Қазақ тіліне араша түсер кім бар?

«Орыс тілінің мүшкіл хәліне алаңдаған «ойбай» мақалаларды сайттан оқып, жағамды ұстадым. «Қазақ тілін білмейтін орыстарды қызметте төмендету, аралас мектептердегі орыс сыныптарын жабу т.б. Мемлекеттік тілдің «қарқын алып» бара жатқанына алаңдайды, байғұстар. Қайтейін «Айтқандарың келсін, әумин!» дедім. Тіпті кейбір басылымдағы мақалалар Президент кеңесшісі Ерлан Қаринді, Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовты «АҚШ тыңшысы», Парламент депутаттары Берік Әбдіғалиұлы мен Айдос Сарымды т.б. «ұлтшыл», орыс тілін тұқырту саясатын белсенді жүзеге асырушылар деп, ашықтан ашық қаралап жазыпты.
Баяғыда бабаларымыз «Орыс ойына келгенін істейді» дегенде осыны білді ме екен, ә? Бұрынғы президент, қазіргі елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен бүгінгі президент Қасым-Жомарт Тоқаев мырзалардың тәуелсіздік алған 30 жыл бойы «Орыс тілі ресми тіл деген мәртебесі бар. Ата заңға сәйкес, орыс тілін қолдануға қарсылық қоюға болмайды», – деген сөздерін шыққыр көздері қалай көрмейді? Анау Парламенттегі «Шүлдірбайлар» мен Үкіметтегі «Күңгірбайлар» оларға аздық етіп отырған секілді. «Алтын орданың» заңды мұрагерлерінің бүгінгі сыйқы осы болып тұр. Мәскеуді бірнеше рет отқа ораған Тоқтамыс хан тіріліп келсе, жүнжіген ұрпағына әбден назаланар еді-ау. Жә, делік.
Қазақтан біреу шығып «Мә, саған!» деп, бөрінің артындай шулаған Ресейлік БАҚ – қай елдегі тілдік ахуалды жіліктеп көрсетіп берсе, Қуат Ахметовтің кебін киіп, елден қашып шығып кетуге мәжбүр болады-ау! Олай болса қазақтың алақанында отырған, майлы жерге шалқиған Қазақстан халқы Ассамблеясы осындайда неге бір «Әу» деп жібермейді. Дауысы қарлығыңқы шықса да, қалың қазаққа қанатымен су сепкен қарлығаштай әсер етпес пе?! «Әу» деуге шабыттары келмесе, тым құрыса орыс тіліне қысым жасалып жатыр деген ақпараттың шындыққа сай емес екендігін айтып, ортақ бір мәлімдеме жасап жіберуіне не кедергі? Неге ҚХА мемлекеттік тілге қатысты шаралар тәуелсіз елдің ішкі саясатының басым бағыты екендігін «аш бөрідей шулаған» ресейлік БАҚ журналистерін арнайы шақырып, сұхбат беріп, түсіндіріп, саналарына құйып жібермеске? Құдайға шүкір, ақшадан кенде емес қой. Парламентте 7-8 лауазымды орындары бар. Ақ дегендері алғыс, қара дегендері қарғыс. Қазақ билігінің еркетотай, ерке баласы емес пе? Жақсылыққа жақсылық – әр кісінің ісі, жамандыққа жақсылық – ер кісінің ісі болып шығар еді ғой сонда. Ел алдындағы жер болған беделдері де әжептәуір асқақтай түсеріне кім дау айтар? Егер талап етсек, Отан алдындағы, мемлекеттік саясатты қолдау, тілге жанашыр болу қасиетті борыштары да емес пе?!
Ұлттық орталықтардың ұлттық киімдерін киіп алып, би билеп, ән айтқандары, «достық жасасын, бірлік артсын» дегендері жақсы бастама. Бірақ оны шынайы түрде, елдік ортақ мүддені қорғауға жұмсаса, қандай жарасар еді. Ресей секілді көршілердің жалған тұжырымдарына, журналистерінің негізсіз ақпараттарына «Құмға басын тыққан түйеқұсқа ұқсап» үнсіз қалу ҚХА-ға жараспайтын ерсі қылық! Егер өздері суын ішіп, асын жеп отырған мемлекеттің тіліне жанашырлық танытпаса, орыс халқының «Қасқырды қанша асырасаң да, орманға қарап ұлиды» деген тәмсілі шындыққа айналмақ. Ендеше не тұрыс, сыналар шағың осы кез, Ассамблея!

 

Сәуле Мешітбайқызы,

Қр еңбек сіңірген қайраткері