Қарағанды облысында ауылдағы өмір сүру деңгейі қалай арттырылуда

 

Қарағанды облысында ауылдық жерлерде 276 мыңға жуық адам тұрады. Оларға лайықты өмір сүру деңгейін қалай қамтамасыз ету керек және қала мен ауыл арасындағы алшақтықты қалай азайтуға болады – бұл туралы онлайн режимде өткен аппараттық кеңесте айтылды.

Қарағанды облысында 419 ауылдық елді мекен бар. 2019 жылдан бастап жүзеге асырылып келе жатқан «Ауыл – Ел бесігі» арнайы жобасы ауылдағы өмір сапасын жақсарту құралдарының бірі болып табылады. Екі жыл ішінде 6,6 млрд теңгеге 73 жоба орындалды. Бұл әлеуметтік нысандарды, жолдарды, сумен және электр қуатымен жабдықтау желілерін жөндеу, аулаларды, саябақтар мен гүлзарларды абаттандыру жұмыстары. Жоба 65 мың адам тұратын 16 тірек ауылдық елді мекенді қамтыды. 2021 жылы тоғыз ауылдық елді мекенде 17 жобаны іске асыру жоспарлануда. Фельдшерлік-акушерлік пункттер, дене шынықтыру-сауықтыру кешендерін, сумен жабдықтау және су бұру желілерін салуға, жолдарды жөндеуге баса назар аударылды, — деді Экономика басқармасының басшысы Азамат Мұқанов.

Мысалы, Нұра ауданының Кертінді ауылында фельдшерлік-акушерлік пункт пайда болады, ал Қарқаралы ауданының Егіндібұлақ ауылының тұрғындары жаңа дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде бұқаралық спортпен шұғылдана алады. Бес кент пен ауылдардағы жолдар жөнделеді: Ағадыр, Егіндібұлақ, Молодежный, Топар және Қарабаста. Ақадыр кентінде кәріз желілері мен резервтік су құбыры салынады.

 

                                                                                                                   Жомарт Шаймұрат