Поэзия және билік

Кітап бетін ашпайды неге дәулер,
«Керегі жоқ темірдің итке»,-десет.
«Ел байлығын тонайық одан дағы,
Не боламыз жан қамын күйттемесек?»

Қытайдағы ескі «Таң» дәуірінде,
Поэзияны білмесе нәлет деген.
Тапсыратын емтихан поэзиядан,
Өтпей қалса, ондайды дәу етпеген.

Поэзияны сүйгендер таза болып,
Көтерілген биікке көңіл деген.
Елдің мүлкін қымқырып қалар болса,
Тең болған ед, білсеңіз өлімменен!

Поэзиядан жақсылар қашар болса,
Жүрегінде мейірім жоққа айналат.
Қатқан жүрек ақыры тас болат та,
Тас жүректер елім деп соқпай қалат.

Онан дағы қызығы… Бөрі біткен,
Болмайды екен арыстан, жолбарыстай.
Көкжал бөрі циркке үйренбейді,
Ар-намысы ол үшін қорғаныштай.

Елдің рухын көтерер намысты ұлдар,
Ұмытпайды киелі жердің барын.
Ұятсыздар бәрін де, бәрін сатат,
Намыстылар ойлайды елдің қамын…

Адам рухын емдейді ақын деген,
Айтар болсам жырымның аудармасын.
Ел тірегі – поэзия, түсінсеңдер,
Рухы әлсіз бейшара дәу болмасын!!!
Аударған Саят Қамшыгер

Қырғыз ақыны Атантай Акбаровтан аударма
Саят Камшыгер Atantay Akbarov фб парақшасынан