Сол сияқты 600 орындық Е.Қашағанов атындағы №42 мектепте бүгінде тек 509 оқушы білім алуда. Оқу ордасы жаңа, 2014 жылы пайдалануға берілген. Өткен жылдың қорытындысы бойынша мектептің екі түлегі «Алтын белгіге» ие болса, биыл төрт бітіруші үміткер атануда. Аймақ басшысы кабинеттерді аралап, 100 орындық асхана, 28 ноутбук және жоғары интернетпен қамтылған кітапханамен танысты. Мектеп жақсы, бірақ ішкі безендіруге назар аудару керек.

– Балалардың бойына ұлттық салт-дәстүр мен құндылықтар негізін сіңіріп, рухани-адамгершілік тұрғысында тәрбиелеуге ерекше назар аудару қажет. Әсіресе, Кенендей ұлы тұлға туған ауылда бұған айрықша ден қоя білген дұрыс, – деп атап өтті Бердібек Сапарбаев.

Жергілікті тұрғындармен кездесу барысында облыс әкімі ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесі шешіліп жатқанын, көшелерді жөндеу, жарықтандыру жұмыстары жалғастырылатынын атап өтті. Бес ауыл газдандырылып, шағын су қоймалары салынбақ. Аймақ басшысы көпшіліктің әйгілі Аңырақай шайқасының орнына мемориалдық кешен салу туралы ұсынысын қолдайтынын айтты. Ол сондай-ақ кенендіктерді мемлекеттік бағдарламаларға белсенді қатысуға, бастамашылық пен іскерлік танытуға шақырды.

Аймақ басшысы биологиялық қауіпсіздік мәселелерін ғылыми-зерттеу институтына да арнайы ат басын бұрды. Коронавирус пандемиясымен күрестің қазіргі жағдайында стратегиялық режімдік объектінің жұмысы ерекше маңызға ие. Ғалымдар денсаулық сақтау және ветеринария саласындағы түрлі инфекциялармен күреске зор үлес қосып келеді, жыл сайын қауіпті және аса қауіпті инфекцияларға қарсы 27 миллионнан астам екпені жеткізеді. Олар Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымымен, АҚШ аурулардың алдын алу және бақылау орталығымен, Халықаралық Вена университетімен және басқа да беделді ұйымдармен тығыз байланыста жұмыс істейді. Зерттеу институты шетелдік аналогтармен салыстырғанда үш есе арзан болатын нодулярлық дерматитке қарсы вакцинаны әзірледі. Оны енгізу нәтижесінде республикалық бюджеттің үнемделуі екі миллиард теңгені құрады. Институт өз өнімдерін өнеркәсіптік ауқымда өндірсе, көп пайда әкелетін еді, сондықтан жылына вакциналардың 60 миллион дозасына дейін қуаттылығымен иммунобиологиялық препараттар шығаратын биофармацевтикалық зауыт салу қажеттілігі туындауда. Аталған жоба құны 3,5 миллиард теңге. Жаңа өндірісті іске қосу үшін қажетті жоғары білікті кадрлар, микроорганизмдердің қауіпті және аса қауіпті штаммдарының бірегей коллекциясы, ғылыми инфрақұрылым, зияткерлік меншік секілді жағдайлар жеткілікті. Сонымен қатар, ғалымдар бүгінде коронавирусқа қарсы вакцина дайындаумен айналысуда.\

 

 

 

– Қазақстан Президентінің осындай ғылыми орталықтарды қолдау туралы тапсырмасы бар. Соңғы оқиғалар халықтың қауіпсіздігі мен денсаулығы мәселесін ғана емес, олардың қаншалықты маңызды екенін де көрсетті. Сіздердің жұмыстарыңыз ел экономикасының дамуына үлкен үлес қосады, кез келген уақытта туындауы мүмкін әртүрлі пандемия зардаптарын азайтады. Әлем жаһандануда және қысқаруда, адамдар аурудың ешкімді аямайтынын түсінді. Бұл жағдайда Қазақстан жаһандық сын-қатерлерге жедел жауап бере алатын өзіндік ғылыми орталықтардың жүйесін құруға тиіс. Облыстық билік зауыттың құрылысына міндетті түрде қолдау көрсетеді. Мәселе мұқият, жан-жақты пысықтауды талап етеді, бірақ ол міндетті түрде оң шешімін табады, – деп атап өтті облыс әкімі.

Отарға мәдениет үйі қажет

Отар ауылындағы №41 мектепке барған облыс әкімі 1979 жылдан бері жөндеу көрмеген білім ошағына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге көмектесуге уәде берді. Бердібек Сапарбаев бес мыңнан астам тұрғыны бар ауылдың өз Мәдениет үйінің жоқтығына қынжылыс танытты. «Біз міндетті түрде мұнда Мәдениет үйін салу керекпіз», – деді аймақ басшысы.

