«ҚАРА ШАҢЫРАҚ» ЖОБАСЫ ЖАРЫҚҚА ШЫҚТЫ

Қазіргі кезде ұрпақ тәрбиесі — көкейкесті мәселелердің бірі болып отыр. Қоғамда болып жатқан жастарымыздың бейбастақ әрекеттері, ұятсыз қылықтары, үлкенге құрмет, кішіге ізеттің азаюы, ажырасу, балалардың жетім қалуы, жемқорлық және т.с. түйткілді мәселелер жетерлік. Оларды шешеміз, күресеміз деп әрекеттер жасаймыз. Бірақ себебі қайда? Түп-тамыры неде? Неліктен сондайға жеттік? Бұл рухани кеселдің емі бар ма?
Осы орайда, Елордамызда Сарыарқа аудандық әкімі Ерғали Қуандықұлы Егембердінің қолдауымен, белгілі отандық ғалымдар, қоғам қайраткерлері, ұлт жанашырлары, сондай-ақ БАҚ өкілдерінің қатысуымен, ұлттық құндылықтарымызға негізделген, Тұрар Шәкеннің «Қара шаңырақ» бағдарламасын талқылауға қатысты дөңгелек үстел өтті.
Іс-шараның мақсаты – ұлттық құндылықтар мен рухани-мәдени мұра негізіндегі тәрбие беретін, ұлттық құндылықтарды дәріптейтін, патриотизмді дамытып, бәсекеге қабілетті ұлтжанды тұлға тәрбиелеуге үлесін қосатын, «Қара шаңырақ» бағдарламасын талқылау.
Алғысөзді осы бағдарламаны қолдап, жан-жақты көмек көрсеткен Сарыарқа аудандық әкімі Ерғали Қуандықұлы Егемберді алып, өзінің ойын, пікірін, ұсынысын ортаға салды.Әкімдік тарапынан қолынан келетін көмегін беруге уәде етті.

 

Дөңгелек үстел барысында ұлт жанашырлары, белгілі ғалымдар, қоғам қайраткерлері, жастар өкілдері, БАҚ өкілдері бағдарламаға қатысты құнды пікірлерін ортаға салды.
Белгілі ғалым, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, экономика ғылымдарының докторы, Жазушылар одағының мүшесі Мырзагелді Кемел: «Қазір қазақтың қарашаңырағының шайқалып тұрғаны рас. «Патша — патша, әке — әке, ұл –ұл болсын, сонда ғана мемлекет болады»,-деген Конфуцийдің сөзі бар. Солай болмай тұр. Ерге әйел басымдылық жасайды. Қызды, ананы, әйелді тәрбиелеу керек жалпы, жақсы әйелден жаман бала тумайды негізі. Біз әуелі экономика, сосын саясат деп келдік. Ол дұрыс болмады. Мемлекет болсын, отбасы болсын экономика, әлеуметтік қорғау, руханият сынды үш тұғырдан тұрады. Руханият мәселесі кейін қалды. Мен бұл жобаны толығымен қолдаймын. Өз тарапымнан ақыл-кеңесімді аямаймын. Бірақ бұл жобаға жастарды көбірек тарту керек»,- деп өз пікірін білдірді.
Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, тарих ғылымының докторы Жамбыл Артықбаев қазіргі қазақ отбасы үлкен дағдарыста екенін атап өтті. Ғалым: «Мұндай дағдарыс 18-ғасырда соңында болған, тіпті әдебиетте ол зар заман деп аталғанын айта келе, 19 ғ. жаңа қазақ отбасының моделі қалыптасты. Ол мықты модель болды. Бұл модель Абайды, Алаш қайраткерлерін дүниеге әкелді. Сол кезде қазақ қоғамында кешенді шаруашылық, меншік болған. Меншікке ие адамдар көп болса, халықтың жағдайы жақсы болады. Кезінде аталарымыз меншік иесі болған, сондықтан да отбасына сыйлы болған.

