ҚАЗАҚТЫҢ БАТЫР ҚЫЗДАРЫ

АЙБИКЕ АРУ.

Айбике ару Абылай ханның жау тылындағы барлаушыларының басшысы болған. Оның қоластында бірнеше тыңшы, барлаушылары болған. Ол ұзақ жылдар бойы “қолға түскен күң” бейнесіне еніп, қалмақ қонтайшысының ордасында күтуші болады. Жаудың күші мен шапқыншылық ниеті туралы Абылай ханға, Қаракерей Қабанбай мен Қанжығалы Бөгенбай, Шақшақұлы Жәнібек пен Қыпшақ Тілеулі батырларға астыртын құпия хабарлар мен мәліметтерді жеткізіп отырады. Ержүрек қыз Айбике қалмақ тілін өте жетік меңгерген екен. Оның үстіне Тарбағатай мен Алтайдың таулы өңірлерінде, Зайсан мен Марқакөл маңында кез келген уақытта атпен адаспай жол тауып жүре беретін “жер шолғыш” қасиеті де бар екен. Айбике ару Жоңғар мемлекеті құлағаннан кейін өз еліне аман-есен оралады.

⚜ ГАУХАР БАТЫР

Қазақ пен қалмақ арасындағы соғыс кезінде ерлік істерімен ел есінде қалған қазақ батыр әйелдерінің бірі – Гаухар. Ол атақты Қаракерей Қабанбай батырдың жан жары, Бәсентиін Малайсары батырдың туған қарындасы. Қабанбай батырдың қауіп-қатерге толы сансыз жорықтарында Гаухар ана ерекше табандылықпен қанды шайқастарға қатысқан. Гаухар батырдың азан шақырып қойған аты Майсара болса керек.

⚜ НАЗЫМ БАТЫР (18 ғасыр)

Назым батыр Қаракерей Қабанбай мен оның жары Гаухардан туған. Әкесімен бірге 18 ғасырда қазақ-жоңғар соғысына қатысып, Отан қорғаған. 1745 жылғы жоңғар – қазақ шайқасында ерлік көрсеткені үшін хан Абылай өз алтын белбеуін сыйға тартқан.

⚜ БОПАЙ ҚАСЫМҚЫЗЫ.

Қазақтың 1838-1847 жылдардағы ұлт-азаттық қозғалысының ұйымдастырушысы Кенесары Қасымұлының қарындасы Бопай ханымның есімі көпшілікке біршама таныс. Ол Кенесары Қасымұлы құрған хандықтың сыртқы және ішкі саясатына белсенді араласып, аянбай тер төгеді. Бопай қолбасшыға өжеттік, көсемдік, жеңіске деген сенім, салқынқандылық, қайсарлық, шешендік тән болған. Ол Кенесарының ірі шайқастарына қатысқан және партизандық жорықтар жасайтын болған. Бопай Кенесарының барлық кеңестеріне қатысып отырған, ал Кенесары Бопайдың ақыл-кеңестеріне құлақ асқан.

⚜ ЖАПАЛАҚ БАТЫР. (18 ғасыр)

Тілеулі батырдың некелі тоғыз әйелі болған екен. Соның бірі – Тама Есет батырдың туған қарындасы Жапалақ. Ол жарымен бірге жорықтарға қатысып, құралайды көзден ататын мергендігімен қалмақтардың талайларын жайратып салған.

⚜ БОТАКӨЗ БАТЫР (18 ғасыр)

Тама Есет батырдың қызы Ботакөз жас кезінде апасы Жапалақпен бірге жүріп, одан соғыс өнерін үйренеді. Тарихи деректер бойынша 1742 жылы Есет батыр мен Тілеулі батырды Әбілқайыр хан шақыртып, екеуі Орынборға жол жүріп кетеді. Соны біліп алған жоңғарлар ауылдың жылқысын алып кету үшін шабуыл жасап, қуғыншыларды қырып салады. Ботакөз бірден қолына қару алып, 150 сарбазбен шапқыншыларға қарсы шығады. Осы шайқаста Ботакөз қалмақтардың қолбасшысы Қонды тайшыны атының үстінен жұлып алып, сүйретіп әкетеді. Мұны көрген қалмақтар бытырай қашып, көбі садақ оғына ұшады. Қалмақ қонтайшысы қазақ қызынан жеңіліп, қорланады. Ботакөз Есетқызының осы ерлігін растайтын құнды тарихи құжаттар Ақтөбенің облыстық мұражайында бар екен.

⚜ БАҚТЫ БАТЫР (Бақтықыз) (19 ғасыр)

Бақты – Алашорда көсемдерінің бірі, азаттық қозғалысының алыбы Мұстафа Шоқайдың әжесі, Торғай датқаның бәйбішесі. Ол 19 ғасырдың ортасында әкесімен бірге Түркістанды жаулаушы орыс отаршыларына қарсы күресіп, жау торабын барлаушылық қызметін атқарған. Оның тапқырлықтары мен жүрек жұтқан батырлығы туралы аңыз-әңгімелер ел арасында көп сақталған.

⚜ САПУРА БАТЫР (Көктемір)

Ресей патшалығында шаруалар қолын басуға шыққан орыс әскерлеріне қарсы күрестің аты аңызға айналған қолбасшысы. Әйел басымен қол бастауға қымсынғандай, бір құпия тұлға “Көктемір” туралы аңызды таратады. Орыс әскерлері оның әйел екенін білмеген, тек “Көктемір” деп таныған. Олардың дерек көздерінде Пугачев көтерілісі кезінде қазақ даласында “ұстатпайтын ұстын”, “көрінбейтін жан” деп аталған Сапура Мәтенқызы жұмбақ жағдайда өмірден өтеді. Көктемір Сапура қыз туралы ғалым Е.Бекмаханов “Көрінбейтін адам туралы аңыз” атты зерттеу еңбегін жазған.

⚜ ЖӘНДЕЛІ ҚЫЗ (18 – ғасыр)

Қалмақ шапқыншылығы кезінде, кейіннен Алтай-Тарбағатайды қытайлар иемденіп қалмақшы болғанда, ерлігімен, тапқырлығымен аты шыққан қыздардың бір – Жәнделі. Оның руы – Найман. Жауынгерлер оның атын ұран еткен.

#Білгеңге_маржан.
#сақтап_алыңыз.