Ағымдағы жылы Қордай ауданындағы жолдарды жөндеуге және салуға жергілікті бюджеттен бір миллиард теңгеден астам қаржы бөлініп, 352 шақырымнан астам жол қалпына келтірілмек екен. Кейбір орташа жөндеу жұмыстары аяқталған. Атап айтқанда, Мұзбел ауылына кіре берістегі жолдың екі километрлік бөлігі пайдалануға беріліп үлгерілген. Облыс әкімі тапсырыс берушіден, аудандық әкімдіктің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі тарапынан тиісті зертханаларды тарта отырып, асфальтсапасын мұқият тексеруді талап етті. Тек содан кейін ғана нысанды қабылдау-тапсыру актісіне қол қойылады.«Ең бастысы – бұл сапа, жол тұрғындарға тек бір жыл ғана қызмет көрсетумен шектелмейді», – деді аймақ басшысы. Ол сонымен қатар бұл туралы жобалық құны 197 миллион теңгені құрайтын Алға-Көкадыр автожолының тоғыз шақырымына орташа жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатқан мердігер «АрсикоСтройИнвест» ЖШС-не де ескертті.

Өңір басшысы сонымен қатар тәулігіне 1000 тоннаға дейін құрылыс материалдарын шығаратын жақын маңдағы кәсіпорын бетонды асфальт зауытында да болды. Өндіріс орны тапсырыс болса бұдан да көп өнім мөлшерін беруге қауқарлы. Жылына 1500 тонна гранит шығаруға қуатты «Техногранит-KZ» ЖШС-де де тапсырыс бойынша қиындықтар кездесуде. Сондай-ақ, компанияда заманауи қондырғылармен жұмыс істей алатын білікті мамандар тапшы.

 

 

Бердібек Сапарбаев Қалғұты ауылында жаңа мектептің құрылыс жұмыстары өте баяу жүргізіліп жатқанын қатты сынға алды. Жұмыстың бар-жоғы 21 пайызы ғана аяқталған. Құрылыс белгіленген мерзімде тапсырылуы керек. Бердібек Сапарбаев мектеп құрылысының жаңа оқу жылының басында дайын болуын қатаң талап етіп, құрылыс жұмыстарының сапалы жүргізілу керектігін ескертті. Балалар ыңғайлы, заманауи және сапалы білім ошағында оқуы керек.Сондай-ақ, Әлжан ана ауылында «Самұрық-Қазына Траст» қорының қаражаты есебінен жүргізілетін дене шынықтыру-сауықтыру кешені құрылысының жобасымен танысты. Әлжан ана ауылындағы №23 мектепте күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде, оған 40 адам тартылған. Бердібек Сапарбаев мектеп ғимаратын жөндеуде оның тек сыртқы келбетін ғана әрлеп қоймай, жөндеу жұмыстары балалар үшін жағымды әсер сыйлайтындай тартымды деңгейде атқарылуына көңіл бөліп, жас ұрпақтың онда білімді әрі тәрбиелі болып жетілуінің маңыздылығын алға тартты.

– Мемлекет тарапынан бір ғана Әлжан ана ауылының мәселелерін шешуге миллиардтан астам қаржы бөлінді. Біз бұл қаражатты тиімді және ең бастысы жергілікті тұрғындардың игілігі үшін пайдалануымыз керек. Қаржы қарастырылды, ендігі басты мәселе – оны қалай дұрыс жұмсау жайы. Бұл біріншіден, жоспарланған жобаларға мұқият қарауды қажет етеді. Екіншіден, олар ел игілігі үшін жұмсалуы тиіс, – деді облыс әкімі Бердібек Сапарбаев.

Қордай ауданына жұмыс сапарының екінші күнінде аймақ басшысы Масаншы, Қаракемер және Ауқатты ауылдарын аралап, ондағы әлеуметтік нысандардың құрылысымен, жол инфрақұрылымымен танысып, жергілікті тұрғындармен кездесулер өткізетін болады.

 

 

 

Аудан бюджеті екі есеге артқан

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың Қордай ауданына жасаған жұмыс сапарының екінші күні ауылдардың әлеуметтік-экономикалық дамуы мен инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруға бағытталды.

Егер бұған дейін Қордай ауданының бюджеті шамамен 28 миллиард теңгені құраса, биыл бұл көрсеткіш екі есеге дейін артқан. Осы орайда мемлекеттік

бағдарламалар шеңберіндегі жобаларды жүзеге асыруға қосымша 20 млрд. теңге бағытталса, тағы төрт миллиард теңгені 7 елді мекенді газдандыруға жұмсау жоспарлануда.

