ПРАЙМЕРИЗ-АЙТЫС!

Таяу күндерде партиялық праймериз басталады. Осы сөз шыққалы маған талай азаматтар байланысып, бұл жүйенің қыр-сырын сұрап жатыр. Аталған партияішілік тұлғаларды ашық таңдау тәсілі демократиялық құндылықтар қалыптасқан елдерде саяси дәстүрге айналған. Ал «Nur Otan» партиясы Төрағасының бірінші орынбасарлығының тізгінін қолға алысымен Бауыржан БАЙБЕК осы жобаға бірден кірісті. Бастамаға сай орталық аппарат тың тәсілді түбегейлі зерделеп, пилоттық жобада өткізіп, әбден пысықтады.

Праймериздің нақты қандай ережемен өтетіндігін Бауыржан Қыдырғалиұлы партияластардың арасында кеше алғаш рет Түркістан қаласында айтты. Облыс әкімінің орынбасарлары, аудан-қала әкімдері мен филиал басшылары, бастауыш ұйым жетекшілерінің алдында саяси мақсаты мен мән-мазмұнына айрықша тоқталып, таныстырылым жасады.
Бір сөзбен айтқанда праймериз дегеніміз айтыс. «Nur Otan»-ның барлық деңгейдегі тұлғалары науқан басталғанда ел ортасына шығып, қоғамды дамытуға арналған бағдарламасымен таныстырып, ашық пікірталасқа көшеді. Нәтижесінде кім көп дауыс алады, сол аудандық, облыстық мәслихат пен Мәжіліске депутат атану құқығын иеленеді. Әрине, бұл алғышарттан бөлек, әңгімелесу, тест тапсыру, бюрода қарау сынды талаптардан да өтуі тиіс. Қысқасы мұндай ашықтық қатарымызды шынайы халықшыл азаматтармен толықтыруға толық мүмкіндік туғызады. Алдағы наурыз айындағы Саяси кеңестің отырысында жаңа ереже бекітіліп, халыққа жариялануы тиіс.

Аталған жиында Түркістан өңірінде Праймеризді өткізу дайындығы туралы айттым. Партиямен байланысын үзген 8 мыңдай мүшені қатарымыздан шығарып, белсенді тұлғаларды тартып, саяси науқанға жан-жақты әзірлігімізді жеткіздік.
Аймақтағы 90 мыңдай «нұротандық» 230-дан астам бастауыш ұйымдарға топтасып, жаңа жобаны жоғары деңгейде атқаруды пысықтаудамыз. Қазірдің өзінде резервке тіркелушілер көбейді. Бұл облыстағы жалпы 280-нен астам мәслихаттағы депутаттық орын үшін үлкен көрсеткіш. Ендеше жақында жаңа қадамдарды бірге жасаймыз.

Бейсен Тәжібаевтың
фейсбук парақшасынан