Қазақ тілін тұтынушы ретінде талап етіңіз!

«Қазақ тілінің қолданысы артпады», «Анау мекеме мемлекеттік тілде қызмет көрсетпейді екен», «Өзге ұлт өкілдері қазақша сөйлемей жатыр» деген сарынды пікірлерді жиі айтамыз. Алайда, өзіміз сол мекемеден мемлекеттік тілде қызмет көрсетуін талап етіп жүрміз бе? Дүкенде тұрған өзге ұлттың сатушысынан қант пен нанды қазақша сұрай аламыз ба? Міне, бар гәп осында тұр. Сондықтан, қоғамды түзету үшін өзіміз түзелу керек екенін ұмытпайық.
Қазақ тілінің бүгінгі жай-күйі туралы әңгіме қозғала қалса, бірден «Тіл туралы заңға» өзгеріс енгізіп, жаңадан заңдар шығару керек, онысыз түк бітпейді» деген сарынға басатын әдетіміз бар. Иә, тіл заңнамасын жетілдіру, ондағы талаптарды күшейту арқылы біраз істің шешімін табатынымыз рас. Бұл бір күнде емес, біртіндеп орындалатын шаруа екені бәрімізге белгілі. Бірақ, қазіргі жағдайға назар аударар болсақ, осы қолданыстағы заңның өзіне бағынбай жүргендер көп ғой. Мұндай заң бұзушылықты жеке меншік кәсіпорындардан да мемлекеттік мекемелерден де жиі байқаймыз. Сондай-ақ, тіл заңнамасын жеке азаматтар да жиі бұзатынын жасыра алмаймыз. Сонда деймін, егер тілге деген жанашырлық санада болмаған жағдайда заңмен ешнәрсе өзгерте алмаймыз-ау деп ойлаймын. Себебі, мемлекеттік тілді күнделікті тұрыс-тіршілігімізге айналдыру үшін ешқандай заң мен кодекстен талап іздеудің, биліктен бұйрық күтудің қажеті жоқ.
Негізі, еліміздің мемлекеттік тілі заң тарапынан қажетті деңгейде қорғалған. Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі дәрежесі Қазақстан Республикасы Конституциясының 7-бабымен айқындалған. Заңның 8-бабына сәйкес мемлекеттік тіл Қазақстан Республикасы мемлекеттiк органдарының, ұйымдарының және жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарының жұмыс және iс қағаздарын жүргiзу тiлi болып табылады. Заңның 11-бабының талаптарына сәйкес мемлекеттiк және мемлекеттiк емес ұйымдар азаматтардың өтiнiштерi мен басқа да құжаттарға қайтаратын жауаптары мемлекеттiк тiлде немесе өтiнiш жасалған тiлде бередi. Міне, бұл мемлекеттік тілдің ресми тілден әлдеқайда жоғары тұрғанын аңғартады. Алайда, осыны толық орындап жатқан кім бар?.. Егер, осы көрсетілген талаптар бұзылған жағдайда біз қалай талап етеміз, кімнен араша сұрай аламыз? Бұл туралы Павлодар облыстық прокурорының орынбасары Р.Қаймолдиннің атына сауал жолдаған болатынбыз. Оның айтуынша, мемлекеттік қызметті қазақ тілінде көрсетуге қарсылық танытылса, сондай-ақ, тіл туралы заңнаманың талаптары бұзылған жағдайда, әр азамат (тұтынушы ретінде де) уәкілетті және жергілікті атқарушы органдарға «Тіл туралы заңның» 25 және 25-2-баптарына сәйкес жүгінуге құқылы екенбіз.
Біз өзіміздің тілдік құқығымызды қорғаудың, қалаған қызметімізді қазақ тілінде алудың тағы бір жолы – тұтынушы ретінде талап ете білу. Яғни, ҚР Тұтынушылардың құқығын қорғау туралы заңына сүйенер болсаңыз, ешкім сізді «ұлтшыл» немесе «бүлікшіл» деп айыптай алмайды. Бұл – елімізге белгілі заңгер, тіл жанашыры Абзал Құспанның тәсілі. Адвокат осы әдіс арқылы талай дауды қазақ тілінің пайдасына шешкенін айтады.
— 1948 жылы Парижде Біріккен Ұлттар Ұйымының адам құқықтары жөніндегі қарары қабылданғаны белгілі. Сонда әр адамның өзіне ғана тиесілі және еш ажырамас құқықтары болатыны жазылған.