Пітір садақаның сырын білесіз бе?

Пенде емеспіз бе, қасиетті Рамазан айында ораза ұстап жүріп те өтірік айтып, ғайбат сөйлеп, біреуді ренжітіп аламыз. Бұл нәрселер оразаны бұзбаса да, оның сауабын кемітеді, ораза ұстаған адамда күдік тудырады. Берген пітір садақамыз осы айда ұстаған оразаның кем-кетігін толтырып, қате-кемшіліктерін жояды. Біздің ұстаған оразамыз бен жасаған ізгі амалдарымыз көктің қақпасында орта жолда тұрып қалады екен. Құл қашан пітір садақасын берсе, сонда ғана амалдарына қанат бітіп, Раббымыздың құзырына қабыл болуға көтеріледі. Сол жерде иесін күтіп отырады.

Пайғамбарымыз айтады: «Адамның ұстаған оразасының сауабы пітір садақа бергенге дейін толық болмас». Пітір садақа беру — уәжіп, ол төрт түрлі нәрседен берілу керек: бидай, арпа, құрма, мейіз. Бұлардың бағасы жергілікті базардағы нарықпен есептеледі. Діни басқарма бидайдың бағасымен есептеп, 200 тг деп шешсе де, егер құрманың бағасымен есептесек, 10 000 теңгенің жобасына шығып қалар еді. Сондықтан 200 теңгемен шектеліп қалмай, асырып беруге тырысайық. Себебі пітір, бұл — жанның садақасы. Бір рет беріп қоя салмай, айт намазы уақытына дейін тағы да, бірнеше рет беруден артық сауапты іс жоқ.

Құранда: «Сүйген нәрселеріңді Алла жолында жұмсамайынша, әсте жақсылыққа жете алмайсыңдар», — делінген («Әли имран» сүресі, 92–аят). Ақиқатын айту керек, намаз оқу жеңіл, ораза ұстау да оңай. Ал, бірақ маңдай теріңмен тапқан ақшаңды біреуге беру, өзің сүйген, ұнатқан нәрсені беру нәпсіге ауыр. Осылай жасау арқылы нәпсіні қинап, Аллаға жақындаймыз. Кезінде бір сахаба ауырып жатып балық жегісі келіпті. Дастарқанда жылына бір рет қана қойылатын мұндай қымбат асты туыстары жер түбінен іздеп тауып, пісіріп дайындап жатыр екен. Сол кезде бір міскін қайыр садақа сұрап есікті қағып келмей ме Сонда сахаба басын көтеріп: «Оған балықты беріңдер, себебі менің жаным қазір балықты қалап отыр. Жақсы көріп тұрған нәрсемді Алла үшін бермесем, иманымның толық болмағаны», — дейді. Пітір садақа беру күнделікті қажетінен артық байлығы нисапқа жететін ер мен әйелге, сәби мен қарт мұсылмандарға бірдей міндет. Тіпті құрсаққа біткен бала үшін де пітір беру керек. Пітір Рамазан айының ішінен бастап, Айт намазына дейін беріледі. Айт намазынан кейін берсе, жай садақа болып қалады. Хазіреті Осман пітір садақа беруді ұмытып, Айт намазынан кейін бір құлды сатып алып, азат етеді. Бір құлдың бағасы мың доллардан жоғары тұратынын шамалаңыз. Осы жағдайын пайғамбарымызға айтқанда: «Ей, Осман, сен жүз құлды азат етсең де, пітір садақаның сауабын таба алмайсың», — дейді.

Пітір садақасының сауабы туралы Пайғамбарымыз: «Кім пітір садақасын берсе, ол пендеге Алла Тағала жақсылық береді», — дейді. Бұл қандай жақсылықтар десек:

1. Тозақ отынан азат болар.

2. Барлық күнәларынан тазарар.

3. Тұтқан оразасы қабыл болар.

4. Ол кісіге жәннатқа кіруге уәжіп болар.

5. Алла тағала ол кісінің осы жылғы істеген ізгі істерін қабыл етер.

6. Қиямет күні пайғамбарымыз шапағат етер.

7. Сират көпірден найзағайдай жарқ етіп өтер. 

8. Тұтқан оразасы қор болмас.

9. Мизан таразысында сауап жағы басым болар.

10. Ол кісінің аты сауап кітабына жазылар.

Мирас Кесебаев