Пендені қорлама дейді. Жалпы ештемені қорлауға болмайды.

Бала кезімде, мал ауылда бір түйешімен көрші тұрдық. Апаның атын ұмытыппын, көкенің аты Мүкір еді. Шын атыма, әлде бүкірейген түріне қойылғанба, мен ес білгелі аты Мүкір еді. Сол кезде жасы елуден асқан болсада, бала шағада, бәріміз сол атымен атайтынбыз. Ол ренжімейтін. Жас бала көрсе, елпілдеп қуанып кететін. Қалтасынан қырық жылғы кәмпиттерін шығара бастайтын. Әбден күнге еріп мыжылған кәмпит, кір кір құрттарды алақанына салып алып, мә, мә деп қалтамызға тықпалайтын.
Оның кәмпиттерін жеуге жиіркенетінмін, бірақ көңілімді өзіме белгісіз мүсіркеушілік, аяушылық оянып, басқа балалар алмай жатқанда, өзімше қуанған түр жасап,алатын едім.(Кейін алыс қырдың астына, құмға көметінімді ол қайдан білсін)
Мен қолындағысын алғандағы кейпін көрсеңіз, бейне бір үлкен сауапты іс тындырғандай,өзініңде бір әжетке жарағанына марқайып, қап қара жүзінен күлкі көрініп қалатын. Күс-күс қарайған қолымен, үрпек шашымды сипайтын. Сүю деген ол кезде жоқ. Тым жақсы көрсе, менің күн сасыған, апталап жуылмаған, жуылсада, айран мүңкіген шашымыздан құшырлана иіскейтін.
Айдалада мал ауылда баланын ойын мен ойдан басқа ермегі жоқ қой. Ойнап жүріп сол кісінің үй жағына жақындап кетсек, үйінен үлкен әйелі шығып, баж ете қалатын. Бетпақтың кең даласы бір өзіне тарлық етіп, бізді қой қайырғандай тырқыратып қуатын. Бала мен ит қорыған жерге өш емеспе, соның жеріне барып ойнағымыз келетін. Жер дейтіндей қоршап қойған ештемесі жоқ, қорамен үйдің ортасын сыпырып қояды, сол жерді қорып әлек қой .
Мүкір барда ештемеден қорықпаймын. Есігінің алдына адам келсе, көлік келсе, жас бала ұқсап үйінен атып шығатын Мүкір, жолаушы кеткенше, елпектеп жанында жүреді. Бірақ ол кісі ешкімге үйге кір деп айтпайды. Себебі олай десе, ана көкемнің айтуынша, мың торғай қамаса, бір торғай тұрмайтын үйінде соғыс болады. Оның қолынан келетіні, сол жүгіріп шығып, құлдыраңдап жүру.
Кейде біздің үйге келеді. Әкем дереу қазанға ет салғызып, шай қойдырады. Төрге көрпеше салдырып, екі жастық береді. Адамға сырбаздық, кісілік қанмен, тәрбиемен келмесе қиын ғой, Мүкір байғұс төрдеде кісі болып отыра алмайтын еді. Есік жаққа сырғып, екі қолын қайда қоярын білмей, қипақтап, біреу: кәне, төмен түс, төрге неге шығасың деп ұрсатындай жаутеңдеп,сұрқы кететін. Ондай кезде, әкем тізесінен басып, басын шайқайды.
Әкемнен жасы кіші болсада, көкем сіз деп Мүке деп, анамның іш, же деген сөздерінен кейін, жүрегі орнына келіп, басылатын.
Үп үлкен адамның жас балаша қопаңдағаны, маған түсініксіз әрі қызық. Ол кісі кеткенше, әрбір қимылын бағып, кейде езуіме күлкі үйіріліп, бала емеспінде, еріксіз жыртыңдай қалсам, әкем сұсты қабағымен қарағанда, табаным табалдырықта жалтырайтын.
Күздің қара суығы түскенде, ойда жоқ жерде,әкем екеуміз сол кісінің үйіне кірдік.
Үйдің іші қаракөлеңке екен. Малшылар түстік ішетін уақыт болсада, темір пештері жағылмаған, азынап тұр. Шақырылмаған қонақ, сырырылмаған жерге отырады деген рас екен, нанның қоқымы, қи ма, темекінің қалдығыма өңкей қоқымнан көрінбейтін кигіздің үстімен төрге оздық. Төрге төселген көрпешеден біздің Ақжол иттің көрпешесі таза.
Әкем бір тізерлеп отырды, мен құрым құрым, қиқы жиқы жиналған төсекке сүйендім.
Сәл ертелеу барған екенбіз, біз шай ішіп болғанда Мүкір кірді. Суыққа домбыққан жүзі қарауытып кетіпті.
Келіп дөңкиіп жатқан қатына қарады. Ол орнынан жайлап тұрып ортаға тостақпен тамақ әкелді. Түндегі көже екен. Бетіндегі майы суыққа тоңып қалыпты. Жас бала болсамда ананы жылыту керек екенін біліп тұрмын. Егер біздің үйде солай қойсаң, әкем тостақпен басқа жіберер еді. Мүкірде әйеліне айқайлайтын болды ау деп қипақтай бастадым. Бірақ содан кейінгі көргенім өмір бақи көз алдымнан кетпейді.Әйелдің кердеңі мен кесірі сұмдық екенін мәңгі есте сақтадым.
Тоңып тұрған көжені алдыда, біз келгенде қойылып, жылымшы болып қалған аққұмандағы шайды тостаққа құйып, араластырып жібердіде Мүкірдің алдына қойды. Жылы су құйып жылытқан түрі екен.
Ананы көріп, көзім атыздай болды. Кеудемнің оң жағында бірдеме шым етіп, көзіме жас келді. Мүкір көке ағаш қасығын алып, әлгі көжені іше бастады. Азаннан кеткеннен түске талып көрген өзек жалғары ғой, қайтсін байғұс.
Менің өзіне жалтақтап, үрпиіп тұрғанымды байқадыма, әкем қолынан тартып тізесіне отырғызды. Келген шаруасын тез тез айттыда,мені жетектеп сыртқа шықты. Көкемнің ондайға шыдамайтынын білеміз, бірақ неге үндемегеніне таң қалдым. Есейе келе, ерлі зайыптының ортасына түсетін ессіз болғысы келмегені шығар деп ойлайтынмын.
Жарықтық ол кісі о дүниеге кеткелі қашан?!
Иманды болсын. Ал әйелі беріде, менің көкемнен кейін кетті. Алыс жақыннан кейде естіп қаламын, әйелі байғұс өлерінде ыстық тамақ іше алмапты. Тамақтан обыр. Не ішседе жылымшы етіп ішеді екен.
Кейде жанындағыларға, ыстық шай, ыстық сорпа ішкім келеді деп айтады екен. Бірақ жұта алмайды. Солай екі үш жыл жатып, кетіпті.
Оны естіген менің көз алдыма, бір кездері мұздай сорпаға, шай тұмбасын араластырып, жылыды деп жолдасына беріп жатқан әйел келеді. Өмір қандай ә, ештеме жауапсыз емес. Бәрініңде сұрағы бар. Алма кезек дүние.
Гүлмира Затайқызы.