Қауіпсіздік – балалар көзімен

Батыс Қазақстанда оқушылар арасында ұйымдастырылған «Қауіпсіз демалыс – 2020» челленджінің қорытындысы жарияланды.

Бұл туралы Батыс Қазақстан облыстық білім басқармасының баспасөз қызметі хабарлады. Аталған челленджді облыстық білім басқармасы және БҚО төтенше жағдайлар департаменті ағымдағы жылдың 5-14 қараша күндері аралығында 1-6 сынып оқушылары арасында ұйымдастырды. Челлендж барысында балалар қауіпсіздік ережелерімен танысып, нәтижесінде еркін форматта қауіпсіздік мәселесін түсінуі бойынша Instagram әлеуметтік парақшасына өз таңдауларымен бейнесюжет, фотосурет, суреттер жариялады. Әлеуметтік парақшаға барлығы 434 жұмыс жарияланды.

Келіп түскен жұмыстарды «Bilim Media Group» компаниясының маманы І.Амангельдин, «Гауһар жол» қоғамдық бірлестігінің басшысы Г.Бисенова, «Ақжайық – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің маманы С.Мұқашев, БҚО төтенше жағдайлар департаментінің инженері, азаматтық қорғау аға лейтенанты И.Азамат, облыстық балалар мен жасөспірімдер туризм және экология орталығы директорының оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары А.Әділовалар бағалады. Челлендж қорытындысы бойынша бірінші, екінші және үшінші орын иегерлеріне планшет табысталады.

 

Ләззат ҚАЖЫМОВА

Батыс Қазақстан облысы