Соның бірі – өзініңана тілі. Бұл қазаққа ғана емес, барша адамзат баласының жанына жазылған табиғи құқығы. Бұған ешкімнің қол сұғуға қақысы жоқ. Сол секілді біздің де өзіміздің ана тіліміз және еліміздің мемлекеттік тілі болып саналатын қазақ тілінде қызмет алу құқығымыз бар. Қазір Тіл туралы заңның талаптары көп бұзылатыны рас. Менің тәжірибем бойынша тілге қатысты орын алған заңсыздықтардың 90 пайызы жеке меншік орындарында, сауда үйлерде, қоғамдық көліктерде кездеседі. Енді бұған қалай тосқауыл қоямыз дегенге тоқталайық. Біз қазақ тілін тіл жанашыры ретінде емес, қарапайым тұтынушы ретінде талап етуіміз керек. Яғни, қандай да бір заң бұзушылық бола қалса ҚР Тұтынушылардың құқығын қорғау туралы заңмен сотқа жүгініңіз. Сонда ғана жеңіске жетуге толық мүмкіндік бар. Егер қызмет көрсетуші тарап сіздің тұтынушы ретінде қойған талабыңызды орындамаған күннің өзінде өзінің аты-жөні мен лауазымы туралы мәлімет беруге міндетті. Бұл да — заң талабы. Міне, сол арқылы сотқа қай жерде, қай уақытта және қандай қызмет көрсету барысында заң бұзғанын дәлелдей аласыз. Жалпы, бұған дейін мемлекеттік тілге қатысты қозғалған істердің бірі де сотта жеңіліс тапқан емес. Бұл біріншіден, сіздің тілге деген жанашырлығыңыз, екінші, құқықтық сауаттылығыңыз, үшінші, күресе білу күш-қайратыңызға байланысты, — дейді Абзал Құспан.
Қоғам қайраткері, белгілі тіл жанашыры Дос Көшім ағамыз бір сөзінде: «Жалаң ұран, жалған патриотизммен орыс тілді аудиторияның бетін бері қарату мүмкін емес» деген болатын. Расында мемлекеттік тілді төрге шығару үшін біреуге күш көрсетудің немесе көңіліне келер сөз айтудың керегі жоқ. Әрбір қазақ баласы өз ана тілін қолдану арқылы ғана ғазақ тілі – қоғамға қажет тілі екенін сезіндіру керек. Әйтпесе, өзіміз өзге тілде шүлдірлеп жүріп, басқаға қалай өкпелейміз, кімге не үйрете аламыз? Міне, «Өзгерісті алдымен өзіңнен баста» дегенді осындайда айтса керек-ті. Енді осы жерде осыны қалай бастаймыз, не істейміз деген сауал туары анық. Осы ретте тағы тіл жанашыры Абзал Құспанның кеңесіне құлақ жүгінеміз.
— Қоғамдық орындарда, сауда үйлерде және шағын дүкендерде қазақ тіліне деген сұранысты арттыру – студенттердің-ақ қолынан келеді. Мысалы, он студент өзара ақылдасып алыңыздар да жатақхана маңында орналасқан азық-түлік және киім дүкендеріне бір-бірден барыңыздар. Өзіңізге қажетті тауарды тек қазақ тілінде сұрауыңыз керек. Содан бір сағаттан соң тағы екінші адам, одан кейін үшінші адам… Барлығы керекті затты тек қазақ тілінде сұрау тиіс. Міне, осылай бір-екі күннің ішінде он адам баратын болса ол жерде тұрған сатушы зат-тауарлардың атауын қазақша жаттай бастайды немесе қазақ тілін түсінетін басқа сатушы қояды. Бұл – үлкен ұйымшылдықты және бірлікті талап ететін әдіс, — дейді ол.
Иә, көкейге қонымды әдіс, ниет болса қолдан келер тәсіл. Осындай тәжірибені қоғамдық көліктерге де жүргізуге болады. Мысалы: «Жол ақысы қанша?», «Қандай аялдамаға келдік?», «Орталыққа қандай автобус барады және қандай аялдамадан түсеміз?» деген сұрақтарды қазақ тілінде қойып дағдылану керек. Қызметкер мейлі қазақ болсын, мейлі өзге болсын. Қазақ тілінде сөйлеген үшін ешкім сіздің тіліңізді суырып алмайды және содан болып қадіріңіз қашып, құныңыз түсіпейді. Керісінше, қазақ тілінің мәртебесін көтеріп, бұған дейін мемлекеттік тілге миығынан қарайтындардың бір сөз болса да үйренуіне үлес қостым дей беріңіз. Ал, мұны кейбіреулер басқаша түсініп, «ұлтаралық жаңжал шығаруда» деген жала жабуы мүмкін. Бұл жерде ешқандай заңсыздық немесе тәртіпсіздік фактісі жоқ. Бұл – әр адамның тұтынушы ретіндегі талабы. Себебі, кім қандай тілде сөйлеуге ыңғайлы болса сол тілде сөлеу құқығы. Оған ешкімнің қол сұғуына, ол құқығынан айыруына қақысы жоқ.
Жалпы, Қазақстан халқының санасына сіңіп алған мынадай бір қасаң қағида бар. Ол — «орыс тілі – ұлтаралық қатынас тілі» деген ұғым. Бірақ, мұның ешқандай да заңдық негізі жоқ. Бұл – қазақ тілін қабылдағысы келмеген өзге ұлт өкілдерінің немесе орыс тілді қазақтардың қалыптастырып алған термині болса керек. Жазушы-академик Ғабит Мүсіреповше айтар болсақ «Тіл– ұлттың ұлттық белгісі, халықтың тарихы мен тағдыры, әдебиеті мен мәдениеті, дәстүрі мен салты, ән мен күйі, жаны мен тәні, тіпті мінез-құлқы». Өз ана тілімізге өзіміз қамқор болайық, жанашырлық танытайық!

 

Тілеуберді  Сахаба