ПІЛДІҢ, КРОКОДИЛДІҢ БАЙЫРҒЫ АТТАРЫ

Қазақ тілінде үнемі қолданыста келе жатқан адамды таң-тамаша ететін кейбір сөздер аты қалып, заты жойылған ежелгі аң-құстарымыздың аты болуы мүмкін.
1. Қолғ, Құлғ. Қолқылдау, қолпылдау деген етістік пілдің екі құлағының қолқылдағанына байланысты. Біздің құлақты құлақ деп атайтынымыз, кей өңірде құлақтан ағатын затты құлғ десе, кей жерде бұлғ дейді. Түрік қағанаты кезінде ұлы деген сөзді құлы деп атайды. Әрбір қаған өзін дәріптеп осы атауды пайдаланады. Ұлы деген сөз де үлкен деген сөзге арналған. Ендеше, ежелгі тілде құлғ, құлы, волғ(бұлғ) деп айтылып, бүгінгі тілде ұлы, бұлғ, ұлық, Олег деп айтылып жүрген атау пілге арналған. Пілдер Қазақ даласында жасаған. Жылудың оңтүстікке аууына сай пілдердің мекені оңтүстікке қарай өзгеріп отырған. Араб-парсылардың тілді фил деп атауы ежелгі түркілердің волғ, бұлғ, ұлық деген сөздерінен қабылдағаны анық.
2. Сұғанақ. Крокодилге арналған атау. Сұғанақтық жасау деп рұқсатсыз кіріп кетуді, шапқыншылық жасауды айтады. Сұғыну деп үшкірейген дүниенің енуін айтады. Бұл — крокодил. Ол үшкірейген тұмсығымен жағаға шығып аң-құстардың шоғырына сұғанақтық жасап тап береді. Сұғ сөзі су сөзінің келесі бір көне нұсқасы. Сұғнақ сөзі бірте-бірте сұғанақ болып айтылған. 20 ғасырдың басына дейін Сыр бойы мен Іле бойында крокодилдер көптеп жасаған. Сыр бойындағы Сығанақ қаласының атауы осы крокодилмен қатысты болуы мүмкін. Шежіре бойынша мұнда Сунақ ата мекендеген. Бұғы, Бөрі деген аңдардың атауын адамдарға есім қылып қоятынымыз секілді крокодилдың атауы Сунақ аталардың аты ретінде қойылса керек. Араб-парсылар крокодилды тмсах деп, яғни көне түркілік тұмсық деген сөзбен атайды. Егер сұғанақ сөзін құмырсқа жегіш деген хаюанға арналған сөз дейтін болсақ, біздің ана тілі қоржынымызда кебіс деген тағы бір сөз бар. Кебіс — кеуіп калған қатты тандыр сияқты крокодилдың терісіне үйлеседі. Сонымен бірге ежелгі уақытта кебістер крокодил терісінен жасалып, үлгісі де оның тұмсығына ұқсатылған. Кебіс дегеніміз бәтіңкенің қазақы атауы. Қазіргі уақытта да бай адамдар кебісіне крокодил терісін қолданады. Бірақ, сөз төркінін індете берсек кебістің кеміс, қуыс деген нұсқалары шығады. Кеміс болу себебі бітеу емес, ортасы тесік, аяқ сұғылатын жері бар дегені. Сондықтан, біз сұғнақ, сұғанақ сөздерімізді бұдан көрі әлдеқайда сенімді деп қараймыз. Арыстан, аю көп жердің аттары Арыстанды, Аюлы болса, үкісі көп жердің аты Үкек болса, Сұғнақ, Сұғанақ сөзіндегі соңғы ақ, их жалғауын алып тастасақ, Сұғын, Суған деген крокодилдың төл аты шыға келеді. Көнешесі Суған болған Суан руының таңбасын қараймыз. Суан руының таңбасының алды біздей үшкіл крокодил тұмсығы сияқты сызық тартылады, ортасына дөңгелек сызық қойылып крокодил құрсағын білдірсе, оның әрі жағына қиғаш сызық сызып судан шығып келе жатқандағы қиғаш жатқан құйрығын бейнелейді.
3. Көнеше — Боғван(Боғбан, Бұқпан, Вогван), Боғра(Бұғу). Жаңаша Божбан, Божырай(Ожырай, Ажырай).
Бегемотқа арналған атау. Іле өзенінің басқы саласы болған Күнес өзенінің жартасындағы көне тас сызбаларға бабаларымыз бегемоттың суретін қашап қалдырған. Қазір ол Қытайда ерекше жабық қорғау нысанына жатады. Біздің бір адамды беті бұжыр-бұжыр дейтініміз, божырайған қара деп айтатынымыз, оны тек қара адамдарға арнайтынымыз, божбан қара деп айтатынымыз, ажырайып немесе ожырайып қарамашы деп бетін тырыстырып, көз терісін жиырып жаман көзбен қараған адамға ескерту жасайтынымыз осы бегемоттың бұжыр беті, қара түсі, көзінің айналасына қаратқан атауымыз. Ал, божбан сөзінің көне нұсқасы бұқпан. Божырай сөзінің көнесі бұғырай, бұғыр, бұғу. Бегемоттың судан басын шығарған күйі суға қайтадан бұғып алатынын еске алыңыз. Біздегі ж дыбысының қолданысына мың жыл уақыт болды. Бірақ, бұл атаулардың Божбан, Ожырай руларымен тікелей қатысы жоқ. Сөздің қазіргі айтылуы мен ежелгі нұсқасы, өзгерген нұсқалары деген болады. Ожырайдың Ошыбай, Ожыбай деген ескі нұсқасы барын, Божбанның Боғ уаң, Яғни құдай тағайындаған билеуші деген ескі сипаттарын түсінуіміз қажет.

Көкбөрі Мүбарак Қизатұлы