Бүгінде ақпан айында ауданда орын алған оқиғалар кезінде бұзылған тұрғын үйлер мен коммерциялық нысандарды қалпына келтіру жұмыстары қызу жүріп жатыр. Қазірдің өзінде жұмысын бастаған мердігер ұйымдар баршылық. Алайда, кәсіпкерлер Хусейн Сүлеймен, Абдурашид Багиев және Исмар Лутур сияқты кейбір тұрғындар үйлер мен дүкендерді өз бетімен қалпына келтіруді ұйғарған. Осылайша, олар мемлекеттен қарастырылған қаражатты басқа мақсаттарға жұмсау үшін шығындарды оңтайландыруға ықпал етуде.

Облыс әкімімен әңгіме барысында олар көрсетілген көмек пен қолдаулар үшін ел Президенті мен жергілікті билікке алғыстарын білдірді. Мемлекеттік қолдаумен қатар, жергілікті кәсіпкерлер де көмек қолын созуға дайын, қайырымдылық қоры да жұмыс істеуде.

Масаншының дәл ортасындағы жаңа мектеп құрылысы өтпелі нысан болып табылады десек, биыл ол бойынша 550 миллион теңге игерілмек. Осында өткен жергілікті тұрғындармен кездесуде ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Дыдар Двумаров сөз алды. – Біз бұған дейін ауылда мұндай ауқымды жұмыс атқарылғанын көрген емеспіз. Ауыл көз алдымызда өзгеріп келеді. 41 көше жөнделуде, жаңа мектеп, спорт алаңы салынуда. Бұл біз үшін тамаша тарту. Қазіргі таңда Шу ауданында 300-ден астам отбасымыз жеміс-жидек пен көкөніс егумен айналысуда. Осындай қамқорлығы үшін мемлекетке айтар алғысымыз мол, – деді ардагер қуанышын жасыра алмай.

Өз кезегінде аймақ басшысы дүнген диаспорасына су тасқыны салдарынан зардап шеккен Мақтаарал тұрғындарына қол ұшын созып, көрсеткен игі істері үшін алғысын жеткізді. Жыл соңына дейін Масаншы мен көршілес алты елді мекенге газ тартылмақ. Басқа мәселелер де кезең-кезеңімен шешілетін болады. Ең бастысы, Қордай жерінде бейбітшілік пен тыныштық орнауы керек.

 

 

Сондай-ақ, ауылда шағын-футбол алаңшасы, көше тренажерлары мен балалар алаңынан тұратын көпфункционалды спорт алаңы салынуда. Маусымның алғашқы күндерінен бастап мұнда жергілікті балалар мен ересектер жаттығуға мүмкіндік алмақ. Бердібек Сапарбаев нысанды пайдалануға бергеннен кейін спорт алаңын жақын орналасқан мектептің балансына тапсыруды ұсынды.

Масаншы ауылдық округіне Күнбатыс-1 және Күнбатыс-2 шағын ауылдары да кіреді. Күнбатыс-1 елді мекенінде бар-жоғы 200-ден астам адам тұрады. Өңір басшысы ондағы құны 26 миллион теңгені құрайтын медициналық пунктің құрылысымен танысты.

 

 

 

500 тонна қияр жинаған

Ал Күнбатыс-2 ауылында 150 орындық мектеп салынуда. Жұмысшылардың 70 пайыздан астамы жергілікті тұрғындардан құралған. Олар құны 662,8 млн

теңге болатын үш қабатты нысанды 25 тамызға дейін аяқтауға уәде берді. Аймақ басшысы оқу орны директорына жұмыс тобының мүшелерімен қатар құрылыстың сапасына күнделікті бақылау жүргізуді тапсырды.»Greenwill» ЖШС жылыжай шаруашылығы алғашқы өнімнен 500 тонна қияр жинаған. Енді төрт гектар аумақтың жартысына қызанақпен қатар құлпынай егуді жоспарлап отыр. Шаруашылықта 80 адам жұмыс істейді, өнімдерді негізінен Алматы, Қордай және Шу аудандарына өткізу көзделуде. Қаракемер ауылында да оң өзгерістер көп. Ауылды дамытуға шамамен 1,6 миллиард теңге бөлінбек. Спорт алаңы мен дәрігерлік амбулатория салынып, жоба құны 880 миллион теңге болатын ауыз су тарту жобасы жүзеге асырылуда . 11 көшеге асфальт төсеп, алты көшені жарықтандыру жұмыстары жүргізілуде. Қонаев көшесінің бойында кезекке тұрғандарға арналып Қонаев көшесінен екі пәтерлі 10 үйдің құрылысы жүріп жатыр. Аудандағы Ауқатты ауылдық округінде 19 көшенің және №9 орта мектептің күрделі жөндеу жұмыстары басталған. Мектеп ауласына толығымен өрнектастар төселіп, кәріздер жүргізіліп, жылы санитарлық жабдықталуда. Бердібек Сапарбаев мердігерге мекеменің өзіндік қасбетін қалыптастыруды тапсырды, ол үшін білікті дизайнерлер мен сәулетшілерді тарту қажет.

