ЕЛ ПРЕЗИДЕНТІ Қ.ТОҚАЕВ БИЛІККЕ ҮЛГІ КӨРСЕТІП ОТЫР

Бүгін Президент Қасымжомарт Кемелұлының туған күні екен! Құтты болсын айтамын! Алла Тағала ұзақ ғұмыр берсін оған!

Айтайын дегенім, кешеден бері президенттің туған күнін тойламауын үлкен жетістікке санап, құлаш-құлаш посттар жазып жатқандар бар. Кейбір жазбалардан жағымпаздықтың «исі мүңкиді». Неткен «сасық» еді!  Жүрек айныйды!

Мүмкіндікті жіберіп алмауға тырысады қайтсін енді байғұстар….

Кейбірінен шынымен-ақ әділ пікір аңғарылады. Байыпты, байсалды. Өсер елдің баласы бірін бірі батыр дейді деген осы -ау деп сүйсінесің!

Сынап жатқандар қарасы да мол. Онсыз енді болмайды ғой. Халыққа жүз пайыз ұнау деген қайда! Сын түзелмей мін түзеле ме, ағайын!

Ел президентіне сенім артып, жүрекжарды ойларын жеткізіп жатқан ақкөңіл ағайынға риза боласың осындай да! Олардың арманы елдің тыныштығы мен бірлігі ғой қашанда!  Бақай есеп дегеннен бехабар ғой бұл халық!

Туған күн туралы сөз қозғалғанда есіме, бір заманда Мұқағали ақынның «Бүгін менің туған күнім, о, пәлі-ай,

Мына халқым неге жатыр тойламай» деп жырлағаны түседі.

Біреуге арман болған туған күн, бүгінде біреулерге түкке тұрмайтын  дүниеге айналды. Қынжыласың, қайтесің…

Менің жеке пікірім бойынша, туған күнді тойлау, тойламау әр адамның жеке шаруасы. Ол президент бола ма, басқа бола ма, бәрібір.

Бір адамдар болады, туған күнін дүркіретіп атап өтеді. Бар ма, жоқ па қарамайды, Ақ түйенің қарнын жарып тастайды. Жаңбырша жауған тілектерден күш-қуат алып марқайып қалатын шығар, ләззат алатын шығар бәлкім. Түсіністікпен қарау керек оған да.

Енді бір адамдар болады, туған күнге өте қатты мән беріп жатпайды. Бала-шағасының ортасында атап өтсе атап өтер, алайда көптен құрмет күтіп отырмайды.

Менің байқауымша Президент Тоқаев осындай адам секілді. Тіпті отбасында бала-шағасының да туған күні аталып өтілмейді екен. Бұл үшін оны кінәлауға бола ма? Жоғары да туған күнді тойлау әр адамның жеке шаруасы дегенім бекер емес.

Әрине бұл жерде, ақын Тұманбай Молдағалиевтің «Өзге тойды тойламасаң өзің біл, балалардың туған күні тойлансын» деген  жырын Президент оқыса да, ұмытып қалғаны байқалады. Мүмкін қалыптасқан дәстүрді бұзғысы келмейтін шығар. Ішіне кіріп шыққан жоқпыз, қайдан білейік.

Өйткені бұған дейін қаншама лауазымды қызметтерді атқарып жүрді. Бір рет болса да, Тоқаевтың туған күнін дүркіретіп тойлап жатыр дегенін естімеппін. Тойласа кім қой дей алады? Тіпті мемлекеттік деңгейде атап өтуге бастамашы болатындар жоғарыда жетіп артылады. Оларға бір емеуіріннің өзі жеткілікті. Күні үшін олар бәріне дайын!

Ел көрген, жер көрген, дамыған еуропаның мәдениеті мен ашықтығын бойына сіңірген, ішкі, сыртқы саясаткерлердің бірде-біреуі жемқорлық дертіне ұрынған деп айтуға бата алмаған Президент Тоқаев, демек, туған күнді тойламау арқылы, өзге шенеуніктерге де дарақылықтан, мақтанқұмарлықтан сақтануға жол көрсетіп отырмасына кім кепіл! Өйткені президент бәріне үлгі!

Егер Тоқаев тек ана тілінде сөйлесінше, «тілін жұтып қойғандардың» бәрі сол сәтте «кере құлаш тілдерін» көрсетер еді. «Исатай басшы мен қосшы»  деген сол!

Қалай десек те, Тоқаевтың бұл қадамы «бір адамға табынудан» билікті қорғап отыр! Әйтпесе, билік қана емес, тәуелді БАҚ -тың өзі  президенттің туған күнін «жырлап» кетер еді….

Бәлкім халыққа да осы қылығымен ұнай түсер. Алдағы уақытта да өзгелерге үлгі болатын игі істердің алдынан көруге жазсын оны!

Ал Тоқаевтың әріптесі, ұстазы, бұрынғы президент Назарбаевтың туған күнін 6 шілде күні Астана күнімен орайластыра  тойлауы, жұрттың бәріне бірдей ұнады деуге аузым бармайды. Қаншама қаржы желге ұшты, қаншама халық байлығы» жер құшты».

Оның бәрін көзбен көргендер, сөзбен «демегендер» әлі күнге билік басында мүлгіп отыр.

Жағымпаздық, жалтақтық солардан бастау алған. Аттандағыш, арандатқыш, ұрандатқыш немелердің іс-әрекеттерін таразыға Тоқаев мырза тарта алса, көптеген былық пен шылықтың беті ашылар еді!

Президент Тоқаевтың соңғы кездердегі халықпен санасуы, олардың мұң-мұқтажына көңіл бөле бастауы, демократия талаптарына деген ізгі бастамалары дәтке қуат береді. Әлі де жетілдіретін тұстары баршылық!  Әйтсе де пейіл түзу!

Ең бастысы жалтақтамай —  билікті толықтай қолға алуы керек. Сонда ғана тың өзгерістерге жол ашылмақ!

Бәрі де Тоқаевтың туған күнін тойламауынан басталып кетіп отыр ғой. Амандық болса енді екі-үш жылда — 70 жасқа иек артады Тоқаев мырза. Сол уақытта ел экономикасы еңсесін түзеп жатса, риза болған халықтың өзі — ақ астына ат мінгізіп, иығына шапан жабары анық. Нағыз той сол емес пе?

Бүгінгідей қиын кезеңде туған күн ғана емес, бей-берекет отырыстар, пайда бермес форумдар мен жиындарға де шектеу боларына сенеміз!

Ел Президенті Қ. Тоқаевтың туған күні құтты болсын!

 

Сәуле Мешітбайқызы