ПОЙЫЗДАҒЫ МАХАББАТ
Жас кезінде аса көрікті, айдай сұлу болмаса да, жігіт жүрегін жаулап алар сүйкімді, қылықты қыз болғаны құрдасым Шынардың жүріс-тұрысынан, сөйлеген сөзінен, сыны кетпеген бет-әлпетінен әлі де болса байқалып тұрады. Қырықтың бел ортасынан асса да өңін бермеген біз білетін Шынардың жас кезінде талай жігітті өзіне ғашық етіп, есінен тандырғаны анық. Әлі де сылқ-сылқ күліп, қасын кербездене қағып, қайынсіңілілеріне: — Ағаларың әлі күнге дейін ғашық қой, маған, -дейді ерке-назы өзіне жарасып. Әдемі әйелдің жас кезінде қандай болғаны, қанша жігіттің оған хат жазып, соңынан жүгіргені жастарға қызық.
Зәуіде басымыз қосыла қалса; арамыздағы жастау, еркетотай келіншек Жайнагүл:- Апайлар, қызық болсын, алғашқы махаббаттарыңыз жайлы айтыңыздаршы,-дейді үзіліп. — Өзім ешкімге ғашық болып көрмеппін. Інілеріңіз көшеде кетіп бара жатқан жерімнен тоқтыша топ еткізіп, түсіре салды ғой үйіне. Сүйген-күйгеннің не екенін де білмей қалдым,- дейді тағдырына өкпелі жанша аузын бұртитып.
Мұндайда Шынар шыдамай: — әй, сіңілім, асылық сөйлеме сен өйтіп, бағың зор екен қайта, менің ініме жолыққан. Жігіттің төресі ғой, біздің Қайрат! Небір қыздар сыртынан ғашық болып, көзін сатып үздігіп жүргенде, бәле екенсің қайта, бойың бір тұтам болып алып, біздің жігітті құрығыңа түсірген. О, несі-ай, жүдә!-деп ойын-шыны аралас жақын інісін кәдуелгідей қорғаштап, шамданып қалады.
Сол Шынарымыз бір күні өзінен — өзі ағынан жарылып, іштегі сырын ақтарып жеңілдегісі келді ме, жоқ әлде жастық шағын еске түсіріп, сағынышты күндерін санада тірілткісі келді ме, кезекті бір басқосуымызда: — Алғашқы махаббатыңыз болды ма, жігітке қанша жасыңызда ғашық болып едіңіз, жастық дәуреніңіз есіңізде ме?, — деп сұрап қоймадыңдар ғой, жүдә?! Жан адамға сыр етіп ашпаған бір құпиям бар еді, жүрек түкпіріне сақтаған. Сол сырды ақтарып, бір шер тарқатайыншы бүгін,-деді.
— Он жетіден, он сегізге қараған, ауылдан бір қадым да алысқа ұзап көрмеген, албырт та аңғал, балаң қыз едім сол 1972-ші жылдары… Арман жетегінде «оқуға түссем»,-деген үмітпен ару қала-Алматыға жол тартып бара жатқанмын. Мен мінген вагондағы (плацкарт) купеде екі орыс жігіті мен бір қазақ жігіті бар екен. Қазақ жігіт менімен қатар астыңғы орынға жайғасып, көрші болды. Ұлты басқа орыс жігіттерінің бізбен ісі жоқ, темекілерін шегіп, тамақтарын ішіп келеді де, үстіңгі орынға шығып алып, бір-бір кітапты ұстап жата кетеді. Ал, мен болсам ұяңдығыма басып, жан адамға тіл қатпай, тіпті жол сөмкемдегі тамағымды алып ішуге де ұялып, терезеден сыртқа қараған күйі отыра бердім. Қанша отырарымды кім білсін, үнсіздікті сол бейтаныс жігіт бұзбаса…
— Қарындас, жол әлі ұзақ. Танысып, білісіп отырайық. Менің есімім Тимур болады. Оралдың жігітімін. Ал, сіз қай жақтансыз?-деп әңгімеге икемдеді. Алғашында үркектеп, сұрақтарына қысқа-қысқа жауап беріп отырсам да, біртін-біртін жұмсақ көзқарасымен, қарапайым мінезімен жандүниемді баурап, өзіне үйіріп алған сол жігіттің ырқына жығылып бара жатқанымды да аңғармаппын. Жігіттің жол сөмкесінен бөлек төсектің бұрышына сүйеп қойған гитарасы бар екен.
