«Президент сыйлығы» Журналистиканың «қара нарларына» берілуі керек

Өткен апта Баспасөз күндері болумен айшықталды. Журналист қауымы дәл осы аптада мерейі тасып, еңбектері еленіп, марапатталып, сыйлықтар алып бір жасап қалды. Алғаны жөн. Бірақ біздіңше, басқа-басқа журналистерді марапаттауда әділетсіздік болмауы тиіс. Мәселен еліміздегі ең беделді, ең үлкен сыйлық ол — «Президенттік сыйлық». Олардың кімдерге беріліп жатқанын көріп, біліп жүрміз. Көбінесе бұл сыйлықты, алғысты алатындар мемлекеттің қамқорлығына бөленіп жүрген мемлекеттік БАҚ өкілдері. Ал жекеменшік (әрине олар да мемлекет үшін, ұлт үшін қызмет етіп жүргендер) БАҚ бұл марапаттаулардан үнемі сырт қалады. Мен екі-үш жыл бұрын алмайтынымды білсем де бұл сыйлыққа өзімді өзім ұсынып көрдім. Мақтанғаным емес жалы күдірейген «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш»), «Қазақ әдебиеті», «Ана тілі» газеттерінде, ал «Қазақстан Zaman»-ында 15 жылдай үзбей жұмыс істеп келемін. Әріптестерім «Қазақ баспасөзінің қара нарысыз ғой» деп әспеттегенде едәуір көтеріліп қаламын. Иә, осы қиын да ауыр мамандықта 50 жылдай үзбей еңбек еттім. Бір орденім жоқ. Мәселе онда емес. Тек «…қадіріңнің қашқанына» намыстанады екенсің. Иә, сөйтіп мен өзімді «Президент сыйлығына» ұсындым. Адам деген жоқ. Ең болмаса алғысты да қимады. Кеше ғана баспасөзге келгендер алғанда таң қалдым. Бұл жерде өзімді өзім насихаттайын деп отырған жоқпын. Мен тәрізді талай жылдан бері осы салада бар өмірін, күш-қайратын, талантын сарп етіп келе жатқан журналистиканың «қара нарлары» көп. Солардың еңбектері неге еленбейді? Мен соған налимын. Бізді қорғайтын, осы әділетсіздікті жібермейтін министрлік осы бір мәселеге көңіл бөліп тұрса құба-құп болар еді, шіркін!

Ертай Айғалиұлы