«ҚАСІРЕТТІ ҚАҢТАРДАН» ҚАНДАЙ САБАҚ АЛУЫМЫЗ КЕРЕК?

Білім шырағы қайтар 24,
2022 жыл
Жыл басында елімізде болған қанды оқиға жұрттың қабырғасын қайыстырып, еңсесін езіп кетті. Бейбіт шерудің соңы бүлікке ұласып, жазықсыз жандар қаза тауып, әкімшілік ғимараттарға зақым келді. Орны толмас апаттың жай-жапсарын қайталап жатпайық. Десе де еліміздің барлық өңірін шарпыған лаңкестік шабуылға жасөспірімдердің де қатысқаны айтылуда. Олардың нақты саны белгісіз болғанымен бұл жағдай жас буынның тәрбиесіндегі олқы тұстарды көрсетіп бергені сөзсіз. Енді осы «Қасіретті қаңтардан» қандай сабақ алуымыз керек? Туындаған мәселелерді қалай шеше аламыз? Осы сауалдардың жауабын білу мақсатында сала мамандарының тұщымды пікірлеріне құлақ түрген едік.
Ринат Нұрақбаев, облыстық ата-аналар комитетінің төрағасы:
«Әлемді жайлаған жаман аурудан енді есімізді жиып келе жатқанда осындай жағдайдың орын алғаны көңілге кірбің салды. Ал бұған еліміздің келешегі саналатын жас буынның қатысуы сол қайғыны үстемелей түскендей. Әрі олар өздерінің қандай мақсаттары бар екенін де білмеген. Демек бұл олардың саяси сауатының төмендігін білдіреді. Осыдан келіп мұның соңы жантүршігерлік қасіретке ұласты. Бұдан кейін қоғам мүшелері «Неге мұндай жағдайға жол бердік?», «Бала неге ата-анасын тыңдамайды?» деген өзекті сұрақтарға жауап іздеуі тиіс. Әлбетте бұл жерде ата-ананың да кінәсі аз емес. Өйткені өз баласына ие бола алмаған ата-анадан не күтуге болады? Сонда біздің үлкенге құрмет, кішіге ізет, үлкенді сыйлау деген асыл қасиеттеріміз қайда қалды? Әдетте, барлығын қоғамға арта саламыз ғой. Бірақ сол қоғамды өзіміз құрайтынымызды ұмытып кете береміз. Ата-аналар да қоғамның жүгін арқалап жүр. Ата-ана ретінде бұл мәселе мені де бей-жай қалдырмайды. Жарайды, болар іс болды, өткен іс өтті. Енді мұның алдын алу үшін не істемек керек? Алдымен ата-аналармен жұмысты күшейтуіміз керек. Бұрыннан келе жатқан жұмысты одан сайын ұлғайып, нақты іс-әрекеттерге көшуіміз тиіс. Әрі бұл жұмыстар тек қағаздағы есеп немесе анда-санда бір өткізілетін кездесулермен шектелмеуі қажет. Қазір бізде әркім өз қазанында қайнап жатыр. Соның кесірінен білім ордаларында баланың психикасы бұзылмасын, отбасының беделі түспесін деп әр баланың оқу үлгерімі мен тәртібін ата-анасының жеке өзіне айтамыз да, жылы жауып қоя салатын түсінік қалыптасқан. Олай етуге болмайды. Себебі ол да қоғамның мүшесі болғандықтан оны сол қоғам тәрбиелеуі керек. Сонда кез келген саналы адамның намысы оянып, келесіде қоғамның сынына ұшырамас үшін кемшіліктерін түзетуге тырысады. Осы орайда өз тарапымнан білім саласының басшыларына да құлаққағыс айта кеткім келеді. Баланың өмірінде қандай да бір маңызды оқиға, мейлі ол жиналыс, мейлі басқа болсын ата-аналарының да түгелдей қатысуына жағдай туғызғаны жөн. Сонда бала ата-ананың жауапкершілігін, қамқорлығын сезінеді. Тағы бір айта кетерлігі, көптеген мемлекетте сол ұлттың психологиясы жөнінде арнайы пәндер оқытылатын көрінеді. Осыдан біз де үлгі алып, жасауымызға болады ғой. Сонымен қоса барлық мекемелерде аптасына бір күн бір сағат «Отбасы сағатын» енгізгеніміз де артық болмайды. Себебі бабаларымыз айтпақшы «Отан – отбасынан басталады». Бір жанұядағы келеңсіз жағдай асқынып кетсе ол кейін мемлекеттік үлкен мәселеге айналып кетуі бек мүмкін. Бүгінгі күні дастархан басында бүлдіршіндерінің көзінше мемлекетті, билікті жамандап отыратын ата-аналар бар. Сондай алып-қашпа әңгімелердің барлығын отбасында көкейіне түйген бала келешекте өз Отанына қарсы шығады. Оның ақыры кешегідей бүлікпен аяқталады. Сондықтан да осы шараларды қазірден қолға алмасақ тәрбие жұмысының ақсағаны ақсаған».
Пікірлерді жинақтаған
Ш.Жамбыл.