Президент билік бермек, енді сен де сілкін, азаматым!

Елбасы Үндеуі — елді жаңғыртуға деген қадам

Ақпарат ғасырының қуат-күшінің ғаламаттығы сондай, қазақ Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың өткен аптадағы халыққа жасаған Үндеуін ғаламға жариялап тастады. Сол-ақ екен, барша әлемнің аузын айға білеген саясаткерлері мен журналистері «Жерден жеті қоян тапқандай» Елбасы Үндеуін қазанға салып келіп жіберді. Бүгінге дейінгі Қазақияның жетістіктері мен кемшіліктерін жіпке тізген сан түрлі пікірлерден, мақалалардан көз сүрінеді. Президенттік биліктің жақсылығы мен жамандығын сараптап, Парламенттік биліктің үстемдігін тамсана айтқандардың бәрі Қазақияның тыныштық үшін қандай бастамаға да баратынына шүбәсіз сенетіндерін білдіріп жатыр. «Аштық не жегізбейді, тоқтық не дегізбейді» деген қазақ неткен данышпан еді! Олар тойып секірсе, біреулер тоңып секіріп жүр емес пе?.. Жә делік. Өзгенің қаңсық пікірлеріне таңсық болмай-ақ қоялық. Бізге қазақ билігінің «омпы» түскен мезеттерін, «шік» болған кезеңдерін, «алшы» түсіп алшайған уақыттарын, «бүк» түсіп бүріскен тұстарын бағамдап отырған өз сая-саткерлеріміздің пайымдары да азық болуға жарайды. Алысқа ат арытып қайтеміз. Және де «Сырт көз — сыншы» десек те, Қазақияның ішкі саясаты мен географиялық орналасуын, жергілікті жұрттың түсінігі мен менталитетін, тоғышар басшылардың пенделік психологияларын, «тонның ішкі бауындай» болған жанашыр, халықшыл азаматтардан асырып кім айта алады? Осы байламға тоқтап, елге белгілі дейтін қайраткерлердің ой-толғамдарына көз жүгіртіп отырдым. Көңілім қоңылтақсып қалды. Баяғы ескіден қалған жарамсақ ұран көп. Құрғақ сөз мол. Болбыр түсінік жалпылама. Жайдақ «ура» алақайлаған… Татымсыз пайым басым көрінді. (Осылай алдыға түсіп алып борбайлап шабатындар қалмай-ақ қойды-ау…).

%d0%bd%d3%99%d0%bd

Көпке топырақ шашпайын, мемлекет басшысының билік тармақтары арасындағы өкілеттіктерді қайта бөлу жайлы көзқарасын тарқатуға тырысқандар да жетерлік. Оларға рақметтен басқа не айтарсың?! Ашығын айтайық, Елбасы Үндеуіне үмітін үкілеп, халқы тағатсыздана күткені сөзсіз. Өйткені әлем жұрты шошына әңгімелеп жатқан дағдарыс салқыны біздің еліміздің де түндігін түріп, туырлығын «тулатып», есігін солқылдата қағып жатқаны шындық. Қанша дербес мемлекетпіз дегенімізбен, алпауыт Америкадан ескен «самалмен» тыныстап отырғанымыз өтірік пе? Доллар мен мұнайдың көтеріліп түсуі де олардың көңіл күйіне байланысты секілді көрінеді маған. Оның сыртында билік төңірегіндегі ахуал, кландар арасындағы тартыс, жоғары қызметтегі басшылардың тұтқындалып жатуы қарапайым жұрттың мазасын қашырмайды дегенге кім сенеді? Жоқ әлде, олардың бәрі көрсоқыр, парықсыз, білімсіз тобыр ғана ма? Осы жағын да ескергені абзал-ау биліктегілердің… Бұған тағы бір қосарым, соңғы жылдары Парламенттің беделінің түсіп кеткені жанға батады. Оған жер туралы заңның шикілігі, кешегі тіркеу туралы заңның халықты әбігерге салғанын айтсам да жетіп қалар. Кім айтса да бас шұлғи беру кімнің өрісін кеңейтсін? Көңілжықпастық пен бейтараптық Үкімет пен Парламенттің де, атқарушы билік өкілдерінің де осал тұсы болып тұрғаны өкінішті! Білімді, салиқалы, ұстамды депутаттар жоқ деуге аузым бармайды. Бар. Бірақ қарасы да мол емес, қадау-қадау. Амал қанша, «бір құмалақ бір қарын майды шірітіп жатқан» заман ғой бұл. Қанша жыл отырғанда бір селт етпей, бір сілкінбей, бұғып отыру депутатқа ғана емес, азаматқа тән қылық па? Ондайлардың өрескел әрекеттері сенімге селкеу түсіріп отырғанын айтатын кез жетті ғой. Мұның бәрін ел Президенті білмей отыр, көрмей отыр деу қисынға келмейді. Әйтпесе Парламенттің құзырын кеңейтуді сөз қылмас еді ғой. Оның да уақытының жеткенін сезді ғой, қайтесің… Сондықтан Елбасының жаңа Үндеуінен жаңашылдық күту — келешекке деген сенімді, болашаққа деген бағытбағдарды түйсіну — міндетіміз. Бірден айтайын, Елбасының Конституциялық реформалар туралы Үндеуі елді жаңғыртуға бағытталған маңызды қадам болып саналады. Билік тармақтарының өкілеттіктерінің ауысуы мемлекеттік басқару жүйесінің жақсаруына оң әсер етеріне шүбәм жоқ. Оған дәлел ретінде өзім түйсінген біраз жайтты тарқата айтайын.

