Қарағандыда 25 отбасы көптен күткен пәтерлерін алды

Бүгінде кезекте тұрғандар мен «Отбасы банкінің» салымшылары қатарынан 25 отбасы өздерінің баспаналарына ие болды. Қарағандылықтар Б.Момышұлы көшесіндегі 26/3 үйде баспана алды.
Адамдар пәтерлерді ұзақ күтті. Бұл үйдің құрылысы 2013 жылы басталды, бірақ мердігер ұйымның банкрот деп танылуына байланысты құрылыс ұзаққа созылды. Содан кейін жаңа конкурс жарияланып, жаңа құрылыс компаниясы анықталды. Биыл 16 қабатты үй аяқталды.
Өткен жылы бірінші блок-секция аяқталып, қоныстандырылған болатын. Енді міне, екінші кезек келді.
Лаура Ихсанова алғашқы 25 бақытты жандардың қатарында болды. Тұрғын үй алу кезегінде әйел адам 2011 жылдан бері тұрған. 2017 жылы ол «Өңірлерді дамыту – 2020» бағдарламасына қатысуға құжаттар тапсырды.
– Әркімнің өз баспанасы болуын, қолжетімді баспана бойынша мемлекеттік бағдарламалардың уақытында орындалуын тілеймін. Мен өте бақыттымын! Енді қызым екеуміз екі бөлмелі пәтерімізде тұрамыз, – деп бөлісті Лаура Ихсанова.
Үйдің ауласында кешенді абаттандыру жұмыстары – балалар ойын алаңдары, тұрақ қалталары, асфальттау, жарықтандыру және т. б. жоспарланған.
Бүгінгі күні 96 пәтердің тек 25-і ғана қолданысқа берілді, ал қалғандары «Отбасы банкі» желісі бойынша «Халықтың барлық санаттарына арналған тұрғын үй» бағыты бойынша құжаттарды қабылдауды бастады.
«Өңірлерді дамыту – 2020» бағдарламасы шеңберінде аталмыш мекенжай бойынша пәтер алуға келесі санаттағы азаматтар қатыса алады: Ұлы Отан соғысының мүгедектері мен қатысушыларына теңестірілген адамдар; мүгедек балалары бар немесе оларды тәрбиелеуші отбасылар; жасына байланысты зейнеткерлер; жетім балалар және ата-анасынан айырылған, 29 жасқа толмаған ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар; қандастар; экологиялық зілзалалар, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар салдарынан тұрғын үйінен айырылған адамдар; көп балалы және толық емес отбасылар, мемлекеттік қызметшілер және бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері.
Құжаттарды қабылдау мерзімі – 2022 жылғы 27-29 шілде аралығында.
Мекен-жайы: Қарағанды қ., Н. Назарбаев даңғылы, 39, OPEN KARAGANDA фронт-кеңсңсі (қалалық әкімдік ғимараты).
Жұмыс уақыты: 09:00-ден 18:30-ға дейін (түскі үзіліс – 13.00-ден 14.30-ға дейін).

 Жомарт Шаймұрат