Қарағандылық кәсіпкер Мәскеудегі форумда Қазақстанның креативті индустриясын таныстырады

Қазақстан алғаш рет Мәскеуде, М. Горький атындағы саябақта, 7–10 шілде аралығында өтіп жатқан ресейлік креативті аптаға қатысуда. Форумда ҚР Мәдениет және спорт министрлігі жанындағы креативті индустрияларды дамыту жөніндегі кеңестің мүшесі қарағандылық Ирина Харитонова баяндама жасайды.
– Қазақстанның осы алаңға қатысуы өте маңызды. Бұл халықаралық байланыстарды орнатуға көмектеседі. Бір жыл бұрын біз креативті индустрияларды дамыту жөніндегі тұжырымдаманы әзірлеуді бастадық. Жобаларымыз да бар. Бүгін біз креативті хабтар құру, талантты жастарды дамыту және қолдау туралы ойланудамыз, сондықтан басқа елдердің тәжірибесін зерделеу қажет, – деп атап өтті Ирина Харитонова.
Оның айтуынша, Global Nomads Fashion Awards жобасы өз алаңында әлемнің 3500 қатысушысын біріктірді. Оның мақсаты – Қазақстанның елдік бірегейлік тақырыбын зерттеу, цифрлық болашақ әлеміндегі қазақ халқының көшпелі салты мен мұрасы болашақ цифрлық әлемнің күш-қуат және шабыт көзі болатынын ұғыну.
Ирина Харитонова Қазақстанның креативті индустрияларының даму әлеуетімен таныстырады. Білім беру алаңдары және IT бойынша жергілікті тәжірибе – Террикон алқабы, Қарағандының мәдени-креативті индустрияларын дамыту орталығы да ұсынылатын болады.
Спикер Global Nomads Education білім беру платформасы туралы, брендтік киімдердің алғашқы виртуалды топтамасының шығарылымы туралы айтып береді. Сондай-ақ, әлеуметтік-мәдени жоба – бизнестің қолдауымен Алматыда ашылған ашық аспан астындағы галерея ұсынылады.
Креативті аптаның алаңында Қазақстан мен Ресей арасындағы ынтымақтастық үшін мүмкіндіктерді талқылау жоспарлануда.

Жомарт Шаймұрат