Халық пен биліктің арасының алшақтауына кім кінәлі?

Министрден бастап, жергілікті жерлердегі əкімдер биліктің өкілі десек, олардың іс-әрекеті арқылы халықтың билікке деген көзқарасы қалыптасатыны белгілі. Демек, алдағы уақытта екшелеуден өткен азаматтар ғана жоғары лауазымға келеді. Бұл — құптарлық қадам.

Мен басшылық жасайтын (директордың орынбасарымын) «Қазақстан ZAMAN» газетіне 25 жыл толды. Осы уақыт аралығында жылда арнайы бір тақырыпта Елбасының Жолдауын басшылыққа алып, еліміздің барлық алыс-жақын елді мекендерін бірнеше мəрте аралап, орын алған түйткілді мəселелердің оң шешім табуына жол аштық. Атап айтқанда, еліміздің 14 облысы мен Алматы, Астана секілді мегаполистерін қосқанда, 50-ге жуық қалалар мен 168 ауданды, 5 мыңға жуық ауылдарды араладық. Барған жерлеріміздің жетістіктері мен кемшіліктерін үнемі газет бетіне бере отырып, бұқара халықпен тығыз байланысымызды үзбедік. Айтқым келгені: «Қоғам қайраткері» деген жауапкершілігі зор, аты дардай құрметті арқалап, «Қазақстан ZAMAN» секілді үлкен газеттің жүгін көтеріп, еліміздің бар аймағын аралап жүріп, көп нәрсені көрдім. Жақсыны да, жаманды да. Өркендеуді де, кері кеткенді де. Жанғанды да, өшкенді де. Оны, әрине, жай ғана көзбен емес, аналық мейірімге толы жүрекпен сезінудің жөні бөлек. Елмен араласқанның бір жақсы жері: халықтың мұң-мұқтажымен танысасың, айтар уәждерін сараптайсың. «Халық айтса, қалып айтпайтынына» куә боласың. Енді мұның жаман жері де бар: ол халықтың көзқарасын жоғары жаққа жеткізе алмай пұшайман күйге түсу. Оны өз басымнан кешіргесін айтып отырмын. Мен секілді қалың жұрттың аманатын арқалап алып, оны діттеген жеріне жеткізе алмай жүргендер қаншама. Осыдан асқан сорақылық бар ма? Жеке басымның емес, қоғамның пікірін білдірейін деп, ел аралау барысында кейбір (Бәріне күйе жақпайын, ұлтжанды, жақсы азаматтарға да сөз тиер) облыс әкімдерінің емен есіктерінің алдында мүсәпір болып отырған кезіміз көп. Бәзбір министрлердің өткелі көп есіктеріне бір бас сұғуды армандап әлі жүрміз. Жақсы әкім, тәуір министр жадырап қарсы алып, айтқан сыныңды парасаттылықпен қабылдайды. Қорытынды шығаруға асығады. Қуанып қаласың. Бұлар Президентке адалдығын, халыққа жақындығын көрсетуге тырысқан кейпі. Жаман әкім, нашар министр тұнжырап қарсы алады. Дікілдеп сөйлейді. Сөзіңді жүре тыңдайды. Сыныңды ұрғаны бар. Бұлар Президенттің нағыз қас-жаулары. Олардың әрбір жағымсыз ісі — Ақордаға лақтырылған тас-кесек. Өйткені халық бірінші осындай басшыны сайлады деп Президентті кінәлайды. Оның командасын даттайды.

