Қарағандылық Senim109 қызметі халықаралық байқауда  екінші орынға ие болды

Senim109 Қарағанды бірыңғай үйлестіру орталығы CCGuru Awards «Хрустальная Гарнитура» номинациясының XVIII халықаралық бағдарламасындағы жеңіске бір қадам жетпей қалды. Бұл марапат еуразиялық кеңістіктегі ең озық байланыс орталықтарына беріледі.

Биыл байқауға Ресей, Қазақстан, Беларусь, Өзбекстан, Украина және Қырғызстаннан келген 120-дан астам байланыс орталықтарының атынан 380-нен астам үміткер қатысты. Лауреаттар 43 номинация бойынша анықталды. Қарағанды орталығы «Үздік байланыс орталығы» (халыққа арналған қызметтер мен сервистер) номинациясында финалға шықты.

– Біздің номинацияға 70 қатысушы ұсынылды, – дейді Senim109 директоры Рахат Сәдуақасов. – Байқау өткен жылдың қараша айында жарияланды. Бірінші кезеңде біз өз орталығымыз туралы эссе жаздық. Оның құрылымы мен мүмкіндіктері туралы айтып беру керек болды. Содан кейін біз барлық құжаттарды ұсындық. Ақпан айында бізде төраға бастаған конкурстық комиссия болып қайтты.

 

 

Рахат Сәдуақасов айтқандай, бағдарлама өкілдері біздің орталықтың қаншалықты айқын ұйымдастырылғанына таң қалған.

Нәтижесінде «Үздік байланыс орталығы» номинациясында Саха Республикасының (Якутия) көпфункционалды орталығы жеңіске жетті. Екінші орынға Senim109 ие болды. Үшінші орынды Нұр-Сұлтан қаласының байланыс орталығы иеленді.

«Хрустальная Гарнитура» байланыс-орталықтары және клиенттермен қашықтықтан өзара іс-қимыл жасау индустриясындағы ең беделді, кеңінен танымал кәсіби марапат. Былайша айтқанда, осы салалағы «Оскар» болып саналады.

 

                    Жомарт Шаймұрат