«Қара шаңырақ» бар, бірақ оның «уығы» жоқ, «іргесі»жоқ!

Түркі жұртының «Қара шаңырағы» болып қалған, Ұлы Даланың өркениетінің мұрасы сақталып, тарихтың талқысына түсіп, «мың өліп, мың тірілгеніне» қарамастан көптеген халықтардың өкілдерінің басын біріктіріп, бауырына басқан Қазағым, тағы бір (Бесінші Қаңтар оқиғасы) тарихи сыннан өтіп, Жаңа өмір, Жаратушының берген мейрімділікке толы ұлттық құндылығы мен тілін, дінін сақтаған Мейірімді қоғам құруға аяқ басты.
Президентіміз Қасым- Жомарт Тоқаевтың «Жаңа Қазақстан» құру бағдарламасын барша қазақстандықтар, әсіресе ұлтымыздың рухани жаңғыруын барынша қолдайтындарға ерекше күш, талпыныс, жаңа тың идеялар мен игілікті істеріне арқау болды. Отыз жылдық тәуелсіз жылдарымызға қорытынды шығарып, баға беруді тарихтың еншісіне қалдырып, ұлттық жадымыздың оянуына қадам жасалды.
Бұған дәлел, «Қара шаңырақ» ұлттық тәрбие беру мектебі кеше ғана елорда маңындағы «Сарыжайлау» этноауылында мүлде ұмыт болған «Баланы ашамайға мінгізу» ұлттық дәстүрді қайта жаңғыртты. Бұл Ұлт тарихындағы ерекше оқиға дер едім, себебі сан ғасыр отаршылдықты басынан өткізіп, ұлттық болмысын жоғалтқан, кеше ғана тәуелсіздік алып, әлі де, құлдық санадан толық оянбаған қазағымның, бүгінгі күні «Жаңа Қазақстан» даму кезеңіне аяқ басқан жауапты сын сағатында мемлекетқұрушы ұлттың «Қара шаңырағының» қайта түлеуі дер едім.
Жаны нәзік болса да, ер азаматтан артық қайраты бар Тұрар Сәттарқызы Шәкен мен Алтынай Мұратжатқызы Тәңірберген бастаған ұлтшыл, мемлекетшіл қыздарымыз мемлекеттік стратегиялық идеология саласында жіберілген кемшін тұстарды түзетуге батыл қадам жасап, «Ұлттық рухани жаңғыртуды» нақты іспен көрсетіп, 30 жылда қолға алынбаған руханиятты қайта түлетіп жүр.
«Қара шаңырақ» ұлттық тәрбие беру жобасының Сарыарқа ауданы көлемінде қалай бастау алып, кейін ауқымы кеңейіп, ұлт болашағы үшін маңызды рухани іс-шараларды жоғары деңгейде өткізіп жүргеніне куәміз. Қаншама қиындықтарға қарамастан қазақтың қаршадай қыздары бастаған топ «Қара шаңырақ» ұлттық тәрбие беру мектебінің аясында өскелең ұрпақ үшін аса қажет бірқатар авторлық ұлттық жобаларды жүзеге асырып үлгерді. Атап айтсақ, «Ертегі – ел ертеңі», «Ана алақаны», «QAZAQ alemi» орталығы, «Сарыжайлау» этноауылы, «Qapsyrma», «Шашақты шашбау» және т.б. Тұрар Сәттарқызы Шакен мен Алтынай Тәңірберген бастаған қазақтың қайсар рухты қыздары атқарған іс-шаралардың қай-қайсысын алсақ та, кез-келген адамның жүрегін тебірентіп, ой салары сөзсіз. Барлық іс-шараларға «Елорда билер кеңесі» қоғамдық ұйымы, «Ұлттық мүдде» ҚБ және «Тарихи атажұрт» ҚБ мүшелері, ақсақалдар қатысып, ақыл-кеңестерін айтып, бата-тілектерін білдіріп, рухани көмектерін көрсетуде. Оған қоса, Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі, Нұр-Сұлтан қаласының мәслихаты да қолдау білдіруде.
