Қарағандыда саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі өңірлік комиссияның бірінші отырысы өтті

Қарағанды облысында саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау мәселелері жөніндегі өңірлік комиссия құрылды. Оған кім кіргені және тарихи әділеттілікті қалпына келтіру үшін қандай бастамалар ұсынылғаны туралы бірінші отырыста белгілі болды. Жиналыс Zoom платформасында онлайн ұйымдастырылды.

— Ел Президентінің тапсырмасы бойынша саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия құрылды. Осындай комиссиялар өңірлерде құрылған. Бұл консультативтік-кеңесші орган. Бүгін біз іс-қимыл жоспарын талқылаймыз, — деді облыс әкімінің орынбасары Абзал Нүкенов. — Біздің облыс аумағында ГУЛАГ жүйесінің бірнеше еңбекпен түзету лагерлері, соның ішінде ең ірісі Карлаг орналасқан. Біз жазықсыз қуғын-сүргінге ұшырағандарды еске алуға құрмет көрсетуіміз керек. Сол жылдары көптеген халықтар, соның ішінде қазақтар да зиялы қауымының басым бөлігінен айырылды. Болашақ үшін есте сақтау және тарихи әділеттілікті қалпына келтіру — біздің азаматтық парызымыз.

Өңірлік комиссияға 28 адам — мемлекеттік және құқық қорғау органдарының өкілдері, қоғам қайраткерлері мен ғалымдар кірді. Төраға болып Абзал Нүкенов тағайындалды. Оның орынбасары Карлаг тарихын зерттеумен көп жылдан бері айналысып келе жатқан академик    Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің ректоры Нұрлан Дулатбеков болды.

Комиссия мүшелері арасында тарихшы, «Тұлғатану» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Нұрсахан Бейсенбекова, «Алаш» партиясының негізін қалаушылардың бірі, қазақ қайраткері Әлімхан Ермековтың немересі Олег Ермеков, этнобірлестіктердің басшылары, облыстық ҚХА мүшелері Увайс Джанаев, Вилен Молотов — Лучанский, Виталий Тварионас, танымал бизнесмен Ерлан Әшім бар.

— Комиссияның міндеті саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық оңалту ғана емес, тарихты бағалау, материалдарды жинау және талдау, — деп атап өтті Нұрлан Дулатбеков. — Университетте біз Қазақстандағы ашаршылық туралы зерттеу жобасын бастадық. Оған ғалымдар мен студенттер қатысады.

Қарағанды облысында қуғын-сүргінге ұшырағандарды жаппай жерлеу картасын жасау көзделіп отыр. Отырыста архивтерді толық құпиясыздандыру қажеттілігі туралы айтылды.

Оңалтуға мұқтаж адамдардың нақты саны белгісіз. Облыстық прокуратураның мәліметінше, 2019-2020 жылдары 311 өтініш түскен. Жағдайлардың жартысында өтініш берушілер саяси қуғын-сүргін құрбандары немесе зардап шеккендер деп танылды.

Естеріңізге сала кетейік, 2020 жылғы 24 қарашада Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық оңалту жөніндегі мемлекеттік комиссия туралы» Жарлыққа қол қойды.

 

                                                                                                                                                         Жомарт Шаймұрат