Депутаттардың көбісі ұйықтап отырса, біразы кеңеске қатыспайды. Орыстілді қазақ өз елінің тарихын оқымай, тілін білмей, қазақ халқының жағдайын түсінбейді. Сенатта «қазақта Отан болмайды» деген уәзірлер отыр. Өзге ұлттың тілін сөйлеген өзге ұлтқа қызмет жасайды. Міне, осылар беттерін халыққа енді бұрмаса, жылы орындарын босатуын талап етуіміз қажет. Халық қой емес жүнін қырқа беретін! Халық — қыран, аңға салсаң, аңды алады, болмаса аңшының өзін алады! Реформа керек! Министрлер, әкімдер, депутаттар да мемлекеттік тілден, қазақ тарихынан емтихан алып, ант қабылдату керек дейді қалың ел. Біздіңше, осылай істегенде ғана анау отыз елдің қатарына тұра аламыз.

%d1%81%d2%b1%d0%bb%d1%82%d0%b0%d0%bd%d0%be%d0%b2

Үкіметті қанша кінәласақ та, аймақтарға қомақты қаржы бөлуді жылдан-жылға көбейтіп келеді. Алайда бюджетті сауатты жоспарлауды, ұқсатып жұмсауды көптеген басшылар игере алмай жүр. Осындай біліксіздікке, өресіздікке қанатын кең жайған жемқорлықты қосыңыз. Сосын жағдай қалай оңалсын! Ақиқатын айтар болсам: әлі күнге ауызсуы жоқ, мектебі құлағалы тұрған, жолы ойқы-шойқы ауылдардың несібесін біліксіз, жемқор, қайырымсыз, тоғышар шенеуніктер жеп жатыр. Бұл Президентке жаны ашыған адамдардың ісі ме? Президент осылай жасаңдар деп пәрмен бермеген шығар? Сосын, атқарушы билік өкілдерінің бәрiне тән бір ғадет: Президенттiң аузына қарап, «осы кiсi не айтады» деп телміріп отыруға бейімділік. Өз бетімен қарекет жасауға талаптанбаған басшыны, қазақтың жалпақ тілімен «Сүйреген тазы қоян алмайды» деп қыжырта салу оп-оңай. Тағы бір бойларынан сылып тастайтын жаман әдеттері: кішкентай бала сияқты «Елбасының тапсырмасымен», «Елбасының тапсырмасын орындау үшiн» деген сияқты жалбаң сөзге иек артып алғандары. Сонда қалай, Президент тапсырма бермесе, қолдарын қусырып отыра бермек пе? Әркiм өз мiндетiн орындауы қажет қой, сонда ғана қоғам өзгеріп, халықтың түйткілді мәселелері шешіледі емес пе? Егер тапсырма орындау үшін ғана билік берілсе, ол орынға кез келген ақыл-есі дұрыс адам отыра алады ғой. Осындай жағымпаз-жалпаңдардың кесірінен билік пен халықтың арасы алшақтап барады деген қаңқу әңгіме қоғамда жиі айтылып жүр. Жел соқпаса, шөптің басы қозғала ма? Бұл шындықты газеттің білдей басшыларын әзер қабылдайтын лауазымды шенеуніктер қайтсін?!

