Қарағанды облысы Бизнестің жол картасы бойынша жобаларды қолдайтын көшбасшылар үштігіне кірді

Қарағанды облысы “Бизнестің жол картасы – 2025” бағдарламасының құралдарын қолдану бойынша республикада екінші орын алды. Өңір жобаларды субсидиялау және қол қойылған кепілдік шарттарының сомасы бойынша алдыңғы қатарда тұр.
Тоғыз айда облыста жалпы инвестиция сомасы 41,3 млрд.теңгені құрайтын 2 620 жоба мақұлданды. Оның ішінде 13,9 млрд теңгеге 147 жоба несие бойынша сыйақыны субсидиялау түрінде қаржылық қолдау алды. 109 жоба бойынша 3,2 млрд теңгеге несиелер ішінара кепілдендірілген. Инфрақұрылымды дамытуға 24,1 млрд теңгенің 6 жобасы мақұлданды.
Бағдарламаны іске асыру әлеуметтік әсер береді. Жаңа өндірістер қарағандылықтар үшін жұмыс орындарын қамтамасыз етеді.
Мемлекеттік қолдау жаңа жобаларды іске асыруда ғана емес, қолданыстағы бизнесті кеңейту үшін де қажет. Оған мысал – “КазЭнергоМаш” корпорациясы” ЖШС. Компания 10 жылға жуық табысты жұмыс істеп келеді, оның тұтынушылары энергетикалық сектор кәсіпорындары болып табылады. Корпорация Қазақстан бойынша жабдықтар жеткізеді және шетелге экспорттайды.
Биыл компания айналым капиталын толықтыру үшін несие алды. Мемлекеттік қолдау есебінен қарыз бойынша жылдық сыйақы мөлшерлемесі 6%-ды құрады. Бизнестің жол картасы бойынша несие жалпы мөлшерлемесінің 14,5%-дан 8,5%-ы субсидияланады. Сонымен қатар, корпорация кепілінің жартысына дейін кепілдік берілді.

 

Жомарт Шаймұрат