ҚАЙТА ҒАШЫҚ БОЛАМ-АУ…

 

Көктем келді, тағы да көктем келді…
Біз қыдырған гүл жапты бөктерлерді.
Сағынам тау самалын… өпкен желді,
Қол бұлғап, қош қалқатай дескен жерді.

Еске салып баяғы өткендерді…
Биыл көктем жай келмей, өктем келді,
Өткен өтті… өкініп не қылайын,
Кімге керек айтқаным өкпемді енді.

Ұмытамын қарағым өкпемді енді,
Қайта сүйе бастаймын… жек көргенді.
Неге сені қайтадан ойлай берем,
Қайта ғашық болам-ау, сөксең де енді.

Сөнбейтін ішке түскен өртім бе едің
Сол баяғы қалпында сертім менің,
Көктем сайын қайтадан қозатұғын,
Сен менің жазылмайтын дертім бе едің?

Білмеймін, қайта мойын бұрасың ба,
Қоясың… көз алдымда тұрасың да.
Қайта оралам дегенім бекершілік,
Мен сені ұмытқам жоқ расында.

Әділбек Қаба
(«Махаббат маусымы» топтамасынан)