Қарақыстақ халқы қоғамдық қабылдауда белсенділік танытты

Аудан әкімі Е.Садырқұловтың қатысуымен көшпелі қоғамдық қабылдау Қарақыстақ ауылдық округінің орталығы Каменка ауылында өтті. Шараға аудандық прокуратура, полиция бөлімі қызметкерлері,бөлім,мекеме басшылары қатысты.
Қабылдауға Каменка,Тасшолақ,Жалпақсаз,Қазақ ауылы тұрғындары қатысып,өз талап-тілектері мен өтініштерін жеткізді. Жалпы қабылдауға 12 азамат жазылып,өз мұң-мұқтаждықтарымен бөлісті.
Ауыл тұрғындарының айтқан мәселелері бойынша бөлім,мекеме басшылары жауап беріп,бірқатар мәселелер бақылауға алынды, жұмыс жүргізу жоспарланды.

 

Тұрғындардан түскен сауалдар ауыл көшелеріне жаяу жүргіншілер жолын салуды арттыру, Тасшолақ ауылындағы ауыз су құрылысы жұмысының сапасы, жүк көлігі өтетін айналма жол салу, автожолдарға бөгет салу, Танабай көшесін асфальттау,Қазақ ауылындағы орта мектеп пен балабақша ғимаратын жылыту бойынша зерделеу жүргізу,ауыз су құдықтарының ашық қақпақтарын қалпына келтіру т.б. жеке мәселелер бойынша болды. Барлық сауалдар бойынша хаттамалық тапсырмалар беріліп,нақты бөлім басшылары мен жауапты тұлғаларға жауапкершілік жүктелді.

 

Кездесуде ауыл қариялары аудан әкімі Е.Садырқұловқа ауылда атқарылып жатқан жұмыстар үшін алғыс білдіріп,ризашылықтарын жеткізді.
Ауылда Б.Момышұлы атындағы орта мектепке күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілсе,М.Әуезов атындағы орта мектепке қосымша ғимараттар соғылуда.Тасшолақ ауылында ауыз су құрылысы жүріп жатса, Каменка ауылында көше жолдарына орташа жөндеу жұмысы басталды, жаяу жүргіншілер жолы салынды.Көше шамдары орнатылып,ескілері жаңа диодты шамдарға ауыстырылуда.

 

Барлық ауылдың әлеуетін арттыру бағытында оңды жұмыстар жалғасын тауып,халық көңілінен шығуда.
Ең бастысы ауылда талай жылдан бері шешімін таппай келе жатқан көгілдір отын кіргізу мәселесі аудан әкімдігі мен прокуратура қызметкерлерінің ықпалымен оң шешімін табуда.
Қоғамдық қабылдауға келген әр тұрғын бұл туралы өз пікірлерін білдіріп, рақметтерін жаудырды.