ҚАБІР ҚАЗҒАН… (Ақсақал айтқан әңгіме желісімен) (Басы.1-ші бөлім)

…Моланың астынан ыңырсыған дауыс естілді. Денесі дір етті. Құлағын түре тың тыңдап көріп еді әлгі ыңырсыған дауысты тағы естіді. Бұл не? Адам ба? Әлде мұның күмбезді паналағанын аруақтар жақтырмай, мазасызданып жатыр ма?
«Бісмілла, бісмілла… амалсызбын ғой, енді басқа қайда барам…», — деді Құрманғазы күбірлеп. Сөйтті де қабірстанда жатқан аруақтарға арнап бір дұға оқымақ болып жүресінен отыра бергені сол еді, манағы дауыс тағы шықты. Бұл жолы жақыннан және анығырақ естілді. Құрманғазы қорықса да өзі паналап отырған күмбзеден сыртқа шығып, тағы құлақ тосып көрді. О, тоба! Ыңырсыған дыбыс күмбездің тура іргесіндегі топырағы кеппеген қабірден шығып жатыр. Өзі қорқып тұрған бұның денесі тітіркеніп, жүрегі ауызына тығылды. Ойпырай-ә, бұл не өзі? «Қабіршілер өлген адамды жерлеп, қырық қадам ұзағанда Мәңкір, Нүңкір тергеуді бастайды» дейтін молдалардың сөзі рас болғаны ма? Қанша қорықса да жас қабірге жақындап, құлағын салды. Жер астынан құмыға жетіп жатқан шынымен-ақ адамның ыңырсыған дауысы сияқты. Түн түңлігін түсіріп, айнала жым-жырт болып ұйқыға кеткен сәтте дыбыстың күшейіп жететін әдеті. Ақымдағы дыбыс Мәңкүр-Нүңкірдің тергеуінен гөрі жанталасқан тірі адамның дауысына көбірек ұқсайтындай көрінді…
Құрманғазының санасын «жас қабір астындағы тірі адам болуы мүмкін ғой» деген ой билеп алды. Аршып алайын десе, өзі қашып-пысып, молаға түнеп жүргенде мұның қабір қазып жатқанын біреу-міреу көрсе, құтылмас бәлеге қалары анық. Исатай мен Махамбеттің көтерілісін қуаттаған күйлері бүлікші деп танылғалы Ресей патшасының итаршылары мен орда сұлтандары ізіне түсіп алған. Түрмеден қашып шығып, туған жерден алысырақ кетпек ниетпен, күндіз жортып, түнде моланы паналап салт келе жатқалы қанша күн. Енді мұның көр қазып жатқанының үстінен түссе жұрт би шешімін күтпей ақ ат құйрығына байлап өлтіретіні анық. О заманда бұ заман, қабір қазғанды кім көрген. Жоқ болмайды. Одан да күмбезге барып ештеңе көрмеген, ештеңе естімеген адамдай ұйқыға бас қояиын. Ертемен ары қарай жолға шығармын…
Іштей осы ойға бекіп кері бұрыла беріп еді көр түбінен «аааа-иии!» деген дауыс тағы естілді. Құрманғазы бұл жолы тірі адамның дауысын естігеніне сенімді еді. Одан әрі ойланып жатпады. Бағанадан бергі үрей, қорқыныш қолмен сылып тастағандай зым-зия болып, жас топырақты қос қолдап қаза бастады…
Жас қабірдің беткі топырағы жұмсақ болғанымен, астыңғы жағы тығызданып қалған екен. Сәлден соң жалаң қолдың шамасы жетпей, көбелері сөгіліп, қан көріне бастады. Қасиетті қара домбыраның пернелерінен әуезді күй төгетін салалы саусақтары қабір топырағын аршиды деп ойлаған ба? Қанша ауырсынса да егер топырақ астындағы адам тірі болса, оның сағаты санаулы екенін, жанын аман алып қалу тек өз қолында екенін ойлаған сайын одан әрі қимылын ширата түседі. Сәлден соң ол қара терге малшынған шекпенін шешіп, лақтырып жіберді. Сосын жан-жағынан мына топырақты босатуға ыңғайлы бірнәрсе іздеді. Жұртқа ұқсап беліне қанжар тағып, қонышына кездік салып жүрсеші. Бірінші рет қылыш орынына домбыра асынып жүргеніне налыды. Жан-жағын қанша түртінектесе де қою қараңғылықта жақын жерде ешнәрсе көзге түсе қоймады. Ай сәулесіне шағылып жылтыраған нәрсеге қолын созып еді, өзінің күміс ертоқымының басы екен. Осы сәтте көзі ертоқымның үстіне қарай қайырылып жатқан үзеңгіге түсті. Үзеңгінің кетпендей жалпақ темір табандығы, топырақты жұмсартуға әжептәуір әл берері анық еді.
Осылайша тоқтаусыз қимылдаған Құрманғазы көп ұзамай ақымға да жетті-ау…
Қабірдің ақымын ашып қалғанда сап ауа ішке сау етті де, әуелі, іштегі адамның тұншыға тыныстағаны естілді, ізін ала екі дүние ортасындағы пақырдың жанұшырған дауысы шықты…
Құрманғазы кебіндеп оралған адамды ақымнан суырып, сыртқа алып шыққанда ол терең тыныстап барып, талықсып кетті. Оны өзінің шапанының үстіне жатқызып, қақ төбеге шыққан Айдың сәулесімен өзі жаңа ғана құтқарған адамның бетіне үңіліп еді, о, тоба…
(Жалғасы бар)

Әділбек Қаба