Қарағанды облысы тұрғын үй құрылысы бойынша рекорд орнатты

Қарағанды облысы тұрғын үйді пайдалануға беру бойынша тарихи максимумға шықты. 30 жыл ішінде алғаш рет биыл 662 мың шаршы метр пайдалануға беріледі.

– Өткен жылмен салыстырғанда бізде тұрғын үй құрылысы 25%-ға өсті. 2021 жылдың 9 айында 400 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, – деді Сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Абзал Жайлыбаев. – Биыл 662 мың шаршы метрді пайдалануға беру жоспарланған.

Облыстағы ауқымды құрылыс жергілікті еңбек нарығын және құрылыс материалдары өндірісін жандандырды. Жұмыста негізінен отандық өнімдер қолданылады. Бес мыңнан астам адам құрылыс секторында жұмыспен қамтылған.

Жаңа тұрғын үйдің іске қосылуымен кезектілік көрінісі де өзгеруде. Жыл сайын «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша халықтың әлеуметтік осал топтарына 2–2,5 мың пәтер бөлінеді. Бұл жалға берілетін және несиелік тұрғын үйлер – барлығы кезекте тұрғандардың табысына байланысты.

Жыл соңына дейін Қарағанды облысында кезекте тұрған 3 мыңға жуық адам баспанамен қамтылады. Алдағы уақытта 830 мың шаршы метр тұрғын үй салу жоспарда бар.

 

                    Жомарт Шаймұрат