Қарағанды облысының әскери қызметшілеріне Қасым Аманжоловтың өмірі мен шығармашылығы туралы баяндалды

Қарағанды 44803 әскери бөлімінде онлайн форматта “Ұлы даланың ұлы ақыны – Қасым Аманжолов” деген атаумен шығармашылық кеші өтті. Шараны бөлімнің жеке құрамы Мұхтар Әуезов атындағы орталық қалалық кітапханамен бірлесіп ұйымдастырды.

Кітапхана қызметкерлері әскери қызметшілерге ақын Қасым Аманжоловтың өмірі мен шығармашылығы туралы айтып берді. Биыл ол 110 жасқа толады. Кеште сондай-ақ ақынның “Дариға, сол қыз”, “Өзім туралы” сияқты өлеңдеріне жазылған танымал әндердің шығу тарихы туралы әңгіме өрбіді. Сондай-ақ кітап көрмесі ұйымдастырылды.

Мерзімді қызметтегі әскери қызметшілер өз кезегінде Қасым Аманжоловтың өлеңдерін оқып, оның шығармаларына негізделген әндерді шырқады.

Бүгін біз Ұлы Отан соғысы кезінде Отанымызды қорғаған ақынның өмірі мен шығармашылығымен таныстық. Қасым Аманжоловтың поэзиясынан батырлық пен патриотизмнің көптеген үлгілерін табамыз. Оның шығармашылығы зор тәрбиелік мәнге ие. Осындай тамаша кеш үшін кітапхана қызметкерлеріне алғысымызды білдіреміз, – деп өз әсерімен бөлісті мерзімді әскер сарбазы Георгий Подкуров.

 

                                                                                                         Жомарт Шаймұрат