 

 

Менің ойымша, біз 19 ғасырдың соңы, 20-ғасырдың басындағы отбасы моделін үлгі етіп алуыымыз керек. Совет өкіметі бұл моделді жойды, тек отбасын ғана емес, қауымды жойды. «Бәрін мемлекет шешетін, мемлекет асырау керек»,- деген ұғымды сіңдірді. Халыққа «партия мен үкімет аман болсын»,- деп үйретті. Міне, қазіргі орын алып жатқан жағдайлар соның жемісі. Ал бабаларымызда, үкімет деген түсінік болған жоқ. Отбасына, ұрпағына деген жауапкершілік болған. Бұл жағдайларға халықты кінәлауға болмайды. Бұл Совет үкіметі саясатының зардабы.

 

Тұрар Шәкеннің идеясымен қолға алынып отырған «Қара шаңырақ» бағдарламасы бүгінгі таңда өте қажетті жоба. Бұл мен айтқан отбасы моделін қалыптастыру үшін керек! 19-20 ғ. қазақ қоғамында әйелдің орны мығым болған. Қазақтың әйелінің қашан да өз орны болған, ол төмен болмаған, өйткені ер азамат жаугершілікте жүреді. Шаруашылығы, бала тәрбиесі әйелдің қолында болған. Әйел теңдігі деп жүрміз. Қазақ қоғамында онсыз да үйлесімді теңдік болған.
Кезінде Совет үкіметі жойған қауым мәселесін көтеру керек. Өйткені қазір әр отбасы өзінің проблемасымен өзі қалған. Мына көрші өзбектерде Махалла тәртібі деген бар. Олардың жанында Ақсақалдар кеңесі деген бар. Біз де Пәтер иелері кооперативтерін (ПИК, КСК) махаллаларға жақындатсақ. Мен Махалла үлгісін зерттеп, оның жобасын жасап беремін. Әр ПИК жанынан Ақсақалдар кеңесін, мына «Қарашаңырақтың» филалдарын құру керек»,-деп атап өтті.
Сондай-ақ Құрметті ұстаз, «Білім беру ісінің үздігі», «Ы.Алтынсарин төсбелгісінің иегері», қоғам қайраткері Оспан Қажы Сүлейменұлы, «Егемен Қазақстан» газетінің журналисті Анар Төлеухан да, Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы Астана және Ақмола облысының басшысы Қарлығаш Бекпатшақызы, «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығының басшысы Батырхан Жұмабаев, №59 мектеп-лицейі директорының оқу-әдістемелік жұмыс жөніндегі орынбасары Зәмзәгүл Кенжехметова, «Заң» газетінің журналисті Айша Тұрмағамбетова, «Қазір Кz» порталының бас редакторы Базаргүл Үмбетова, Сарыарқа ауданы әкімдігінің Ұйымдастыру-бақылау бөлімінің басшысы Ерболат Исаков, жеке кәсіпкер, қоғам белсендісі Баян Ахатаева, «Самғау» мұғалімдердің біліктілігін арттыру орталығының басшысы Ақылжан Қарағойшин, журналист Бердібек Хабай, «Айтшы, Әжетай» журналының бас редакторы Сандуғаш Нұрқанова, ұстаз Бота Баман сынды қатысушылар өздерінің пікірлерін ортаға салып, ұсыныстарын айтып, жобаға атсалысатындарын айтты.

Дөңгелек үстелге қатысушылар «Қара шаңырақ» жобасын бір ауыздан қабылдады. №59 мектеп-лицейі директорының оқу-әдістемелік жұмыс жөніндегі орынбасары Зәмзәгүл Кенжехметова жобаны Білім басқармасы арқылы мұғалімдердің Тамыз конференциясына ұсыну жайлы өз пікірін білдірді. Бұл пікір қолдау тауып, қолға алынатын болды.
«Қара шаңырақ» жобасын қолдаған қатысушылар жобаны бала бақшалар мен мектептермен қоса, ПИК (КСК), сондай-ақ қоғамның барлық іргелі салаларына енгізуге ұсыныс жасады. Жобаны бұқаралық ақпараттық құралдар арқылы насихаттау қолға алынбақ.

 

Тұрар Сәттарқызы