Қоғамдық көлік мәселесі қала үшін қашанда өзекті

Облыс әкімі Нұржан Нұржігітовтің төрағалығымен өткен жиында облыс әкімдігінің жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Бақытжан Жәнібеков есеп беріп, саладағы қордаланған мәселелерді жік-жігімен баяндады.

– Өңірдегі республикалық маңызы бар автожолдар – 1237, облыстық маңызы бар жолдар – 1756 шақырымды құрайды. Сол секілді аудандық маңызы бар жолдардың ұзындығы – 1 383 шақырым болса, елді мекендердегі жолдардың үлесі – 5 662 шақырым. Биыл облыстағы автожолдарды орта жөндеуге және қайта жаңғыртуға 16,2 миллиард теңге қаралып отыр. Оның ішінде 8,3 миллиард теңге республикалық бюджеттен, 4,4 миллиард теңге облыстық бюджеттен және 3,5 миллиард теңге аудан және қала әкімдігінің қазынасынан қарастырылып отыр. Мұның ішінде автожолдар «Нұрлы жол», «Ауыл – ел бесігі», «Өңірлерді дамыту – 2025» және жергілікті бюджет есебінен жөндеуден өтпек. Негізі басқарма тарапынан 12 миллиард теңге шеңберінде жүзеге асатын жоба әзірледік. Бірақ олардың басым көпшілігі республикадан қаржыландыруды күтіп отыр. Жалпы облыстық және аудандық маңызы бар жолдарды жыл соңына дейін 97 пайызға жеткізуді көздеп отырмыз. Республикалық және облыстық бюджеттерге қарамай, аудандық маңызы бар жолдарды жөндеуге аудандық бюджеттен де қаржы бөлу мәселесін қарастыру қажет,–деді басқарма басшысы. Бақытжан Жәнібеков баяндамасында облыстық маңызы бар автомобиль жолдарын жөндеуге арналған бағдарламаларға жеке-жеке тоқталып, алдағы жұмыс жоспары туралы да тарқатып айтты.

Басқарма басшысының баяндамасынан соң, облыс әкімі Нұржан Нұржігітов автомобиль жолдарын жөндеуді бірінші Тараз қаласынан бастаудың маңыздылығын ескертіп, аудандарды аудандық бюджеттен қаржы қарауды ұсынды.

– Жол сапасына келгенде әуелі Тараз қаласына көңіл бөлу керек. Сонымен қатар дәл қазір жолдардың сапасы көңіл көншітпейтін күйде. Сондықтан бюджеттен қаржы қаралғанда «Жол активтерінің сапа орталығы» мекемесімен келісімшарт жасауды үзбеу қажет. Жаңадан салынған жолдардың жылға жетпей бүлінуіне жол бермейік,–деді Нұржан Молдиярұлы.

Басқосуда Бақытжан Жәнібеков жергілікті маңызы бар жолдардың бүлінуіне әкеп соғатын мәселелер жөнінде де ашып айтты. Сонымен кейбір тақтайдай тегіс жолдардың жылға жетпей бүлінуіне ауыр жүк көліктерінің жиі өтуі кедергі болған. Басқарма басшысы бұл мәселені жедел реттеу үшін облыс бойынша көліктік бақылау инспекциясымен бірлесіп атқаратын жұмыстарды арттыру маңызды екенін тілге тиек етіп, инспекцияға бір дана көлік алу үшін облыстық бюджеттен қаржы қарастыруды ұсынды. Басқарма басшысының айтуынша, жауапты көлік инспекциясында үш бірдей бекет болғанымен, облыстық маңызы бар жолдарды аралауға әзірге тек екі көлік шығады екен. Алайда Нұржан Молдиярұлы осы ұсынысты қабылдау негізсіз екенін айтып, жауапты инспекцияның құзырындағы үш көлікті іске қосып, автожолдарды жиі қадағалауға шақырды. Жиында жол жөндеуге қажетті битумның қоры мен оны сақтайтын қоймалар туралы есеп тыңдалды. Аймақ басшысы осы мәселеге қатысты кедергілерді тыңдай отырып, облыс әкімдігінің экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасымен битумның қажетті қорын күз мезгіліне қалдырмай, ертерек толықтыруға күш салудың маңыздылығын айтып, жауаптыларға тиісті тапсырма жүктеді. Айта кететін жайт, өңірде битум өндіретін 22 зауыт болған соң, тапшылық жоқ. Алайда күзге дейін оның бағасы шарықтап кетуі бек мүмкін.

Басқосуда қала көшелеріне «Сергек» камераларын орнату және қоғамдық көліктердің бағытын көбейту мәселесі төңірегінде де бірқатар ұсыныс-пікір айтылып, нақты шешімдер қабылданды. Мысалы, «Сергек» камераларын орнататын аймақтарды Полиция департаменті қайта нақтылып, бірер күнде жоспарын толықтай дайындамақ. Ал қоғамдық көлік мәселесіне тоқталсақ, қаладағы автопарктерді жаңартуға жергілікті бюджеттен субсидия қарастырылмақ. Әрине, мұның да өз себебі бар. Себебі пандемия кезінде бұрын жеке автобустарымен қатынағандар көліктерін сата бастаған. Сәйкесінше қоғамдық көлік қазір бұрынғыша 42 бағытта емес, 34 бағытта ғана қатынауда.

– Қаладағы автопарктерді субсидиямен жүз пайыз қамту қажет. Биыл елу емес, жүз автобус алсақ, тұрғындардың тілегі орындалар еді. Қоғамдық көлік мәселесі қала үшін қашанда өзекті. Автобус тапшылығы қысып тұрған бағыттардың орнын жылдам толықтыру керек. Екі жылда «Шөлдала», «Көлтоған», «28 саяжай», «Родничок» сынды шеткі аудандардың бағытын реттеуге барынша жәрдемдесу маңызды, – деді Нұржан Молдиярұлы сөзін қорытындылап.

Сәндібек ПІРЕНОВ, Ақ жол газеті