20150918172556

Жалтақтықтан арылмасақ, «баяғы жартас — бір жартас»…

Елбасы Үндеуіндегі ең жағымды жаңалық — заң жобасындағы мемлекеттік бағдарламалардың енді Үкімет тарапынан дайындалуы мен оның атқарылуына жауапкершілік министрлер кабинетінің мойнына жүктелуі. Жаңа заң жобасы бойынша енді мемлекеттік бағдарламалар, оның ішінде ең маңыздысы және күрделісі саналатын әлеуметтік және экономикалық бағдарламалардың атқарылуына Үкімет толығымен жауап бермек. Жалпы жаңа заң жобасында тек Президенттің жауапкершілігі ғана алынып тасталады. Яғни бағдарламаның жобасын дайындаған Үкімет оны Парламенттің мақұлдауына жіберіп, соңында Президент оған қол қояды. Бұрын бағдарламаның дайындалуына Президент араласатын болса, қазір мемлекет басшысы бұл міндеттен босатылмақ. Шіркін, осының бәрі Елбасы ойлағандай жүзеге асып жатса, халықтың қалауын тапқанмен тең емес пе? Қорқыныш: осындай жауапкершілікті бүгінгі біздің Парламент орындай ала ма? «Арық атқа қамшы ауыр» болып жүрмей ме? Сірә, Парламент қатарына кез келген емес, ел патриоттарын, нағыз мамандарды тартса, «баяғы жартас — сол жартас» болмауы әбден мүмкін. Елбасының Конституциялық реформалар туралы Үндеуін саралай келе мынадай ой түйдім. Қазақстан зайырлы мемлекет ретінде мұқым дүниеге белгілі. Оған ешкім дау айта алмас. Тәуелсіздіктің ширек ғасырында әлемдегі кейбір мықты мемлекеттердің ғасырлап өтетін жолынан өтіп, қай жағынан алсаңыз да тамаша табыстарға жеткеніміз әуелі Алла, содан соң Елбасымыздың сындарлы саясаты, оған тіреу болған халқымыздың ынтымағында дер едім. Осындай жағдайды малданып қала берудің түбінде зардап шектіретінін бажайлаған Президент Конституция мен заңдарға өзгеріс енгізу арқылы билік тармақтарының өкілеттіктерін қайта бөлу мәселесін күн тәртібіне қойды. Бұл да данышпан саясаткерге тән мінез. Шынында да, алғашқы кезде әркiм өз бетiмен жан-жаққа шапқылап кететiн кезде қауiп-қатер мол болды. Сондықтан билiк тұтас бiр қолда болуы керек едi, шашыратпау керек болатын. Ендi жайлап 25 жылдан кейiн билiктi өкiлеттi органдарға бөлiп-бөлiп беру қажеттігі туды. Бiрақ бөлгенде де, бәрiбiр бiз Президенттiк басқарудың мемлекетi болып қаламыз әзірше. Өйткені бірден бұл міндеттемені алып кетудің өз қиындығы бар. Сосын, кім біледі, Президент Үкіметке өзінің өкілеттіктерінің бір бөлігін бере отырып, оларды сынайын деп отырған шығар. Үндеуге мұқият назар аударсаңыз, Нұрсұлтан Әбішұлы Президенттің әлеуметтік-экономикалық процестерді реттеудегі біршама өкілеттіктерін Үкіметке және басқа да атқарушы органдарға берген жөн екендігін айтады. Екіншіден, одан да күрделі міндет — билік тармақтары арасындағы қарымқатынасты конституциялық деңгейде теңгерімді етуді ұсынып отыр. Осы реформаның аясында Үкіметті жасақтаудағы Парламенттің рөлі күшейтілмек. Парламент сайлауында жеңген партия Үкімет құрамын анықтауға түбегейлі ықпал ететін болады. Бұл сол сияқты министрлер кабинетінің өкілетті билік алдындағы жауапкершілігін арттырады. Сонымен қатар, биліктің заң шығарушы тармағының атқарушы билікке бақылауын күшейтеді. Айтылған екі бағыттың қай-қайсысы да жауапкершілік пен кәсібилікті арттыру арқылы мемлекеттік басқару тиімділігін күшейтеді. Демек, Елбасы Парламентке үлкен сенім артып отыр деген сөз.

