ПМУ студенттері Еуропада тілдік курстардан өтті  

С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің студенттері DAAD германиялық академиялық алмасу қызметі ұйымдастырған «Жазғы жоғары оқу орындарының курстары» шәкіртақылық бағдарламасының қатысушылары атанды. Бұл туралы ЖОО-ың баспасөз қызметі хабарлады.

Бүгінде DAAD шамамен 130 студенттік ұйым мен 200 неміс университетінің басын қосқан. «Жазғы жоғары оқу орындарының курстары» бағдарламасы Германиямен танысып, неміс тілі бойынша білімдерді жетілдіруге бағытталған.

Экономика кафедрасының үшінші курс студенті Виктория Казакова Бельгия және Германияның жанында орналасқан Ахен қаласында курстардан өтті. Студенттің айтуынша, шәкіртақы неміс тілі курстарынан өтуге мүмкіндік беріп, осы елдің мәдени ерекшеліктерімен танысуға жол ашты.

— Бұл — Еуропаға алғашқы сапарым. Түрлі мемлекеттердің азаматтарымен достастым. Біз түрлі интернационалдық кештерге қатысып, бір біріміздің ұлттық тағамдарымыздан дәм таттық. Сонымен қатар, ортағасырлық сәулеті бар ауылда болдық. Париж, Амстердам, Брюссель қалаларының сұлулығына да тәнті болдық, — дейді Виктория.

Есеп және аудит кафедрасының үшінші курс студенті Луиза Ибрагимова өз саяхатын Германиядағы федералдық жерлердің астанасының бірі Дюссельдорф қаласынан бастады.

— Неміс халқы — қонақжай әрі мейірімді. Шәкіртақыға ие болған көптеген студентпен танысып, достасып алдым. Курстар бір демде өтіп, білімімізді молайтуға сеп болды. Ең бастысы тілдік кедергілерді жеңе білдік. Сапарымыз барысында тіл білу бүкіл әлемді танудың кілті екенін түсіндік, — дейді Луиза.

Луиза вудиториялық сабақтардан бөлек Кёльн, Париж, Брюссель және Амстердам қалаларын да аралады.

Әлихан Рахметоллаұлы