— Ән айтасыз ба?,-деген сауалыма жұмсақ жымиып: — Тыңдағыңыз келсе, сізге бір ән айтып берейін,-деді де, гитарасын баяу шертіп, жүрек қылын қозғар бір ән бастады. Бұл ән-сол кездегі жастардың аузынан түспейтін, қазіргі тілмен айтсақ, «хит» болған жаңа ән еді.
Тұмарым, ай-ай, Тұмарым,
Аясаңшы, менің сүйген Тұмарым,- деп келетін. Неге екені белгісіз; Тимур сол әнді айтып отырды да, қайырмасындағы «Тұмарымды» менің атыма өзгертіп, «Аясаңшы, менің сүйген Шынарым!»-деп аяқтағанда, екі бетім ду етіп, тілім байланғандай бір белгісіз күй кештім. Жанға жайлы қоңыр дауыспен сол әнді жүрек қылын шерте баяу орындаған Тимурдың қиыла қараған жып-жылы жанары жүрегімді ерітіп бара жатты. Ішкі аласапыран сезімімді сездірмеген болып, сабыр сақтасамда, қою түнге қарай қасыма отырып, құшағына аялай қысқан сол жігіттің қолдарын қағып тастай алмадым. Пана іздеген торғайдай, бауырына тығыла бердім. Жігіт қандай мейірбан, жайсаң мінезді болса да жаны мұңлы еді.
— Әке-шешем бесінші сыныпта оқып жұрген кезімде жол апатынан қайтыс болып, үлкен ағамның қамқорлығында болдым. Бала емеспін бе, ата-анамның мейірбан құшағын аңсап, махаббаттарына шөлдеп өстім. Әке-шешесі бар адамдар қандай бақытты шіркін! — деп күрсініп салғанда жүрегім аяныштан елжіреп, көзіме жас тығылды.
— Екеуміз де оқуға түсіп кетсек, керемет болар еді-ау, шіркін! Жұбымыз жазылмас еді. Бір-бірімізден адасып қалмайықшы, Шынар?!-деді, көздерінің нұрын төгіп. Сол көздер қандай аяулы еді?!! Мейірім, шуақ, нұр тұнған сондай көздерді содан кейін көрмеген тәріздімін.
Тимур өлең де жазады екен. Қойын дәптерінен сырлы сезімге тұнған жырларын оқығанда аспанда қалықтағандай әдемі әсерге бөлендім. Бәрінен де аялай құшып, ең алғаш рет ернімнен сүйгені көп жылдарға дейін елес болып, көз алдымнан кетпей қойды. Түнде түсіме кіріп, әдемі сәттен айыққым келмей, көңіл ояу, көз жұмулы жата беретінмін.
Сол жылы бағым жанып, оқуға түстім. Студенттік жылдардың жастық дәуренге тиесілі небір тәтті кездерін бастан кештік. Көрікті жігіттердің құшағында тербеліп, би биледік. Ұзақ түнге сырласып, таңды көзбен атырған сәттер де болды. Несін айтасың; «махаббат қызық, мол жылдардың» естен кетпес базарлы шақтары өтті ғой бастан.
Сонда да болса; сол бір пойыз үстіндегі кездесу, сол бір жүзінен жылылық, көзінен шуақ төгілген қараторы жігіттің ыстық ерін табы ойыма түссе, әлі күнге денем ду ете қалғандай сезімді бастан кешемін. Әттеген-ай, неге ғана сол кездесуіміз жалғасын таппады екен?! Неге ғана бір-бірімізді жоғалтып алдық?!! Жолымыз ақыры түйіспейді екен, онда тағдыр неге бізді жолықтырды?-деген сауалдардан ойым ойран болып, өкініштен өзегім өртеніп жүрді.