Қоғамдық талқылауды алаламай өткізсек қана жетістікке жетеміз

Жоғарыда халықпен көп араласатынымызды, олардың ой-пікіріне үнемі үңілетінімізді айтқан болатынмын. Сондықтан «Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ» деген принципті ұстанып, халықтың бұған көзқарасын айтпай кетсек, арға сын.

Халық айтады: О баста Парламенттің билігі халықтың билігі болуы керек еді, солай болды да. Кейін заңға өзгертулер енгізу арқылы ол жойылды. Бүгінгі Парламентті, ондағы депутаттарды біз сайлаған жоқпыз. Біз партияларға ғана дауыс бердік. Яғни тағайындалған депутаттар кімнің сөзін сөйлеп, сойылын соғатыны туралы бұл ретте тон пішіп, құмалақ ашып жатудың өзі артық шығар дейді. Елдің тілегін жеткізу біздің басты мұратымыз болғандықтан, көптің қалауы осыған саяды. Қазір жаһандану жаңғырығы есігіңізді іштен құлыптап алсаңыз да, терезеңізден үңіледі. Жайбасарлыққа салынсаңыз, көш соңында қалдырып кетеді. Осының бәрін ой елегінен өткізген мемлекет басшысы еліміздің келешегін одан әрі нығайту үшін осындай қадамға барып отырғаны сөзсіз. Осы орайда айтқымыз келгені: Президент нақтылаған екі бағыт мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыратындығы дау тудырмайды. Сондықтан жұмысшы тобына қоғамдық талқылауға шығарылатын сұрақтарды барынша зерттеп, қоғамда белсенді азаматтарды шақырып, әр істі нақтылаған жөн болар еді. Тағы айтамын, тиісті жұмыс тобына тәуелсіз ой иелері міндетті түрде енуі тиіс. Өйткені халық арасында «ұсыныстарды кім талқылап жатыр?» деген сауал тумай қоймайды. Өкпе-реніш те осы арада туындауы бек мүмкін. Билікке бір табан жақын кешегі-бүгінгі шенеуніктер ме, әлде ел ішінен шыққан беделді тұлғалар ма? Мұның осы реформаның өміршеңдігіне, ел қолдауына ие болуына, не болмаса ие болмауына өз әсерін тигізері хақ! Өйткені атамыз қазақ: «Келісіп пішкен тон келте болмас» деп бекер айтпаған болар… Менің білуімше, Президент ұсынған бұл өзгерістерді Үкімет қазіргі Парламенттің сессияның аяғына дейін Парламентке енгізуі тиіс. Демек, Парламенттің бұл өзгерісті қабылдауға «ғұмыры» немесе күш-қуаты жете ме? Жоқ әлде жаңа құрам жасақтала ма? Бұл да өзекті мәселе болғалы тұр. Біздіңше, Парламент бұл өзгеріске дайын емес. Қайта жасақтау қажет болар. Заман бір орында тұрмайды ғой. Мың құбылуда. Жаһандық қауіпқатерлер әлемдегі мықты саналатын талай мемлекеттердің қабырғасын күйретпегенімен, айтарлықтай зардабын тигізіп жатыр. Үндеудегі байламда Елбасы реформаларды уақытында қабылдауды ұсынып, еліміздің болашағын кемел етудің тетіктерін ұсынды. Онда баршамыз атсалысып, кем-кетікті түзейік, оны толықтыруға ұмтылайық.