Ұлт болашағына бей-жай қарамайтын, келер ұрпақ алдында жауапкершілік жүгін сезінген әрбір қазақ мұндай ұлттық жобалардың бүгінгі жастарымыздың келешегіне аса қажет маңызды жұмыс екенін айтпасақ та түсінері сөзсіз. Ендігі кезекте «Қара шаңырақ» ұлттық тәрбие беру мектебінің республика көлемінде қызмет атқарып, ұлттық жобаларын ары қарай іске асыруы үшін ҚР Мәдениет және Спорт министрлігі, ҚР Оқу-ағарту министрлігі, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі, өзге де мемлекеттік органдар жан-жақты қолдау көрсетуі қажет. “Мен қазақпын” деген пейілі кең, жүрегі жомарт кәсіпкер азаматтарымыз да көмек көрсетуден аянып қалмауы тиіс. Біріншіден, өзінің жеке ғимараты болуы керек. «Қара шаңырақ» ұлттық тәрбие беру мектебі жалғыз қазақ ұлтының ғана емес басқа да 130-дан астам этнос өкілдерінің жас ұрпағына ауадай қажет ұлттық жоба екенін біздің Қазақстан халқы Ассамблея басшылығы ескеруі керек. Мемлекет құрушы ұлт ретінде елордада қаңырап бос тұрған «Дом дружбы» ғимаратын «Қара шаңырақ» ұлттық тәрбие беру мектебіне берсек, бүгінгі қоғамның дертіне айналған өзекті көп мәселелердің түйіні шешіліп, өскелең ұрпаққа, жастарға рухани-өнегелік тәрбие берілсе еліміздің өркендейді. Сонда ғана киелі қазақ жеріне тағдырдың айдауымен келген халықтарға құшағын жайып, соңғы нанын бөліп берген қонақжай, мейірбан, дархан мінезді қазақ халқын елімізде тұрып жатқан 130-дан астам түрлі этнос өкілдері жаңа қырынан танып, ұлт тарихына, тіліне, діліне, мәдениетіне құрметпен қарап, өздеріне үлгі-өнеге алады.
Екіншіден, осындай ұлт үшін маңызы зор ұлттық жоба мемлекеттік идеологияға айналып, мемлекет тарапынан қаржылық қолдау тауып, толығымен іске асып, республикаға кең таралуы керек. «Қара шаңырақ» ұлттық тәрбие беру мектебінің бастамасымен тұңғыш рет жүзеге асқан «QAZAQ alemi» орталығы – қазақ тілін, әдебиетін, мәдениетін, тарихын, салт-дәстүрін, дүниетанымын «жұмсақ саясат» арқылы дәріптеп, еліміздегі этникалық топтардың мемлекеттік тілге деген қызығушылығын арттырып, қазақ тілінің қолдану аясын халықаралық деңгейге шығаруға үлесі мол болар еді. Нәтижесінде «Бір ел – бір тіл» идеясының аясында барша Қазақстан халқы қазақтың қасиетті қара шаңырағының астына жиналып, ынтымағы мен бірлігі жарасқан, ырысы мен несібесі артқан біртұтас рухы биік ұлтқа, мықты кемел мемлекетке айналады.
Ел ертеңі болар өскелең ұрпақтың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіріп, ұлт тарихына, ата жұртына, ата тегіне, ана тіліне деген сүйіспеншілігін оятатын «Сарыжайлау» этноауылына барлық жағдай жасалса, еліміздің бас қаласындағы ішкі туризм дамып, тек Түркі жұртшылығы ғана емес Еуропа елдерінің балалары да қазақ ұлтының дүниетанымымен танысуға мүмкіндік алар еді. Осылайша, ұлтымыздың өткен тарихи-тағылымды істерінен үлгі-өнеге ала отырып, оны жаңа заманның талабымен сабақтастырып, бүгінгі «Жаңа Қазақстандағы» заманауи қазақтың озық бейнесін қалыптастыратынымыз сөзсіз.

Қажымұрат НӘСИҰЛЫ,
Ардагер ұстаз, ҚР Білім беру ісінің үздігі