ПМУ студенті әлем рекордын жаңартты

Финляндияның астанасы Хельсинки қаласында 14-19 мамыр аралығында өткен пауэрлифтингтен классикалық жатқан қалыпта сығымдап көтеруден әлем біріншілігінде С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті химиялық технологиялар және жаратылыстану факультетінің студенті Кирилл Тезичев топ жарды. Күштік үшсайыста бақ сынаған ол 93 келілік салмақ дәрежесі бойынша әлем чемпионы атанды.

Жалпы есеп нәтижесі бойынша қазақстандық спортшы студент жасөспірімдер арасындағы жатып сығымдау бойынша алтын медальге қол жеткізді. Кирил Тезичев салмағы 210,5 келілік штанганы көтеріп, әлемдік рекордты жаңартты. Бұған дейінгі рекорд 205 келі салмақ деңгейінде болатын. Осылайша Кирилл Ұлыбритания мен Франция елдерінен келген спортшыларды артта қалдырып, алтын медальге қол жеткізді.

Кирил Тезичев – халықаралық санаттағы спорт шебері. Ол бұл дәрежеге 2016 жылы Ташкент қаласында өткен жатып сығымдап көтеруден Азия чемпионатында қол жеткізген. Ауыр атлетикамен бес жыл бойы айналысып, осы уақыт аралығында биік белестерді бағындырды. Жас спортшы бұған дейін республикалық біріншіліктер мен Азия құрлығындағы чепионаттарда жүлделі орындарға ие болған.

Талапты жас облыс орталығындағы химия-механикалық колледжді аяқтап, Павлодар мұнай-химия зауытына жұмысқа тұрған. Қазіргі кезде ол зауыттағы баяулатылған кокстау қондырғысының 4-ші цехында технологиялық қондырғылардың операторы болып жұмыс істейді. Білімін шыңдау мақсатында өткен жылы С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетіне оқуға түскен Кирилл Тезичев оқуды да, жұмысты да, спортты да қатар алып келеді.

Әлихан Рахметоллаұлы