Өкініштің басты себебі: екеумізде де белгілі тұрақ жоқ еді. Жатақхана жағы тағы белгісіз. Мен бір ауылдас ағайынның үйіне тоқтайтынымды айттым. — Құжаттарымды тапсырып болған соң қалайда жатақханаға шығамын ғой,-дедім оған. Ол болса қимастықпен жүзіме шарасыз кейіпте қарап:-Шынар, мен сені жоғалтып алмайын, олай болған күнде өкініштен « у» ішетін шығармын. Ағайыңның үйіне орналасып алған соң, тура екі күннен кейін, күндізгі сағат 11-лерде «Алматы» қонақүйінің алдында жолығайық. Жарай ма? Мен сені қанша күт десең де, тапжылмай сол жерде күтетін боламын. Ұмытып кетпе әйтеуір, сол кездерде белгілі тұрақ та болып қалатын шығар менде,- деген.
Тағдыр қоспайын десе, жолымызды түйістірмейін десе бәрінің де өзінен — өзі қиюы қашады екен ғой.«Кездесеміз» деген күні сыртқа шыққалы жатқан маған жеңгем Нұркәмила:-Шынар, бүгін ешқайда кетпе! Үйге қонақ келгелі жатыр. Мен тез барып азық-түлік алып келейін, ал сен, бөлмелерді тазалап шық!-деді. Тілім байланып, табаныма тас байлағандай тұрып қалдым.«Кездесуім бар еді»,-деп айтуға батылым жетпеді. Өтірік сылтаудың қисынын тағы келтіре алмадым. Шарасыз халде, көзіме жас тығылып, өкініштен ішім өртеніп қала бердім. Сол кездесуге бара алмадым. Сол дәрменсіздігім үшін де жылдар бойы өзімді кінәлаумен болдым.
Одан кейінгі күндерде: сол қонақүйдің маңайын қанша шарласам да, кешке дейін күдерімді үзбей сол жерде тапжылмай отырсам да, Тимурды кездестіре алмай қойдым. Автобуста да, көшеде де жан-жағыма алақтап, елеңдеп, елегізіп, жүрдім. Қарсы алдымнан шыға келетіндей болады жарқырап…
— Қайдасың, Тимур?! Қай жерде жүрсің сен, бала махаббатым!-деймін, жүрегім өртеніп. Өкінішке орай; Тимурды сол пойыздағы кездесуден кейін мүлдем жоғалтып алдым. Жаны мұңлы, жолы ауыр жігіт қой. Оқуға түспеген де болар?… Алматының ішінде жүрсе, бес жылда бір рет кездеспеуі мүмкін емес қой…
… Бес жыл. Бес жыл студенттік дәуреннің естен кетпес, албырт та аңғырт, шаттыққа толы күндерін армансыз тамашаладық. Небір жігіттер «махаббат жырын» арнап, соңымызда жүрді. Дәуренге (жолдасын айтып отыр) өлердей ғашық болмасам да, бір белгісіз күш магнитше тартып тұратын. Ақыры үй болып, тағдырымызды қостық. Құдайға шүкір, ішкені алдында, ішпегені артында,-дегендей бақытты отбасылардың біріміз. Тағдыр маған Дәуренді адалынан жолықтырды. Әлі күнге «сенің мұның қалай?»-деген емес. Тату-тәттіміз. Еш өкінішім жоқ. Нағыз бақытты жар, бақытты анамын мен. Бәрі де; «алғашқы махаббат» деген әңгімеден басталды ғой. «Ұнаттық»,-деген талай жігіт ойдан өшіп, аты-жөні ұмытылып кетсе де, жүрегімнің бір түкпірінен ойып тұрып орын алған, әлі күнге еске алсам, балаң қалпында жылы жымиған күйі көз алдыма бейнесі келетін Тимурдың не құдіреті бар? Сірә да; «алғашқы махаббат» деген сол шығар. Иә, қыз болып қылық көрсетіп, ең алғаш жігіт құшағында елтіген сол бір күн, сол бір жігіт алғашқы махаббатым еді менің! Қайда жүрсе де аман болып, бақыты жанса екен, сол жігіттің! Менің тілейтінім сол ғана,-деп аяқтады әңгімесін Шынар.
Ал біздер; Шаһаризаданың кезекті бір әңгімесін тыңдағандай ұйып, өзге дүниені ұмытып, әдемі әсерге елітіп кетіппіз.
АЛ, СІЗДІҢ «АЛҒАШҚЫ МАХАББАТЫҢЫЗ» ЕСІҢІЗДЕ МЕ?!!
Автор: Қалдыгүл МҰРАТОВА