Бұлар батыр ауылында облыс әкімі жергілікті тұрғындардың жайқалған сарымсақ алқабына айрықша назар аударды. Фермерлердің айтуынша, сарымсақ күзде егілген. Оған іргелес отырғызылған картоп өнімі шілде айында жиналмақ. Жер бос болмас үшін, күздік егінге арналған жаңа дақылдар орналастыруға да қазірден әзірлік жұмыстары қолға алынған. Шаруалар тұрақты түрде мемлекеттен субсидия алуда десек, ол оларға үлкен демеу болуда екен. Айналадағы басқа да диқандар егіншіліктің көркін барынша қыздыруда. Бердібек Сапарбаев жергілікті тұрғындардың еңбекқорлығын атап өтіп, олардың жоғары өнім алуына деген тілектестігін білдірді.Сонымен қатар ол ұзындығы 7,4 шақырым болатын «Ауқатты-Бәйтерек» автожолы құрылысының барысымен танысты. Нысан ағымдағы жылдың 31 тамызында аяқталуы тиіс. «Бәрі жер иесінің қолына байланысты. Жерге ұқыптылықпен қарау керек, сонда ол толайым өнім ала алады,» – деді аймақ басшысы.

Айта кету керек, ағымдағы жылы аймақтағы 352 шақырым жолды салу мен жөндеуге 6,9 миллиард теңге қарастырылған. Атап айтқанда, Қордай, Қаракемер, Масаншы, Ауқатты, Булар батыр, Сортөбе, Әлжан ана ауылдарындағы барлық көшелер толығымен асфальтталады.

Қордай шекара өткізу бекетін қайта жаңғыртуға тапсырыс беруші – «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы. Мұнда 5,2 млрд. теңге көлемінде екі кедендік терминал, гараж, тереңдетілген тексеру посты, қоймалар, иттерге арналған вольерлер, қалқа мен қоршаулар салынатын болады. Нәтижесінде шекара пунктінің өткізу қабілеті тәулігіне 15 мың адамға дейін артпақ. Алдағы жылдары Қырғыз Республикасымен шекарадағы барлық сегіз пунктті кезең-кезеңімен қайта жаңғырту жоспарлануда.

Аудан активімен болған кездесуде Бердібек Сапарбаев жергілікті биліктің ден қоюуы керек негізгі бағыттарды атап өтті. Ең алдымен, карантин

режимін және санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтау маңыздылығын алға тартты.

– Мұнда да мемлекеттік даму бағдарламаларының артықшылықтарын түсіндіру жұмыстары дұрыс жолға қойылмаған, содан халықтың кәсіпкерлік белсенділігі төмен.

Қаражатты сапалы пайдалануда азаматтық сектор рөл атқаруы керек, жанашыр азаматтар құрылыс жұмыстарының барысын бақылауға белсенді қатысқаны дұрыс. Сондай-ақ, бизнес иелері өз нысандары мен іргелес аумақтарды ретке келтіруге өз үлестерін қосуы қажет. Құрылыс материалдарының кемінде 90 пайызы отандық өнім болуы тиіс.

Өңірімізді өз көкөністерімен және жемістерімен қамтамасыз ету жайы әлі де өзекті күйінде қалуда. Тағы бір мәселе – ауылшаруашылық өнімдерін қайта өңдеуді дамыту.

Ауыл тұрғындарының тұрмыстық табысын арттырудың пилоттық жобасы да тиісті деңгейде жүзеге асырылмай отыр. Айдың соңында біз оның барлық қатысушыларын жинап, шаруалардың кооперативтерге қаншалықты белсенді қосылғандығын, қанша мал мен жемшөп сатып алатындығын және басқа да бағыттарын талдайтын боламыз.

Біз суармалы суға тәуелділікті біртіндеп азайтуымыз керек, ол үшін шағын су қоймаларын салу ісін тездету қажет.

Бүгінгі таңда бүкіл ел Қордай ауданына, бұзылған құрылымдарды қалпына жедел келтіру және ең бастысы ішкі жағдайдың тұрақтанғандығына ден қойып отыр. Қазір біз барлық қиындықтарды еңсердік, мұндағы тіршілік өз қалыбына түсті деп сеніммен айта аламыз, – деп қорытындылады облыс әкімі Бердібек Сапарбаев.

 

Бетті дайындаған – Бекнұр Сатыбалдиев,

Жамбыл облысы