ПІКІРЛЕР ТОҒЫСЫ

Президенттің Үндеуі жүзеге асу үшін бұл Парламент те тарауы қажет

                             5855217ae5b8eamirzhan_kosanov   дос-көшім

Әміржан Қосанов, саясаткер: — Президенттің осындай бастама көтеруінің өзі Парламент пен Үкіметтің бүгінгі рөліне берген саяси баға деп білу керек. Әншейінде аяқ астынан өз еркімен тарай салатын Парламент те ендігі жерде «Елбасының реформасына кедергі жасамайық» деп, өзін-өзі таратып жіберсе, нұр үстіне нұр болар еді. Содан соң, көппартиялық негізде, ашық та әділ сайлау барысында жаңа Парламент сайлап алуымыз қажет. Және де қазіргі жағдайда саяси партиялардың абыройы айрандай төгіліп, ел алдындағы беделі жоқтың қасы боп тұрған кезеңде, қоғам қазанында бұрқырап қайнап жатқан ойлар мен идеяларды Парламент мінбесінен орынды да орнықты түрде жеткізе алатын, ол жаңалықтарды нақты заңдарға айналдыра алатын саяси күштер мен тұлғаларды сол Парламентке енгізу керек. Оның екі жолы бар: не партияларды түбегейлі жаңалау, не бір мандаттық округтер арқылы Парламентке жеке тұлғалар сайлана алатын мажоритарлық жүйені енгізу. Депутаттардың жартысын халық, жартысын партиялар сайлап алса, құба-құп болар еді!

Дос Көшім: — Қазақстанда көп партиялы жүйе орнамай жатып, сайлауды партиялық жүйеге ауыстырды. Одан гөрі, әр округтен бір мандат дейтін жүйе сәл де болса демократияға жақын еді. Өйткені халықта таңдау болатын. Қазір біз кімге дауыс бергенімізді білмейміз. Сондықтан классикалық көп партиялы жүйе орнамай жатып, қолдан жасалған партияларға билікті беріп қойғанмен, ол халықтың Парламенті болып есептелмейді.

ТҮЙІН: Мемлекет басшысы 25 қаңтар күні билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу бойынша Қазақия халқына Үндеу жасады. Көптің аты — көп. Біреуге ұнап, біреуге ұнамауы да кәдік. Бірақ дамыған елдердің сапына қосылуды мұрат еткен «бағдаршам жанып тұрғанда», саяси реформаға сәйкес, Президенттің әлеуметтік-экономикалық процестерді реттеудегі біршама өкілеттіктерді Үкіметке және басқа да атқарушы органдарға беруі — заман талабы. Сонда ғана, жоғарыда айтқанымыздай, «Президенттің айтуымен», «Елбасының тапсырмасымен» деген жалтаң, жалтақ сөздерден құтылып, Үкімет пен министрліктер және әкімдіктер барлық ісіне өз басымен жауап беретін кезең тумақ. Бірақ дәл осы жерде зор қауіп бар. Шүкір, қазір биліктің тұтқаларында кілең қазақтың азаматтары отыр. Ал қазақ қолына биліктің тізгіні түссе, өзгеріп шыға келеді. Біз жоғарыда билік пен халықтың арасы алшақтап кеткенін айттық. Егер мына пәрменді биліктер қолдарына тисе қалай болмақ? Осындайда Абай бабамыздың «бас-басына би болған өңкей қиқым» деген сөзі еріксіз еске түседі. Бұрын қолдарына билік тимей тұрғанның өзінде солай болған еді, енді не болмақ?» деген ой мазалай береді. Мұның бәрі ананың нәзік ой иірімдерімен айтылып отырғанын сіздер жақсы ұғасыздар деген сенімдемін.

Сөз соңында айтарым: жеке Президенттік басқару бола ма, жоқ әлде Парламенттік Президенттік басқару бола ма, менің ойымша, әзірше ештеңе өзгермейді. Бұл реформа толық өзгеріске алып келетін болса, ол демократиялық институттардың Қазақияда толық қалыптасуына жағдай туғызар еді. Ол үшін жақсы бастаманың өміршең болуын тілейік. Президенттің өзі бүгінгі әлемнің өзгергенін, қазіргі заманның дидары басқаша болып отырғанын айтып отыр. Енді міне, мұндай өзгерістер дүниежүзінде өріс алды және біздің елді де қамтыды. Осыған сәйкес Отанымыз дәстүрлі қоғамнан гуманистік қоғамға қарай бет бұрды. Бұндай ерекшелік Үндеуде баса айтылды. Жалпы, Қазақия әлемдік құбылыста өз орнын алу керек, ал бұл үшін біз өзгеруге тиіспіз, ағайын!

Сәуле Мешітбайқызы,

ҚР Еңбек сіңірген қайраткері